Аудан орталығы Қандыағаш қаласының көшелеріне жалпы ұзындығы 1942 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Бұл туралы қала әкімдігінің мамандары айтты.
Бүгінде қала бойынша төрт жерде жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Олар — «Спартак» дүкенінен «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасына дейінгі аралық, «Достық» мөлтек ауданы №14 үйден «Ақтөбе-Атырау» тас жолына дейінгі аумақ, Н.Қаржаубаев көшесі және А.Жұмағалиев көшесінен «Горгаз» аялдамасы, яғни «Тәуелсіздік» даңғылына дейінгі жер.
— Қазіргі таңда «Спартак» дүкенінен бастап, «Қарлығаш» бөбекжай бақшасына дейінгі аралыққа және Н.Қаржаубаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары басталып кетті. Қажетті құрылыс материалдары да әкелінді. Аталған жұмыстарды «KDC Construction» ЖШС-і жүргізуде. Аталған жұмыстарға бюджеттен 44 млн 421 мың теңге бөлінді. Алдағы уақытта «Достық» мөлтек ауданы №14 үйден бастап, «Ақтөбе-Атырау» тас жолына дейінгі жаяу жүргіншілерге арналған жол салынады. Құрылыс жұмыстарына 5 млн 63 мың теңге бөлініп отыр. Ал жүргіншілер жолын салуды «N Строй Сервис» ЖШС-і жүргізеді. А.Жұмағалиев көшесінен «Горгаз» аялдамасына дейінгі аралыққа тротуар салуға бюджеттен 22 млн 702 мың теңге бөліп отырмыз. Құрылыс жұмыстарын жүргізуді «ALI Group ST» ЖШС-і өз міндетіне алып отыр, — деді қала әкімінің міндетін атқарушы Жандос Құлбаев.
Н.ТІЛЕП