«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«СӘБИЛЕРІ СҮЙКІМДІ ТОП» АНЫҚТАЛДЫ

Ақпан айында аудандық «Мұғалжар» газетінің әлеуметтік желідегі парақшаларында «Сәбилері сүйкімді топ» атты байқау ұйымдастырылған еді. Аталған байқаудың қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болған топ балақайларының сыйлықтарын «Мұғалжар» газетінің ұжымы бөбекжай-бақшаларға арнайы барып, табыстады.

Аталған байқауға аудан бөбекжай-бақшалары арасынан 60-қа жуық топ қатысты. Топ тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері байқау шарты бойынша өз тобының бір күнін, яғни сабақ барысын, тамақтану және ойнау сәттерін бейнетаспаға түсіріп, газет редакциясына жолдады. Ол жазбалар газеттің инстаграм және тик-ток парақшаларында жарияланып, оқырмандар назарына ұсынылды.

Ең көп лүпіл жинаған «Тілеухан» бөбекжай-бақшасындағы «Еркетай» тобы, «Жансая» бөбекжай-бақшасындағы «Қарлығаш» тобы, «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасындағы «Қызғалдақ» тобы автоматты түрде бірінші кезеңнен өтті. Түрлі сала мамандарынан жасақталған қазылар алқасы екінші кезеңде жеңімпаздарды тәрбиешілердің кәсібилігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне, топтағы балалардың белсенділігіне, тапқырлығына, ұйымшылдығына қарап, өз дауыстарын берді.

Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаз үш топтың арасынан «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасындағы «Қызғалдақ» тобы жүлделі бірінші орынды иеленіп, «Сәбилері сүйкімді топ» атағына ие болды. Көрісу күнінде «Мұғалжар» газетінің түсірілім тобы жеңімпаз атанған балабақшаларды аралап, тәрбиеленушілер мен тәрбиешілерге дипломдары мен балақайларға арнайы сыйлықтарын табыстады.

Газет журналистерін жеңімпаз атанған «Нұршуақ» бөбекжайбақшасының ұжымы құшақ жая қарсы алды. Ұлттық нақышта киінген балабақша қызметкерлері ұлттық тағамдардан ас ұсынып, наурыз көжеден дәм ауыз тигізді. Тілі тәтті «Қарлығаш» тобының бүлдіршіндері тәттілер мен сыйлықтарға мәз болып, жыр шумақтарынан шашу шашты. Бүгінде 25 бала тәрбиеленетін топтың байқауға жолдаған бейнежазбасында балабақшаның бір күндігінен өзге аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхаттаған сәттері де бар. Ал ең көп лүпіл жинап, белсенділік танытқан «Тілеухан» бөбекжай-бақшасындағы «Еркетай» тобының бүлдіршіндері «Белсенді топ» аталымына, ауызбіршілікпен күндерін көңілді өткізетін «Жансая» бөбекжай-бақшасының «Қарлығаш» тобы «Ұйымшыл топ» аталымына ие болды.

Өз қиялдарына ерік беріп, шығармашылығын көрсете білген «Күншуақ» бөбекжай бақшасында тәрбиеленетін «Еркетай» тобының балақайлары «Қиялы жүйрік топ» аталымын жеңіп алды. Олар «Шалқан» ертегісінен көрініс қойып, өздерінің көркем өнерлері мен актерлық шеберліктерін көрсетіп, бейнетаспаға түсірген.

Н.ТІЛЕП

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда АЭС қолдаушыларының саны артып келеді – сауалнама

admin_mugalzhar

Қазақстанда ҰБТ басталды: 100 мыңнан аса өтініш түскен

admin_mugalzhar

ЖӘРМЕҢКЕ: 10 ЖАС ЖОЛДАМА АЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.