«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АҚТҮТЕК БОРАН… ЖОЛ және АДАМ…

АҚ ТҮТЕК АҚПАН: 200 КӨЛІК ЖОЛДА ҚАЛДЫ, 100-ДЕН АСТАМ АДАМ ҚАУІПСІЗ ЖЕРГЕ ЖЕТКІЗІЛДІ, 6 АДАМ ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Аудан аумағында 7-8 ақпан күндері ауа райының күрт бұзылып, желдің екпіні 25 м/сек-тан асып, қатты боран соқты. Ауарайының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар АқтөбеАстрахань тас жолының Ақтөбе қаласынан Қандыағаш қаласына дейінгі жол және республикалық маңызы бар Қандыағаш-ЕмбіШалқар-Ырғыз тас жолы жабылды. Осы уақытта аудан орталығы Қандыағаш қаласының аумағында, жолаушыларға арналған кемпингтерде 200-ге жуық автокөлік тұрып қалды.

Жолда қалған жолаушылардың 70-ке жуығы тас жол бойындағы «Адай» кемпингіне орналасқан. 45 адам Қандыағаш қаласындағы жылыту пункттеріне, ал аудан орталығында ағайын-туысқандары барлары олардың үйлеріне дейін жеткізілген. Сонымен бірге «Ерасыл», «Жолаушы» кемпингтері де жолаушыларға өз есіктерін ашты. Жүк және жеңіл көліктердегі жолаушыларға «Алтын орман» мейрамханасы, «Айжан» жеке кәсіпкерлігі, «Алдияр» балабақшасы түскі және кешкі асқа ыстық тамақтар мен ыстық сусындар таратты. Ал мұғалжарлық құтқарушылар боран кезінде әр түрлі себептермен далаға шығып кетіп, адасқан 4 адамды іздеп тауып, көмек көрсетті. Сонымен бірге Басшилі, Ақкемер елді мекенінен медициналық көмек қажет ететін 2 адам құтқарылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша 12 арнайы техника жұмылдырылды.

Мұғалжар ауданының әкімдігі және төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлерімен жолдың жабылуы бойынша ақпарат ауданның қала және ауылдық округтерінің әлеуметтік желілеріне салынып, халыққа уақытылы хабар таратып отырды.

ЕКІ КҮН: «103» ҚЫЗМЕТІНЕ 78 ҚОҢЫРАУ ТҮСКЕН

Боранды күні жедел жәрдем қызметінің де жұмысы күшейтілген режимге көшті. Аудан дәрігерлері де қарлы дауылға қарамай, адам жаны үшін араша болып, қызметтерін адал атқарды. Мұғалжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айбек Сүгіров Жедел жәрдем көлігі жүре алмаған жерлерде фельдшерлер науқастарға жаяу барып, медициналық көмек көрсеткенін айтты. Дәрігердің айтуынша, екі күн ішінде, яғни 7 және 8 ақпан күндері «103» қызметіне 78 қоңырау түскен. 24 адам ауруханаға жатқызылған.

Қоңырауларға жауап беру кезінде қиындықтар болды. Осындай тұста аудан әкімдігі тарапынан 4 арнайы УАЗ және НИВА көліктері бөлінді. Қала сыртынан қоңыраулар түскен кезде жедел жәрдемге аудан әкімдігі бөлген қар тазалайтын техникалар ілесіп жүрді. Сондай-ақ, медициналық көмекке мұқтаж 3 ащысайлық жүкті әйел төтенше жағдайлар бөлімінің «TRECOL» автокөлігімен облыс орталығына жеткізілді. Ал 7 ақпанда тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Ауруханада бас дәрігер, бас дәрігердің орынбасарлары, анестезиолог-реаниматолог, хирург, терапевт, акушер-гинеколог, неонотолог және техникалық қызметкерлер тәулік бойы кезекшілікте болды, — деді Айбек Сағынғалиұлы.

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ ДА КӨМЕККЕ КЕЛДІ

Қарлы боран кезінде полицейлер де азаматтарға көмек көрсетті. Аудандық полиция бөлімінің мамандары қарлы бораннан көліктері жүре алмай адасып қалған 150 азаматқа қолұшын созған. Жергілікті полиция бөлімінің басшысы Самат Әбдіровтің айтуынша, аудандық және республикалық маңызы бар жолдарда патрульдік полиция қызметкерлері қарлы боранда жолда қалып қойған мыңға жуық көлік жүргізушісінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол көрсеткен. Жалпы құтқару жұмыстарына 60 полиция қызметкері жұмылдырылған.

ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛДІ

Ат құлағы көрінбейтін боран кезінде қалалық жерлердегі бірқатар мөлтек аудандар мен шалғай жатқан кейбір ауылдардың электр сымдары үзіліп, тұрғындар жарықсыз қалды. Ақпанның 7-сі күні Қандыағаш қаласындағы «Нұрлы көш», «Болашақ», «Самал» мөлтек аудандарында да электр жарығы сөнді. Электр жарығына жауапты мамандар жарық сөнген күннің ертесіне Қандыағаш қаласында жағдайдың жолға қойылып, сымдардың қалыпқа келтірілгенін айтты. Дегенмен ауылдардағы жағдай күрделеніп, Ащысай және Құмсай, Егіндібұлақ, Қ.Жұбанов ауылдық округтерінің тұрғындары бірнеше күн жарықсыз қалды.

Ащысай ауылдық округінің электр сымдарын қалыпқа келтірген едік. Бірақ тағы да үзіліп, жарық сөне берді. Ал Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округінде 168 абонент электр жарығынсыз отырды. Ол жақта жарықты қалыпқа келтіру үшін 3 бригада жұмыс атқарды. Жөндеу жұмыстарына 10 адам және техника жұмылдырылды, — деді Мұғалжар аудандық электр желісі мекемесінің директоры Мейрамбек Жүсіпов.

Оның сөзінше, Еңбек және Ақкемер ауылдық округтерінде жарықтың сөну деректері тіркелген. Бүгінде бұлардың барлығы қалыпқа келтірілген. Электр желісіне жауапты мекеменің 40-тан астам жұмысшысы ауылдардағы электр желілерін қалыпқа келтіру жұмыстарын атқарып, қалыпты жұмыс істеуде.

ТҰРҒЫНДАР ҚҰТҚАРУШЫЛАРҒА РИЗА

Аудандық төтенше жағдайлар бөліміне бұл күндері аудан тұрғындарының боранда адасып, бағытынан ажырап қалғаны туралы хабарламалар көптеп түскен. Атап айтар болсақ, ең алғашқы қоңырау шалғандардың бірі — Сағашилі ауылы бағытындағы тас жолда көліктері бұзылған жолаушылар. №8 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары дереу, оқиға орнына жетіп, Mitsubishi көлігінің жолаушыларын Қандыағашқа эвакуациялады.

Сонымен бірге Басшилі ауылында 73 жастағы кейуананың ауыр сырқаттанғаны туралы хабарламаға шыққан жедел жәрдем көлігі құтқарушылармен бірге аттанды. Қарлы боранға қарамастан құтқарушылар науқасты ауруханаға жеткізді. Ақкемер ауылдық округіне қарасты Жарық ауылында малға шөп салуға қораға шыққан ауыл тұрғыны із-түзсіз жоғалып кеткені туралы ақпарат түскен. Ер адамды іздеуге №8 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары шыққан. Жоғалған азамат көршілес орналасқан шаруа қожалығының иесі болып шықты. Облыстық құтқарушылар екі ер адамды таңғы сағат 4-те тауып алып, аман-есен үйлеріне жеткізді.

Н.ТІЛЕП. А.АДЕН

Ұқсас ақпараттар

2021 жылы Қадір түні қашан болады?

admin_mugalzhar

Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық белбеуін елімізге алып келді

admin_mugalzhar

Қордайдағы жанжалда 8 адам мерт болып, 40-тан астамы жарақаттанған

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.