«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТЕМІР ЖОЛ: ОЛАР –ҚАУІПСІЗДІККЕ ЖАУАПТЫ

ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫ САНАЛАТЫН ҚАНДЫАҒАШ ТЕМІР ЖОЛЫНЫҢ БОЙЫ ҚАЙНАҒАН ТІРШІЛІКТІҢ МЕКЕНІ. БҰЛ ЖЕРДЕН КҮН САЙЫН ТОННА-ТОННА ЖҮК ӨТІП, МЫҢДАҒАН ЖОЛАУШЫ ӘР БАҒЫТҚА САПАР ШЕГЕДІ. СОЛ ЖҮК ПЕН ЖОЛАУШЫЛАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН КҮН-ТҮН ДЕМЕЙ КҮЗЕТІП, ТӘРТІПСІЗДІК ПЕН ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕУ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АРТЫЛҒАН ЗОР МІНДЕТ. АЛ ӨЗДЕРІНЕ АРТЫЛҒАН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ҚАЛАЙ АТҚАРЫП ЖҮР? МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ҚАНДЫАҒАШ СТАНЦИЯСЫНДАҒЫ ЖЕЛІЛІК ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БІР КҮНДІК ЖҰМЫСЫН КӨЗІМІЗБЕН КӨРІП ҚАЙТТЫҚ. ЕНДЕШЕ, ТҮРЛІ ОҚИҒАЛАРҒА ТОЛЫ ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ЖҰМЫСЫН БІЗДІҢ «РЕПОРТАЖ» АЙДАРЫНАН ОҚЫҢЫЗДАР.

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ 1336 ШАҚЫРЫМДЫ ҚҰРАЙТЫН ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНА ЖАУАПТЫ
Бұл жерде жұмыс уақыты ерте басталады. Тәртіп сақшылары кезекші бөлімнен қару алып, жұмыс күнінің мақсаттары мен міндеттері туралы тапсырмалар алады. Бірі теміржол вокзалы мен теміржол бойының қауіпсіздігін бақыласа, енді бірі пойызға мініп, бекітілген аймаққа дейін тәртіпсіздікті болдырмау үшін іссапарға шығады. Мекеменің кіреберісінде орналасқан кезекші бөлімнің қызметкерлері мекемеге келген жандардың құжатын қарап, түрлі тексерістен өткізіп, жедел түскен телефон қоңырауларына жауап береді. Темір жол бойында қандай да бір оқыс оқиға орын алса, ол алдымен осы кезекші бөлімге түседі. Содан кейін барып, оның әкімшілік не болмаса қылмыстық ісіне қарай басқа бөлімдерге жолданады. Қандыағаш ст. ЖП бөлімі бастығы, полиция полковнигі Мұратбек Байсақаловтың айтуынша, бөлім қызметкерлері ұзындығы 1336 шақырымды құрайтын Қандыағаш станциясынан Сексеуіл станциясына дейін, Никельтау станциясы жағынан Орал теміржол бөлімшесімен, Қостанай облысымен шектесетін Әйтеке би станциясы және Атырау облысымен шектесетін Сағыз станциясына дейін теміржол бойына қызмет етеді.
— Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барша тәртіп сақшыларына жүктелген ортақ міндет. Біздің көлік полицейлері қауіпті аймақ саналатын теміржол нысандарының қауіпсіздігін күндіз-түні қамтамасыз етіп жүр. Біздің қызмет көрсету аймағында 59 станция, 31 разъезд бар. Оның 28-і вокзал. Сонымен бірге жедел бағынышта 7 желілік полиция бөлімшелері бар. Олар — Жем, Шалқар, Шұбарқұдық, Никельтау, Әйтеке би, Қарауылкелді, Тассай. Қандыағаш ст. ЖПб қызмет атқару аймағы бойынша барлығы 16 жолаушылар пойызы, 137 жүк пойызы аялдап өтеді, — деді Мұратбек Дәуренұлы.
Ал аталған мекеменің штаб бөлімшесінің бастығы Айгүл Дайырова Қандыағаш ст. ЖП бөлімінің жұмысы ҚР Конституциясы аясында бұйрықтар мен ережелер бекітілген нұсқаулық негізінде жүзеге асырылатынын жеткізді. Штаб бөлімше бастығына есепке алу-тіркеу, тәртібін бақылау тобы бағынады. Сонымен қатар кезекші бөлімге жетекшілік етіп, бөлімше қызметкерлерін лауазымға тағайындау және босату жөніндегі ұсыным хаттарды қарайды.

ЖОЛ БОЙЫНДА ҰРЛЫҚ ТА, БАС БҰЗАРЛЫҚ ТА ОРЫН АЛАДЫ
Теміржол бойында сапар шеккен жолаушылар қандайда бір қауіпке душар болса, осы жерге келіп, арыз-шағым қалдырып, көмек сұрайды. Аға тергеуші, полиция майоры Гүлмира Аккатова қазір теміржол аймағында ұрлықтың көп екенін айтады. Cондай-ақ әйелдерді зорлауға әрекет жасау, зорлау, төбелесу секілді қылмыстық оқиғалар да тіркеледі.
— Жолаушылардың жеке заттары жиі жоғалады. Олар пойыздарында бағалы заттарын, оның ішінде ұялы телефондарын қараусыз қалдырып, не болмаса қуаттағыш та қалдырып, жоғалтып жатады. Тексеріс барысында көп жағдайда ұрлыққа қасында келе жатқан адамның кінәлі екенін анықтап жатамыз. Сонымен қатар әйел адамдарға зорлық-зомбылық көрсететін жағдайлар да тіркеледі. Белгіленбеген теміржол аймағында жүріп, пойыз астына түсіп, қайғылы оқиғаға тап болып жататындар да бар. Орын алған оқиғаларды анықтау үшін екі тараптан да түсініктеме алып, тергеу жұмыстарын жүргіземіз. Бір жылдың ішінде орташа есеппен теміржол бойында 130-140 қылмыстық іс тіркеледі, — деді аға тергеуші Гүлмира Аккатова.

12 ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ
Бекітілген кесте бойынша желілік полиция бөлімінің патрульдік жасағы жолаушылар пойыздарына патрульге шығады. Құжаттарды тексеру барысында азаматтығы жоқ өзге елдің азаматтарының да анықталып жататын кездері болады. Ондай сәттер анықталған жағдайда Қандыағаш станциясындағы желілік полиция бөлімі көші-қон қызметі тобының инспекторы Ләйла Анес ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517, 518, 519 және 496 баптарына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын жеткізді.
— Біздің міндетіміз — күнделікті жолаушы пойыздарына патрульдеу жасағымен шығып, құқық бұзушылықты анықтау және жолын кесу. Жыл басынан бері көші-қон тәртібін бұзған 12 шетел азаматы жауапкершілікке тартылды. Олардың барлығына да әкімшілік айыппұл жазасы тағайындалды. Бүгінгі таңда шетелдік пойыздардың ішінде Самара-Бішкек жолаушылар пойызы ғана жүріп жатыр. Себебі коронавирус індетіне байланысты өзге елдің пойыздары әзірге тоқтап тұр. Алдағы уақытта шетел пойыздары өз жұмысын бастайды, — деді Ләйла Қуанышбайқызы.

700-ДЕН АСТАМӘКІМШІЛІК-ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ
Қандыағаш станциясындағы желілік полициясы әкімшілік полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Самал Құрманованың айтуынша, теміржол бойында қылмыс пен құқықбұзушылықты болдырмау үшін «Транзит», «Мигрант», «Дәрмек», «Қызметтік қару», «Стоп трафик», « Құқықтық тәртіп», «Бекіре» т.б. тақырыптарда жедел профилактикалық іс-шаралар өткізіліп тұрады. Жоғарыда аталған іс-шаралар аясында осы жылы 700-ден астам әкімшілікқұқықбұзушылық анықталған.
— Теміржол бойында жүріп ішімдік ішіп, масаң күйде жүрген 119 адамға, теміржол қозғалысы қауіпсіздігін сақтамаған 315 адамға , белгіленбеген жерде сауда жасаған 39 азаматқа, ұсақ бұзақы — лық жасаған 17 адамға құқықбұзушылық фактісі бойынша іс-қағаздар толтырылды. Сонымен бірге осы жылдың бес айы ішінде 193 әкімшілік-құқықбұзушылық жасағандарға 2 млн 300 теңге көлемінде айыппұл салынып, оның 1 млн 240 мың теңгесі өндірілді, — деді полиция майоры Самал Ерсайынқызы.

ВОКЗАЛДА ЖҮРІСІ КҮДІКТІЛЕР ТЕКСЕРІЛЕДІ
Жұмыс барысында вокзалдың бірінші қабатындағы полиция бөлімшесіне де бас сұқтық. Бұл жерде кезекшілікте тұрған полиция қызметкерлері Әбілмансұр Баймұхан мен Асхат Наван темір жол саласында жұмыс жасайтын жұмысшыға құжаттарын алып, ескерту жасап жатыр екен. Себебін сұрап едік: «Теміржол саласында жасайтын кез-келген адам көзге шағылысатын, арнайы жылтыр белгілері бар киіммен жүруі қажет», — деп жауап берді. Олар вокзал маңында жүрген азаматтардың жүрісі күдік тудырған жағдайда құжаттарын тексеріп, ескерту жасалатынын айтады. Жолаушылар мен келушілердің масаң күйде жүруі, белгіленбеген жерде шемішке шағуы, темекі тартуы — қоғамдық тәртіпті бұзу болып табылады.
— Кей уақыттарда қоғамдық орын да тәртіп бұзған адамдар айыбын мойындамай жатады. Біз ондай кезде вокзал маңында орнатылған бейне камераларға жүгінеміз. Сол арқылы олардың іс-әрекеттерін дәлелдейміз. Монитордан теміржол аумағы түгелдей көрінеді. Бұл камералар қылмыстың алдын алуға, қауіпсіздіктің сақталуына, бұзақылық, ұрлық сияқты қылмыстардың дер кезінде ашылуына көп көмегін тигізеді. Бір рет ережені бұзған адамға ескерту беріледі. Егер бұл әрекеті бір жылдың ішінде тағы да қайталанса, айыппұл салынады. Соңғы енгізілген өзгертулерге байланысты құқық бұзушы айыппұлды жеті күннің ішінде төлейтін болса, елу пайыз жеңілдікпен өтейді, — деді Әбілмансұр Баймұхан.

АЙҒАҚТЫҚ ЗАТТАР ҚЫЛМЫСТЫҢ БЕТІН АШАДЫ
Репортаж барысында Қандығаш станциясындағы ЖПб криминалисті Жанкелді Алтынбаевпен де әңгімелестік. Ол теміржол торабында жиі орын алатын қылмыстарды ашудағы криминалистің рөлі жөнінде айтып берді. Темір жол бойында қылмыстық оқиға тіркелген жағдайда тергеу және жедел уәкіл криминалистері оқиға орын алған жерге барып, дәлел болатын айғақ заттарды жинақтап, оқиға орын алған жерді алдымен фотоға, сосын видеоға түсіретінін айтты.
— Темір жол вокзалдарында түрлі дәрежеде құқық бұзушылықтар орын алып жатады. Кейде вагондардың терезелерін сындырып кететін жағдайлар да кездеседі. Қылмыс орын алған жердегі саусақ іздерін анықтайтын арнайы бояу құрылғылары болады. Айталық рубин ұнтағын қолданамыз. Біздің басты міндетіміз айғақ болатын заттардың барлығын жинақтап, терезе, есік тұтқаларынан және өзге заттардан саусақ іздерін аламыз. Күдіктінің саусақ іздерін өздеріміздің тәсілдеріміз бойынша анықтап, оны сканерлеп, арнайы базаға енгізіп, саусақ иесін анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Барлық дәлелді заттарды қылмыстық істің құжаттарына енгізіп, тергеушіге ұсынамыз, — деді ол.

«ДЖАНГОНЫҢ» КӨМЕГІМЕН КӨП ҚЫЛМЫСТЫҢ БЕТІ АШЫЛДЫ
Желілік полиция бөлімінде «Джанго» атты иісшіл ит те бар. Ол тәртіп сақшыларымен бірге есірткі заттарын іздеп, заңсыздықтың алдын алады. Кинолог маман Бекарыс Смағұлов ақылды «Джангоның» көмегімен көптеген қылмыстың беті ашылғанын айтады. Оның сөзінше, жыл басынан бері есірткіге қатысты 7 қылмыстық теріс қылық әшкере болған.
— Биыл наурыз айында осы иттің көмегімен жедел алдын-алу іс-ішарасын жүргізу барысында №29 «Алматы-Атырау» жолаушылар пойызында ірі көлемде есірткі заты тәркіленді. «Джанго» өз жұмысын адал атқарады. Оның жасы – 8-де. 2018 жылы Ішкі істер министрлігінің Конология орталығынан күшік кезінде алып келдік. 6 айлығынан бастап иісті жақсы сезіп, нәтижелі жұмыс жасап келеді. Сонымен бірге жыл сайын Алматы қаласына барып, арнайы тексерістен және иіс сезгіш тесттен өтіп тұрады. Түрлі ауруларға қарсы екпелерін де уақытында алады. Күніне бір мәрте өзіне арналған арнайы тамақпен тамақтанады. Қысты күндері ауырып қалмау үшін иммунитетін көтеретін витаминдер де береміз, — деді ол.
ЖАЛПЫ, ҚАЙ САЛАНЫ ДА , КЕЗ-КЕЛГЕН ЖҰМЫСТЫ ДА ІШІНЕН КӨРМЕЙ, ӨЗІМІЗ АТҚАРМАЙ ҚИЫНДЫҒЫ МЕН ҚЫЗЫҒЫН БІЛЕ БЕРМЕЙМІЗ. ЖУРНАЛИСТ РЕТІНДЕ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН БОЛҒАН БІР КҮНДІК ЖҰМЫС БАРЫСЫНДА ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ОҢАЙ ЕМЕС ЕКЕНІНЕ КӨЗІМІЗ ЖЕТТІ. МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ МЕН ҚОНАҚТАРЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖОЛЫНДА ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮРГЕН ЖЕЛІЛІК БӨЛІМНІҢ ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫНА СӘТТІЛІК ТІЛЕЙМІЗ!
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ, фото: Зайырбек ЕСЕНЖОЛОВ

Ұқсас ақпараттар

МЕДРЕСЕ ТҮЛЕКТЕРІН АУДАНҒА ШАҚЫРДЫ

admin_mugalzhar

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚ ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ЕМБІЛІК АРДАГЕРЛЕРДІҢ ЕРЛІГІ МЕН ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.