«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯ: ӘДІЛ САЛЫҚ САЛУҒА – МҮМКІНДІК

2021 ЖЫЛДАН БАСТАП КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕНЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯ ТАПСЫРУ БАСТАЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ. БІРІНШІ КЕЗЕҢДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРМЕН ОЛАРҒА ТЕҢЕСТІРІЛГЕН АДАМДАР, СОНДАЙАҚ ОЛАРДЫҢ ЖҰБАЙЛАРЫ, ЕКІНШІ КЕЗЕҢДЕ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРМЕН КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРДЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰБАЙЛАРЫ ТАПСЫРДЫ. АЛ БИЫЛ БАСТАЛҒАН ҮШІНШІ КЕЗЕҢДЕГІ АКТИВТЕР МЕН МІНДЕТТЕМЕЛЕР ТУРАЛЫ ДЕКЛАРАЦИЯЛАРДЫ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАНЫҢ БАСШЫСЫ, ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕРЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰБАЙЛАРЫ ТАПСЫРУДА. ЕНДЕШЕ, ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУДЫҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТІ ҚАНДАЙ? ДЕКЛАРАЦИЯ ТАПСЫРҒАНДА НЕНІ БІЛУ КЕРЕК? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ МҰҒАЛЖАР АУДАНЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ НҰРЛЫБЕК МУХАМБЕТОВПЕН СҰХБАТ ҚҰРДЫҚ.

Әңгімемізді кезең-кезеңімен өткізіліп жатқан жалпыға бірдей декларациялаудан бастасақ. Декларациялаудың негізгі міндеті туралы айтып бересіз бе?

Жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты — әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру. Сонымен бірге жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге көмегін тигізеді. 2021 жылы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары, яғни, 580 мың адам тапсырды. Ал 2023 жылы мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды. Осы декларацияланған адамдардың жалпы саны 2,1 млн болды. Осы жылы ел бойынша декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары, яғни 3,9 млн жеке тұлға табыс етеді деп жоспарлануда. 2025 жылы азаматтардың қалған санаттары тапсырады. Олар — жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне барлығы ел бойына 13 млн адам кіруі тиіс.

Мұғалжарлықтар декларация тапсырған сәтте қандай мәліметтерді көрсетуі қажет?

Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың активтері мен міндеттемелері туралы декларация беруінен тұрады. Онда жеке тұлғаның барлық шетелдік активтері, жылжымалы, жылжымайтын мүлкі көрсетіледі. Айталық, шетелдегі жылжымайтын мүлігі және көлігі, шетелдік банктегі 3,5 млн теңгеден жоғары қаржысы, шетелдік компаниядағы қатысу үлесі, бағалы қағаздары мен цифрлық активтері, үлестік қатысу шарты, инвестициялық құйма алтыны, зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, 34,5 млн теңге шегінде қолма-қол ақшасы, басқа тұлғалармен нотариалды куәландырылған қарыз шарттары, құны 3,5 млн. теңгеден асатын басқа да мүлігі, (қалауы бойынша, мәдени құндылықтары, зергерлік бұйымдары, асыл тұқымды жануарлары, т.б. деректері, көрсетілуі тиіс. Ескертетін бір жайт, тұрғындар декларацияны тұрғылықты жері бойынша 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсырулары қажет. Декларацияны «Салық төлеуші кабинеті», «Электрондық үкімет» веб-порталдары, «e-salyqАzamat», Halyk, Bank CenterCredit мобильді қосымшалары арқылы ұсынуға болады. Сондай-ақ азаматтар декларацияны қағаз нұсқада пошта арқылы немесе өздері барып ұсынуға мүмкіндігі бар.

Декларацияны тапсыруға қалай дайындалуға болады?

Шетелдегі және Қазақстандағы активтерді барынша дұрыс декларациялау қажет. Кейіннен активтер құны салық салынатын кірісті айқындау кезінде ескерілетін болады. Сондықтан декларацияны толтыру алдында тиісті растайтын құжаттардың болғаны абзал. Сонымен бірге 2023 жылдың аяғына дейін ақшалай қаражатты (34,5 млн теңгеден астам) банктік шоттарда салуды, бастапқы декларация берілген күнге дейін борыштар мен талаптарды нотариалды куәландыруды, бірлігінің құны 3,5 млн теңгеден асатын мүлікті бағалауды, Қазақстанда активтер мен міндеттемелердің бар-жоғын дайындаған жөн. Бағалы қағаздар бойынша: https://portal. kacd.kz; тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша: https://homeportal.kz; https://www.gov.kz/services/ 3910?lang=ru; зияткерлік меншік, авторлық құқық объектілері бойынша: https://gosreestr.kazpatent. kz; сенімгерлік басқаруға берілген мүлік бойынша: https:// egov.kz/cms/ru/services/ pass077_mu сайттарда тексеруді ұсынамыз. Дебиторлық/кредиторлық берешектің (қарыз шартының) болуы бойынша сұрау салуды Doculite жүйесі арқылы Республикалық нотариаттық палатаға жолдау қажет.

Жеке тұлғаның берешегін декларациялау қалай жүргізіледі?

Активтер мен міндеттемелер туралы «кіру» декларациясын толтыру кезіндегі шарттардың бірі 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша борыштар мен талаптарды көрсету болып табылады. Яғни, азаматтар декларацияда басқа жеке немесе заңды тұлғалар алдындағы қарыздарын көрсетуі керек. Сондай-ақ, басқа тұлғалардың осы жеке тұлғаға қайтаруы тиіс қарыздары көрсетіледі. Салық кодексінің нормаларына сәйкес қарыз шарттары нотариалды куәландырылуға тиіс. Шарттардың нотариалды куәландырылуы жеке тұлғаның борышы мен міндеттемелерінің мөлшерін дұрыс көрсетуді қамтамасыз етеді. Шарттарды куәландыру тәртібі «Нотариат туралы» ҚРЗ 8-тарауымен регламенттеледі, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау мерзімдері 40-бапта айқындалған. Осылайша, шарттар мен өзге де құжаттар бастапқы декларация берілген сәтке дейін нотариалды куәландырылуы тиіс. Қарыздар мен міндеттемелерді бастапқы декларацияда ғана көрсетуге қажет екенін назарға саламыз, тиісті салық есептілігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол берілмейді. Ал банктік қарыз шарттары декларацияда көрсетілуге жатпайды. Сонымен қатар заңды тұлғалармен (микроқаржы ұйымдарын қоса алғанда) жасалған қалған шарттар декларацияда көрсетілуге жатады.

Жалпыға бірдей декларациялау азаматтарға кірістерінің мөлшеріне қарай әділ салық салуды қамтамасыз ететініне қанық болдық. Енді тұрғындар қолмақол ақшаны, мүлік пен сыйлықтарды, жануарлар мен құстарды қалай декларациялайды?

Иә, декларация әділ салық салуды қамтамасыз етіп қоймай көлеңкелі айналымдарды қысқартудың тиімді әдістерінің бірі. Сонымен бірге азаматтарымыздың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған қолма-қол ақшасыз төлемдерге көшу болып табылады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда 9 айдың қорытындысы бойынша қолмақол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін өскен. Азаматтардың банктік салымдарының сақталуын 19 банк қатысатын салымдарға кепілдік берудің мемлекеттік жүйесі қамтамасыз етеді. 20 млн теңге мөлшерінде депозиттерді қайтаруға мемлекет кепілдік береді. Ақшаны депозиттерге орналастыру олардың сақталуына ғана емес, инфляциядан қорғауға да кепілдік береді. Осыған байланысты банктердегі жеке тұлғалардың депозиттерінің саны 16,9 млн-нан 19,8 млн-ға дейін ұлғайды, жылдық өсім 14,3% құрады, депозиттердің жалпы көлемі 18,6 трлн теңгені құрайды. Елдегі айналымда қолма-қол ақшаның болмашы көлемін ескере отырып, декларациялау кезінде әрбір азамат 34,5 млн теңгеден (10 000 АЕК) аспайтын сомада қолмақол ақшаны көрсете алады. Өзге ақшалай қаражаттың болуын екінші деңгейдегі банктер растайды. Азаматтар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда қалауы бойынша құны бірлігіне 3,5 млн.теңгеден (1 000 АЕК) асатын бағалы мүлікті көрсете алады. Мұндай мүлікке Қазақстан Республикасында да, шетелде де бар кез келген қымбат мүлік, мысалы, мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және басқа да бағалы мүлік, сондай-ақ аяқталмаған құрылыс объектілері жатады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда азаматтар құны бірлігіне 3,5 млн.теңгеден (1000 АЕК) асатын асыл тұқымды жануарлар мен құстарды өз қалауы бойынша декларациялай алады. Мысалы, асыл тұқымды жылқы, экзотикалық жануар немесе құс. Өз қажеттіліктерінде өсіретін немесе пайдаланатын жануарлар мен құстарды декларациялаудың қажеті жоқ. Ауыл шаруашылығы және үй жануарлары бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары уәкілетті органдардан алады.

Салық органдары шетелдік көздерден түсетін кірістер туралы қалай біледі? Жеке тұлғалардың кірістеріне салықтық бақылау қалай жүргізіледі?

Қаржы министрлігі 2021 жылдан бастап шетелдік банктердегі шоттарға түскен қазақстандық азаматтардың кірістері туралы мәліметтер алады. Бұл мәліметтер Салық істері жөніндегі өзара әкімшілік көмек туралы конвенция шеңберінде (Страсбург, 1988 жылғы 25 қаңтар) қаржы шоттары туралы ақпаратты автоматты түрде алмасу туралы құзыретті органдардың көпжақты келісіміне (бұдан әрі – CRS) сәйкес келіп түседі. Жыл сайын 80 елден ақпарат келіп түседі, негізгі елдер — БАӘ, Ұлыбритания, Түркия, Франция және басқалар. Келіп түскен мәліметтер жеке табыс салығы бойынша салық міндеттемелерін айқындау мақсатында ғана салықтық әкімшілендіру үшін пайдаланылады. Жеке тұлғалардың шығыстарына мониторинг декларацияның болуы немесе болмауы арқылы, декларацияда кіріс-тер мен мүлікті көрсетпеу және кірістерді төмендету фактісі анықталады. Одан кейін камералдық бақылау қорытындылары бойынша бұзушылықтарды жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және деректердің таралып кетуіне жол бермеу үшін қандай кепілдіктер бар?

Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері интернетке шықпай-ақ жабық контурда жұмыс істейді. Бұл салық төлеушілерден алынған барлық мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік техникалық қызмет тоқсан сайын мемлекеттік кірістер комитеті жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мониторингін жүргізеді. Сонымен қатар, декларацияларға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қоса алғанда, дербес жауап беретін қызметкерлердің шектеулі тобы қол жеткізе алады.

Егер жеке тұлға декларацияны тапсырғысы келмесе және жыл сайын әкімшілік айыппұл төлеуге дайын болса, не болады? Жалпы декларацияны түзетуге мүмкіндік бар ма?

2025 жылдан бастап жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері, кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынбауы мұндай жеке тұлғаның дербес салық салуға жататын кірістері, мүлікті сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу фактісі (СК 633- бабы) болмауының растамасы болып есептеледі. Мұндай адам мүлікті сатып алған жағдайда оның құны кіріс деп танылады және табыс салығы салынады (СК 72-бабы). Сонымен қатар салық салу объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салықтар сомасынан 200% айыппұл, қайта бұзғаны үшін 300% айыппұл қарастырылған. Декларацияны түзетуге келетін болсақ, азаматтар кез келген қате немесе анық емес көрсетілген мәліметтерді Салық кодексінде көзделген талап қою мерзімі шегінде қосымша декларация беру арқылы дербес жоя алады. Декларацияны бірінші рет ұсынбағаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 51 750 теңге (15 АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Декларацияда толық емес, анық емес мәліметтерді бірінші рет ұсынғаны үшін ескерту, бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 10 350 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 272-бабы) қарастырылған. Салық салу объектілерін жасырғаны үшін бір жыл ішінде алғаш рет төленбеген салықтар сомасынан 200% айыппұл, қайталап бұзғаны үшін 300% мөлшерінде айыппұл (ӘҚБтК 275- бабы) қарастырылған.

Әңгімеңізге рақмет

Сұхбаттасқан Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Головкин — Мурата жекпе-жегінің күні белгілі болды

admin_mugalzhar

ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ 30 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

admin_mugalzhar

КҮН ТӘРТІБІНДЕ: PFIZER ЖӘНЕ РЕВАКЦИНАЦИЯ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.