Бүгін әлем назары Франция астанасына ауады. Парижде төрт жылда бір келетін Олимпиада ойындарының алауы тұтанады. Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам атлет спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан намысын 80 спортшы қорғайды.
Парижде Олимпиада ойындары үшінші рет өткізілгелі жатыр
Бұған дейін төртжылдықтың басты додасын үш мәрте ұйымдастырған жалғыз қала Лондон болатын. 1908, 1948 және 2012 жылдары. Ал сән әлемінің астанасы Олимпия ойындарын алғаш рет 1900 жылы өткізіп, оған тұңғыш рет әйел атлеттер қатысқан еді. Одан кейін 1924 жылы дүбірлі доданы екінші рет ұйымдастырған алғашқы қала ретінде тарихта аты қалды. Араға ғасыр салып, Париж жазғы Олимпия ойындарын үшінші рет, ал жалпы Франция алтыншы Олимпиадасын дүркіретіп өткізбекші.
Париждегі Олимпиаданың ашылу салтанаты
2024 жылғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты «революциялық» болады деп жоспарланған. Ұйымдастырушылар дәстүрге айналған стадион аясында Олимпиада ойындарын ашудан бас тартып отыр. Салтанатты іс-шараны Париж қаласының негізгі су артериясы – Сена өзенінде өткізу туралы шешім қабылданды.
«Стандарттан тыс ойлау, Ойындарды революциялау, бірақ кең бұқара үшін қолжетімді болып қалу – бұл Париж-2024 шешетін міндет», — делінген Олимпиада-2024 ресми сайтында.
Осылайша, спортшылар шеруі Сена өзенінің үстінде өтеді. Әрбір ұлттық делегация қайықпен жүзеді. Қайықтар камералармен жабдықталады. Яғни, ұлттық делегациялар шеруін телекөрермендер жақыннан тамашалай алады. 10,5 мың спортшы шығыстан батысқа қарай қозғалып, Париждың орталығымен жүріп өтеді. 6 шақырымдық шеру Трокадеро алдында аяқталып, қалған олимпиадалық хаттама іс-шаралары мен қорытынды шоу болады.
XXXIII Жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатын 26 шілде күні біздің уақытпен түнгі 22.30-да Ұлттық арна да, Qazsport та тікелей эфирде көрсетеді.
Париж Олимпиадасында 32 спорт түрінен 306 түрлі сайыс ұйымдастырылады
Олардың арасындағы дебютант – брейкинг. 2018 жылы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында брейкингке деген қызығушылық еселеп артты. Сондықтан оны Париж-2024-тің олимпиадалық бағдарламасына енгізді.
Осы жолғы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының эмблемасы біртекті. Мұндағы мақсат – Олимпиада мен Паралимпиада спортшыларына деген ілтипат пен құрмет бірдей деген ойды білдіру. Париж-2024-тің бетбейнесі іспетті эмблема үш элементтен тұрады. Алтын медаль, алау және француз революциясы мен халқының символы Марианна.
Олимпиада туралы қысқаша қызықты деректер
Олимпиада ойындарының ашылу күні Париждің әуе кеңістігі жабылады.
— Жарыстарды өткізу үшін 35 спорт нысаны жұмыс істейді.
— Биыл жарыс бағдарламасынан карате, бейсбол және софтбол сынды спорт түрлері алынып қалды.
— Спортшылар барлығы 329 жүлде жиынтығын сарапқа салады.
— Олимпиадалық ауылға 2500-ге жуық үйлер салынды. Ойын кезінде аталған ауыл 14 500 атлетті сыйдыра алады.
— Олимпиада алауы Грекиядан Францияға қайық арқылы жеткізілді. Алау құтысының төменгі бөлігі аққайнар түсті болаттан дайындалды.
— Ойынның бойтұмары – Фриги есімді фригиялық қалпақ.
— Әлем бойынша 26 мың журналист аккредитация алған.
— Париж қаласында Жазғы олимпиада ойындары соңғы 100 жылда алғаш рет өткізілгелі отыр.
— Тарихта биыл тұңғыш рет Олимпиада ойындары мен Паралимпиада ойындарының бойтұмары бірдей болады.
Қанша қазақстандық өнер көрсетеді?
Төртжылдықтың айтулы спорт додасына еліміздің 80 спортшысы барады. Олар 92 спорт түрінен сынға түседі. Франция елінде бақ сынайтын 80 атлетіміздің 54-і ер адам болса, 26-сы әйелдер. Қазақстан құрамасы осыған дейін егемен ел ретінде 7 жазғы Олимпиада ойындарына қатысты.
Қазақстан спортшылары арасынан Париж Олимпиадасының ең алғашқы жолдамасын мерген Ислам Сәтпаев жеңіп алды. Нысана көздеу шебері Әзербайжанның Баку қаласында өткен лицензиялық әлем чемпионатында үздік төртікке енген болатын. Содан бері қазақстандық спортшылар әлемдік және құрлықтық іріктеу турнирлеріне қатысып, Париждегі жазғы ойындардың жолдамасына таласты. Сондай-ақ рейтингілік жарыстар арқылы ұпай жинап, жолдама еншілегендер бар. Олай болса төмендегі деректерді ерекше атап өтуге болады:
-Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Олимпиадаға толық құрамда барады
-Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет жазғы ойындарға үш спортшыны апарады
-Брейкинг пен бадминтоннан Қазақстан тұңғыш рет Олимпиада жолдамасын иеленді. Брейкингтен Амир Закиров, бадминтоннан Дмитрий Панарин ел намысын қорғайды.
-Әйелдер күресінен Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет Олимпиададан сырт қалды.
-Семсерлесуден Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет командалық жарыста бақ сынайды.
-Қазақстан тұңғыш рет гимнастиканың үш түрінен (батуттық, спорттық және көркем) жазғы Олимпиадада сынға түседі.
-Нысана көздеуден Қазақстан командасы тұңғыш рет алты спортшыны Олимпиадаға апарады.
-Париж Олимпиадасына қатысатын 80 қазақстандық спортшының ішінде 54 атлет жазғы ойындарға тұңғыш рет қатысқалы отыр.
-Қазақстан олимпиадалық құрамасының сапында жазғы ойындарға төртінші рет қатысатын екі спортшы бар. Олар – жеңіл атлет Ольга Сафронова мен академиялық есу шебері Владислав Яковлев.
-Елдос Сметов (дзюдо), Кирилл Герасименко (үстел теннисі) және Елена Потапенко (қазіргі бессайыс) Олимпиада ойындарына үшінші рет қатыспақ.
-21 спортшы өз мансабындағы екінші Олимпиадаға аттанады.
Париж Олимпиадасында Ақтөбе облысынан 3 спортшы бақ сынайды
Олар еркін күрестен Мейрамбек Қартбай мен Юсуп Батырмурзаев, триатлон спортынан Екатерина Шабалина ел намысын қорғайды.
Париж Олимпиадасының медальдары қандай болады?
Нақтырақ айтсақ, медальдар бұрын жөндеу жұмыстары кезінде алынған Эйфель мұнарасының түпнұсқа сынықтарының балқымасынан жасалған. Алтыбұрыш пішінінде жасалған бөліктің ортасында Жазғы Олимпиада ойындарының логотипі тұр. Алтыбұрыш – Францияның картасы. Медальдың артқы жағында гректер үшін жеңіс құдайы саналатын Ника, Афинадағы Акрополь және Эйфель мұнарасы бейнеленген.
Париж Олимпиадасын еліміздің 5 телеарнасы көрсетеді
Париж Олимпиадасы ойындарын Qazaqstan, Qazsport, «Хабар», «Ел арна» және Jibek Joly телеарналары тікелей эфирде көрсетеді.
-Осы аталған бес арна ойынның ресми ашылу салтанатын бірдей уақытта тікелей эфирде көрсетеді. Ал ойын басталғаннан кейін әр арна жарысты спорт түріне қарай әртүрлі уақытта тікелей көрсете бастайды. Қай арна қай бәсекені көрсететінін өзара бөлісіп алған. Бірақ соның ішінде жарыстың басым бөлігін Qazsport телеарнасынан тамашалай аласыздар. Себебі ол арнайы мамандандырылған спорт арнасы, — деді Туризм және спорт министрінің қоғаммен байланыс және БАҚ жөніндегі кеңесшісі Диас Ахметшәріп.
Париж Олимпиадасында 12 қазақстандық маман төрелік етеді
XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында қызмет ететін қазақстандық төрешілер халықаралық федерациялардың арнайы іріктеуінен өтті.
Олар: Алуа Бектұрова (көркем гимнастика); Ольга Соловьева (ауыр атлетика); Әлия Каримова (әртістік жүзу); Юлия Игнатченко, Меруерт Қаукеева (теннис) ; Тимур Әмірбеков (спорттық гимнастика); Евгений Дьякокин (семсерлесу, сабля); Евгений Михеев (баскетбол); Ерік Жұмабеков, Игорь Лигай (күрес); Әлішер Алтаев, Ермек Сүйеніш (бокс).
P.S. Өткен олимпиадада алтынсыз қайтқан қазақ спортшылары осы жолы намысқа тырысады деген сенімдеміз. Бастысы, жеребе жолдас, бабы келісті болса болғаны. Ел намысын қорғайтын спортшыларымызға сәттілік тілейміз.
Дайындаған: Шахкерім Абай.