«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТАҚЫРЫП ТҰЗДЫҒЫ – ТӘРТІП ПЕН ТӘРБИЕ

АУДАНДЫҚ ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС ЖӨНІНДЕГІ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МАМАНДАРЫ АУДАННЫҢ ҚАЛА ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРІНІҢ БІЛІМ ОРДАЛАРЫНА БАРЫП, ЕР ЖӘНЕ ҚЫЗ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ӘР ТҮРЛІ ТАҚЫРЫПТАҒЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕР МЕН ЖИЫНДАР ӨТКІЗУДЕ.

Тәрбиелік мәні зор шаралардың басы қаңтар айында Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясында қыз балаларға арналған «Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» тақырыбында өткізілді. Аталмыш шараға аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жұмагүл Асабаева, аудандық орталық аурухананың гинеколог дәрігері Гүлжанат Ерғалиева, психолог маман Жаналтын Молдашева қатысты. 9-11 класс оқушыларына арналған кездесудің негізгі мақсаты — қыз баланың абыройы мен арын, өзіне сай сымбаты мен сырын сақтап, қазақы салт-дәстүр мен әдетғұрыпты, ұлттық тәрбиені саналарына сіңіріп, әдептілік пен инабаттылықты, жалпы қызды қырық үйден тыюды дәріптеу. Кездесуде мектеп қабырғасында жүрген жасөспірім қыз балалар арасында кездесетін ерте жүктілік пен денсаулыққа зор зиянын тигізетін жасанды түсіктің арты қоғамдық қасіретке ұласып, жас жеткіншектердің болашақтарына айтарлықтай кері әсерін тигізетіні туралы гинеколог дәрігер баса айтты. Сонымен қатар бүгінгі таңдағы қыздар арасындағы төбелес пен жанжалдардың қоғамда белең алып бара жатқаны да сөз болды. Психолог маманның «өтпелі кезеңде өздеріңізді теріс әдеттерге еліктеушіліктен сақтасаңыздар, жақсы жол таңдауға көмегі көп болады» деген кеңестері де тақырыпқа тұздық болды.

Орталық ұйымдастырған келесі шара Жұрын ауылдық округінің орталығында жалғасын тапты. Қ.Жұбанов атындағы орта мектебінде жоғары класс оқушыларына арналған «Ұлыңды бөтен үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» тақырыбындағы тәртіп пен тәрбие жайындағы қыздар мен ұлдарға бөлек-бөлек өткізілген жиынға АТТ құрамының мүшесі А.Абубакирова, салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Светлана Инисова, аудандық орталық аурухананың гинеколог-дәрігері Гүлжанат Ерғалиева мен психолог маманы Жаналтын Молдашева арнайы қатысты. Тақырыптың өзі айтып тұрғандай, жиында Светлана Сатқанқызы ер балаларға бүгінде сәнге айналған электрондық темекі мен алкаголь өнімдерін тұтынудың зияны туралы мәліметтер беріп, жасөспірімдер арасында белең алып тұрған төбелес пен жанжалдың арты орны толмас өкінішке апаратыны туралы тәмпіштеп түсіндірді.

Ал жасөспірім қыз балаларға Гүлжанат Күзембайқызы ұят ұғымын ешқашан ұмытпауды қадап айтып, мектеп қабырғасында жүргенде мейлінше тек оқубілімге ғана зейін қою керектігін түсіндірді. Бойжетіп қалған қыздарды аналарына мейлінше жақын болу керектігін айтып, қандай жағдайды да бөлісіп отыруға шақырды. Ал ақпан айының алғашқы жиыны Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінде «Ұлтыңды сақтаймын десең — қызыңды тәрбиеле, рухынды сақтаймын десең — ұлыңды тәрбиеле» деген тақырыпта өтті. Жиынға аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жұмагүл Асабаева бастаған түрлі сала мамандары қатысты. Бұл жерде де тақырыптың тұздығы — тәртіп пен тәрбие мәселесі болды.

Орталық тарапынан арнайы жоспар құрып, кездесуді өткізудегі мақсат – жасөспірімдер мен жастардың тәртібі мен тәрбиесіне назар аудару, аз да болса, өз үлесімізді қосу, жақсыға баулу, жастардың айтарларына құлақ түру. Бүгінгі таңда барынша әр саладан мамандардың басын қосып, кездесу ұйымдастырып жатырмыз. Жыл бойы бұл басқосулар жалғасын табатын болады, — деді аталған шараларды ұйымдастырушы Жастар арасындағы дін мәселелері және қоғаммен байланыс орталығының сектор меңгерушісі Анар Абубакирова.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

В Казахстане планируют повысить тарифы на электроэнергию

admin_mugalzhar

Тоқаев Құрбан айтта жағдайды ушықтырып алмауды тапсырды

admin_mugalzhar

АУДАН ӘКІМІ СПОРТШЫ ЖАНАРЫС РАХМЕТҚАЛИДІ ҚАБЫЛДАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.