«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАН ӘКІМІ ЕСЕП БЕРДІ

ӨТКЕН АПТАДА АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЗЕКТІ СЕГІЗІНШІ СЕССИЯСЫ ӨТТІ. АТАЛҒАН ЖИЫНДА АУДАН ӘКІМІ ДАРХАН ЕРМАҒАНБЕТОВ ӨЗІНЕ ЖҮКТЕЛГЕН ФУНКЦИЯЛАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІНІҢ ОРЫНДАЛУЫ ЖӨНІНДЕ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНА ЕСЕП БЕРДІ. СЕССИЯҒА МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ БАХЫТЖАН КАДРАЛИН ТӨРАҒАЛЫҚ ЕТТІ.

АУДАН БЮДЖЕТІ АРТҚАН

Аудан әкімі алдымен аудан бюджетіне тоқталды. Оның сөзінше, 2023 жылдың қыркүйек айындағы аудан бюджеті 9,1 млрд теңгені құрап отыр. Ал 2022 жылы аудан бюджеті 8,1 млрд теңгені құраған. Өткен жылдың бекітілген бюджетімен салыстырғанда бюджет 981,7 млн теңгеге артқан. Аудан басшысы көлік инфрақұрылымын және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту, әлеуметтік нысандар салу, көгілдір отынмен қамтамасыз ету, кәріз жүйесі бойынша жасалып жатқан жұмыстар жайында айтып, ауданға тартылған инвестициялар туралы толық мәлімет берді.

Дархан Ермаганбетовтың айтуынша, осы жылдың тамызында аудан экономикасына 68,0 млрд теңгені құрайтын инвестиция құйылған. Ал жыл соңында ауданға 160 млрд теңге инвестиция тартылады деп күтілуде. 2023-2025 жылдар аралығында 150 млрд теңгеден астам қаржыға 7 ірі жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынады деп жоспарлануда. Сөз бағытын әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне бұрған аудан әкімі осы жылдың жылдың 7 айында ауданда тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталғанын мәлімдеді. 2023 жылдың 1 жарты жылдығында орташа айлық жалақы 18%-ға өсіп, 342 мың теңгені құраған. Өнеркәсіптің өсу қарқыны – 88,4%, инвестициялар – 81,1%, ауыл шаруашылығы – 102,9%, құрылыс – 166,5%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 101,9%, бөлшек сауда – 115,1%, көтерме сауда – 45,2% болған.

АУДАНДА 18 КӨШЕ ЖӨНДЕЛУДЕ

Аудан басшысының баяндамасында 2023 жылы ауданда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы саны 18 көшенің жөнделіп жатқаны белгілі болды. Көшелерді жөндеуге облыстық және республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Атап айтатын болсақ, Жағабұлақ және Саға ауылдарының кіре беріс жолы, Ембі қаласында 4 көше, Бірлік ауылында 4 көше, Мұғалжар ауылында 8 көшеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Біздің басты мақсатымыз ауыл тұрғындарының өмірін оңтайландыру. Алдағы уақытта елді мекендерге жол салу жұмыстары жүйелі жүргізілетін болады. Кешенді даму жоспарына сәйкес аудандық маңызы бар «Ембі-Бұлақты» бағытындағы және Темір көпір бекетіне кіреберіс автомобиль жолдарын жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге осы жылы 6 млн 600 мың теңге қаражат бөлінді. Бүгінде ЖСҚы әзірленіп жатыр. Сонымен бірге бүгінгі күнде Қандыағаш қаласының 14 Ембі қаласының 8 Жем қаласының 4 автомобиль жолдарын қайта жасақтау және құрылысын салу бойынша ЖСҚ әзірлеу жұмыстары жүргізілуде, — деді аудан әкімі.

Дархан Ермағанбетов ауылдарға алдағы уақытта ауылдарға салынатын көпірлерге де тоқталып өтті. Айталық, Бірлік ауылына кіреберіс автомобиль жолына көпір салу үшін жергілікті бюджеттен 16,5 млн теңге қаражат бөлінген. Қазіргі таңда жобалаушы мекеме анықталып жобалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарын «Каздорпроект» ЖШС-і жасайды.

«Ақкемер — Көтібар батыр — Көктөбе» бағытындағы автомобиль жолында көпір салуға жергілікті бюджеттен 1 млн теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда, өтінімдерді қарау жұмыстары жүруде. Ал Ащысай ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылына кіреберіс автомобиль жолындағы көпірді күрделі жөндеуге арналған жобаны түзетуге 6 млн теңге қаражат бөлініп, көпірдің техникалық жай-күйін қайта тексеру жұмыстары жүргізілуде, — деді Дархан Жанысханұлы.

КӘРІЗ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, аудан аумағындағы 70 мыңға жуық халықтың 47 мыңнан астамы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген. Аудандағы кәріз құбырының жалпы ұзындығы 90,2 шақырымды құрайды.

Аудан бойынша жоғарыда аталған кәріз жүйесінің 82,3 шақырымына жаңарту жұмыстары жүргізілді. Дегенмен кәріз жүйесіне қол жеткізе алмай отырған тұрғындардың бары жасырын емес. Айталық, Ембі қаласындағы 2373 абоненттің 585 абоненті ғана кәріз жүйесіне қосылған. Ал қалған 23 көшеде тұратын 1788 абонентке кәріз құбыры тартылмаған. Қазіргі таңда қосылмаған көшелерге кәріз жүйесін тарту үшін бастапқы деректер жинақталып, ЖСҚ дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге осы жылы Қандыағаш қаласында қысымды кәріз коллекторы және көлемі 150 шаршы метр болатын ағынды суларға арналған қосымша жерасты қабылдау резервуарының құрылысына облыстық бюджеттен 167 млн теңге қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде, — деді аудан басшысы.

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДА  ДАМУ БАР

Аудан әкімі өз баяндамасында кәсіпкерлікті дамыту бағытында, ауылшаруашылығы мен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

Кәсіпкерлікті дамыту бағытында аудан бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ауданға басшы болып келгелі мұнай саласы, ауыл шаруашылығы саласы, сауда, сервистік қызмет көрсету және пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласындағы 100-ден астам кәсіпкерлермен тікелей кездестім. Сонымен бірге ұлттық жоба шеңберінде 44 бизнес-жобаларға 1,5 млрд теңге көлеміндемемлекеттік қолдау көрсетілді. Оның ішінде субсидия бағыты бойынша жалпы соммасы 1 714,0 млн теңге 28 жоба және кепілдеме бағытында 16 жобаға 295,9 млн теңгеге қолдау көрсетілді. 2023 жылдың 7 ай қорытындысы бойынша тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің жалпы саны 5514 бірлікті құрап отыр, — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ ол ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан 52 мың гектар жерді қайтару жоспарланып отырғанын жеткізді. Бүгінде оның 31,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы да жүйелі жүзеге асырылуда. Осы жылдың 7 айында аудан бойынша 578,3 млн теңгеге 130 жобаның құжаттары тапсырылған.

88,2 ПАЙЫЗ ТҰРҒЫН КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Қазіргі таңда аудан тұрғындарының 88,2 % көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Мәселен, Ақкемер, Сағашилі, Басшилі, ТемірКөпір, Талдысай, Еңбек, Жағабұлақ, Саға, Қайыңды, Алтынды, Жұрын, Қаракөл, Елек, Бірлік, Құмжарған, Шеңгелші ауылдары толықтай газбен қамтамасыз етілген.

Құны 109,5 млн теңгені құрайтын Жаркемер ауылын газдандыру жұмыстары аяқталды. Бүгінде мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Мұғалжар ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді. Жақын арада барлық жұмыстар аяқталып, газ құбыры пайдалануға берілетін болады. Сонымен бірге Жарық ауылына ауыспалы кезеңмен газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталған ауылға жеткізуші және ауылішілік газ құбырларды жүргізуге бюджеттен 292 млн теңге бөлінді. Ал Жаңатұрмыс ауы-лын газдандыру үшін 94,1млн теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары басталуда, — деді ол.

Оның сөзінше, Ащысай ауылы мен Бұлақты ауылын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, газ құбырын тарту үшін бюджеттік өтінім берілген. Қожасай ауылына жеткізуші және ауылішілік газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, қазіргі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысы алынуда. Жоба құны шамамен – 2,9 млрд теңге болады екен.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

2198 ит ауланды

admin_mugalzhar

Асхат ШАХАРОВ: Санға емес, сапаға жұмыс істеу керек

admin_mugalzhar

ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІН НАЗАРДА ҰСТАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.