«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КЕШЕ – ТОЛҚЫНЫ ТАСЫҒАН БҮГІН — СУЫ ТАРТЫЛҒАН ЖЕМ

ЕЛІМІЗДЕГІ ІРІ СУ АЙДЫНДАРЫНЫҢ ҚАТАРЫНА ЖАТАТЫН ЖЕМ ӨЗЕНІ ТАРТЫЛЫП БАРАДЫ. ӨЗЕННІҢ ҰЗЫНДЫҒЫ — 712 ШАҚЫРЫМ. ОНЫҢ 500-І – АҚТӨБЕ, АЛ 212-СІ – АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ АУМАҒЫНАН ӨТЕДІ. БҮГІНДЕ МАУСЫМ САЙЫН КЕЛЕТІН СУ ЖЕРГЕ СІҢІП, ҚҰРДЫМҒА КЕТІП ЖАТЫР. КЕСІРІНЕН ӨЗЕННЕН НӘР АЛАТЫН ЖЕКЕЛЕГЕН СУ АЛАПТАРЫНЫҢ ШЫРАЙЫ КЕТІП, ТІРШІЛІК НӘРІНЕ ТҰРМЫСЫ БАЙЛАНҒАН ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚТЫҢ УАЙЫМЫ КӨБЕЙДІ.

Өзен тарихын сонау ғасырдан бері ақын-жырауларымыз жырына қосып, өлеңдеріне арқау еткен. Сондай бір тарихи кезеңнің бірінде Асан Қайғының баласы Абат батырдың мінезқұлқы мен батырлығына риза болған Жәнібек хан күндердің бір күні оны ордасына шақырады. Бұл кезде Асан Қайғы қазіргі Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау өңірін жайлап отыр екен. Абат жиналып, Жәнібек хан ордасына жол жүргелі жатқанда, әкесі Асан Қайғы: «Хан не тілегің бар еді?» — деп сұрай қалса, Шаттың бойынан жаңа қоныс сұра», — деп тапсырып, Шаттың (Жемнің) қасиетін сөзбен суреттеп жеткізеді:

Көлгірсіген құба дөң,

Талайдан қалған жер еді.

Бір жағы оның сұрасаң,

Түйе менен қойға жай.

Бір жағы оның тағы да,

Жылқы, сиыр малға жай еді.

Анығын оның сұрасаң,

Ноғайлыныңжиналған

Ашы менен арығы,

Пақыры мен мүскіні,

Аштарына балық бар еді.

Ол да соған жай еді,

Жәнібекке барсаң сен,

Сұрашы, балам, сол жерді.

Тарихта кейін Асан Қайғының Жемнің бойын жайлағаны туралы дерек бар. Абаттың тілегін екі етпей, сұрағанын берген соң, Асан Қайғы жұрты Жемге көшеді. Бау-бақшасы сыңсыған, балығы тайдай тулаған ырысты өлкені Асан Қайғы «Жем» деп атайды. Маңғыстаулық ғалым Серікбол Қондыбай «Есенқазақ» кітабында «Асан мен Аббат Жәнібек ханнан Ащыбас-Шаттың бойын алады. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай «Шат деген Жем өзені. Демек, бұрынғы атауы Шат болған. Асан Қайғы Жемге көшеді. Жем Асан Қайғыдан қалған тәбәрік іспеттес» деп жазады.

Жем өзені Ақтөбе және Атырау облыстары жерімен ағып өтеді. Ұзындығы 712 км, су жиналатын алабы 40 мың км-ге жуық. Бұл өзен көне заман шежірелерінде айтылып жүрген арналы өзен болғандығына дәлелдемелер жеткілікті. Еділ мен Жайықтан кейін ғасырлар бойы қарт Каспийге келіп құйылатын арналы өзендердің бірі осы Жем болған. Басын Мұғалжар тауларынан алып, ұзындығы 700 шақырымға созылған өр мінезді, бабын келтіріп аялай білгенге тіршілік-тің тамыршысы, табиғаттың жомарт сыйы, қазаны қазынаға толы өзен аталатын еді. Жиырмаға тарта шағын көлдерді суға толтырып, сонау Сыпыра жырау мен Қазтуған жырларында айтылатын «отыз оймен, сексен сайды» кемеріне келтіретін де осы өзен болған. Ежелден егін еккен ел судан тарықпаған, шабындығында жайылған мал арықтамаған. Талай ұрпақ жағасына аунап, суына шомылып, сары сазанын азық еткен. Бұл – кеше еді. Ал бүгін… Бүгінгі Жемнің қиын ахуалы туралы мәселе көтеріп жүрген бұрынғы Сенат депутаты, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің кеңесшісі Сәрсенбай Еңсегенов 2019 жылы қыс айында ауданымызға арнайы келіп, аудан жұртшылығымен кездесу өткізген болатын. Онда Жемнің бастауы Мұғалжар тауларына дейін арнайы экспедиция шығарып, су тапшылығын зерттеп, зерделеу жұмыстарын жүргізуге уәде еткен-ді.

Айтқандай, сол жылы бір топ министрлік өкілдері ауданға іссапармен келіп, Ақтөбе қаласына қарасты Мұғалжар ауданына экспедиция ұйымдастырды. Оның құрамына Сәрсенбай Құрманұлымен бірге Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары Досбол Бекмағамбетов, «Казгидромет» ғылыми зерттеу орталығының директоры Нұрлан Абаев, орынбасары Серік Сайыров, ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің Су ресурстары комитеті Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин және «Ащысай» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтығали Жиенқұлов такелген еді. Жем өзеніне қарасты барлық өңірлерді аралап, өзен суының проблемаларын анықтағанымен ешқандай түйінді жұмыс жүргізілмеді.

Бүгінде арнасына құм бөгеттер салумен құмға көмілген, жылымшылап аққан суы жүрек сыздатар күйге түскен өзен тағдырына жанашырлық танытылмай отыр. Көлдері шалшыққа, сайлары балшыққа айналғанына қиналып жүргендер қара шаруа ғана. Жерінен көрік кетіп, шаруасының берекесі бұзылған ауыл тұрғындарының қолынан келер қайран жоқ. Тұрмыс пен тіршілікті мұнай саласына бағындырмай, ауыл шаруашылығына да бетбұрыс жасап, ауыл тұрғындарының бұдан бұрынғы қалыптасқан ата кәсіптеріне қайтадан қадам жасауына мүмкіндік берілсе деген тұрғындар мұңы бар. Мен Жем өзенінің гидрологиялық режимін зерттеп бастадым. Соның барысында белгілі болғандай, осыдан бұрынғы өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасында өзен ағынының орташа жылдық көлемі 474 млн текше метр болғаны, ал қазір өзеннің орташа жылдық ағыны небәрі 388 млн текше метр екені анықталды.

Өзен түбін қамыстан тазартып, экологиялық жобалар жасалып, өзенді байырға қалпына келтірмесек те, келешек ұрпақ үшін осындай көлемді су көзін сақтап қалғанның маңызы зор. Өзеннің құм басқан бөлігін тазартып, құмдануға себеп болып отырған құм бөгеттер салуды тоқтату шараларын алып, су қорларын жасауға болатын 20-дан аса шағын көлдерге, су жиналатын ойлар мен сайларға су шығару үшін өзектердің құмын аршып, жолын ашса жарап жатыр. Жем суының теңізге қосылуына кедергі бөгеттерді бұзса, көлдердегі балық қоры көбейеді. Суы мол көлдерде балық питомнигін жасап, шабақ өсіретін, өсірілген шабақтарды сулы көлдерге жіберіп, балық өсірумен айналысатын қожалықтар құруға жол ашылар еді.

Экология министрлігі тарапынан келіп тексеріп, өзен экологиясын қайтадан қалпына келтіру жұмыстарын жандандырса, өзен жағалап отырған халықтың жағдайы жақсарар ма еді деген үміт бар…

Айдана ЖАҚСЫБАЕВА, Ембі қаласы

Ұқсас ақпараттар

Тоқаев 12 аудандық сотты таратты

admin_mugalzhar

КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

21 АДАМ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ИЕ БОЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.