«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰЛТЫ БӨЛЕК, ЖҮРЕГІ БІР ОТБАСЫ

ҚАЗАҚТЫҢ КЕҢ ДАЛАСЫНАН ҚОНЫС ТАПҚАН ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІ БҮГІНДЕ ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ БІТЕ ҚАЙНАСЫП, ТІРШІЛІК ӨРБІТІП, ӨМІР КЕШУДЕ. ОЛАР ҚАЗАҚТАРМЕН ТУЫСТЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ОРНАТЫП, БІРІМЕН – БӨЛЕ, БІРІМЕН –ЖИЕН, ЕНДІ БІРІМЕН ҚҰДА-ЖЕКЖАТ БОЛЫП ОТЫР. ТАТУЛЫҚ ПЕН СЫЙЛАСТЫҚТАН МЫЗҒЫМАСТАЙ БЕРІК ҚАМАЛ ОРНАТТЫ. ҰЛТЫ ӨЗГЕ БОЛСА ДА, ЖҮРЕГІ ҚАЗАҚ ДЕП СОҒЫП, ҮЛКЕН ӘУЛЕТТІ АЙРАНДАЙ ҰЙЫТЫП, ҰРПАҚ ӨРБІТІП ОТЫРҒАН ЖАНДАР АРАМЫЗДА БАРШЫЛЫҚ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ЕМБІЛІК МУСАЕВТЕР ОТБАСЫ.

Кеңестік кезеңде әскерге алынушылар Отан алдындағы борышын одақтың түкпір-түкпірінде өтегені аға буынға жақсы мәлім. Мирзакулу Мусаев та сондай тәртіппен әскерде Мәскеу қаласында болады. Кейін Ембі қаласында қалуына да осы әскердегі кезең ықпал болыпты.

Мен өзім 1957 жылы Әзірбайжан қаласының Губа деген жерінде дүниеге келдім. Көпбалалы отбасында өскендіктен еңбекке жақын, шаруаға икемді едік. 11 ағайындының ішінен 4 қыз бала, 7 ер бала болдық. Мектепті де жақсы оқып, білім үйренуден жалыққан емеспіз. Мектепті жақсы нәтижемен бітіргендерді сол уақытта комсомолдық жолдама арқылы әскерге жіберетін. Мен де сол қатардан болып, Мәскеуге аттандым. 2 жылдай уақыт әскердегі борышымды өтеген соң мені бірден Ембі қаласына құрылыс жұмысына жіберді. Бұл жақтағы адамдардың қарымқатынасы маған қатты ұнады. Өзімді еркін сезіндім. Өзім көпшіл болғандықтан да болар, адамдармен тіл табысу маған қиындыққа соқпады. Тілді де тез меңгеріп алдым, — деген сол кездегі бозбаланың ендігі арманы осы жерден өзінің жарын тауып, отбасын құру болыпты. Іздегені алдынан шығып, арада көп ұзамай қалауындағы бойжеткенді кездестіреді.

Бір көргеннен ғашық болуға сенемін. Себебі өзім жан жарым Натальяны бір көргеннен ұнатып, өмірлік жарым болатынын сездім. Көшеде жиі ұшырасуымыздың арты бір-бірімізді іздейтіндей сезімге ұласты. Ол орыс ұлтынан еді. Марқұм, қазір өкінішке орай жанымда емес, жиі-жиі еске алып тұруды әдетке айналдырғаннан басқа, қолдан келер қайран бар ма… Қазақ тілін тез үйренгендіктен осы жердің салт-дәстүріне, ауыл халқының ақжарма пейіліне де тез бейімделіп кеттік. Бауырларымның бәрі дерлік Әзірбайжанда. Арасында барып, кездесіп, бас қосып тұрамыз. Маған: «Отанға келсеңші, бір жерде болайық», — деп жиі айтып, шақырады. Бірақ маған Қазақстаным ыстық. Бұл жақта мені бәрі таниды, құрметтеп сыйлайды, — деген ембілік кейіпкеріміз 1976 жылы Қазақстан жеріне бір өзі келіп, қазірде 5 бала-шағасынан тараған үлкен әулеттің ақсақалына айналды.

Бұл отбасының өзге отбасынан айырмасы сол – бір әулетте бес ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Үлкен ұлым мен келінім Самарада заң саласының қызметкері. Келінім неміс ұлтының өкілі болғанына қарамастан, қазақ тілін түсініп, бізбен қазақша да сөйлесіп, сыйқұрметін көрсетіп тұрады. Бірі майор болса, бірі подполковник. Одан кейінгі қызым Ембіге қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Ортаншы ұлым да заң саласында қызметте болса, келінім әуе компаниясында қызмет жасайды. Ол татар ұлтының өкілі. Одан кейінгі балам жеке кәсіпкер болса, келінім әзірбайжан ұлтының өкілі, ағылшын пәнінен колледжде сабақ береді. Кенже ұлым мен келінім компанияда қызметте. Кенже келінім қазақ ұлтынан. Міне, осынша ұлт өкілі бір шаңырақта бас қосып, тату өмір кешудеміз. Осы бала-шағамнан 10 немере, 2 шөбере көріп отырмын. Тіл табысу — адамның тек өзіне, адамгершілігіне ғана байланысты. Қазірде қоғамда сол тіл табыса алмау салдарынан ажырасу белең алып жатыр. Бұл – біле білген адамға үлкен қасірет. Мен қазақпен, неміспен, татармен құда болып, іргеміздің сөгілмеуін, ауызбіршілігіміздің мол болуын — отбасымызда қалыптасқан ұстаным мен сол тәрбиеден шыққан балаларымыздың түсінігінің кеңдігінің арқасы деп білемін. Ауылда кейде осы тақырыпта менен келіп, кеңес, ақыл сұрап жататындар бар. Бар білгенімше кеңесімді беріп, мақалдатып-мәтелдетіп жеткізуге тырысамын. «Мырза аға» деп тыңдап, рақметін білдіретіндер де бар. Ширек ғасырға жуық осы мекеннің тумасы болыппын. Жай тумасы емес, туғанына айналдым. Шеке, соғым, шектік береміз, қазір міне, күздік науқанға дайындалып жатырмыз. Шағын той тәрізді өтеді ғой. Келіндерім біріненбірі шаруаны қағып алып, ішек-қарын тазалап, қазанға қуырдақты да қуырып, бешбармақты да асып жібереді. Басқа отбасылар тәрізді біз де наурыз, жаңа жыл деген мерекелерді тойлаймыз. Сондай күндерде дастарханымызда барлық ұлттың астары қойылады. Ет, пахлава, әзірбайжанның тәтті күріші, долма біздің дастарханнан үзілмейтін ас мәзірлері, — дейді Мырзакулу Мусаев.

Сұхбат барысында кейіпкерімізді Ембі халқын нанмен қамтамасыз етіп отырған азамат, тәтті кәуабымен тұрғындардың ықыласына бөленіп жүрген сыйлы тұрғын ретінде тани түстік. Мырзакулу ағай қазірге дейін наубайханада басшылық қызметте екен. Ол өзі тәрізді кәсіпкерлерге, ақыл сұраған жастарға көмек көрсетіп, өзі білетін әдістәсілдер мен тәжірибелерімен бөлісетінін де жасырмады.

— Қандай бастама да, істе де отбасың тірегің болуы шарт. Онсыз ештеңе де жүзеге аспайды. Ал мен өзімді бұл жағынан бақытты жан санаймын. Себебі менің артымда менің тілі бөлек болса да, жүрегі бір отбасым тұр, — деді сөз соңында көпұлтты әулеттің атасы.

Айдана НАҒАШЫБАЙЫҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

АЗАТ — АБЫРОЙЛЫ ҚЫЗМЕТТІ АДАЛ АТҚАРУДА

admin_mugalzhar

Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының екі жолағы ашылды

admin_mugalzhar

Қазақстанда алдағы күндері 33 градусқа дейін аяз болады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.