БҮГІНДЕ АУЫЛ ЖАСТАРЫНА МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН МҮМКІНДІК КӨП. СОНДАЙ-АҚ ОЛАРДЫҢ КӘСІБИ ДАМУЫНА БАҒЫТТАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАР ДА БАР. ОНЫҢ ІШІНДЕ «ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІ» МЕН «ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» БАҒДАРЛАМАЛАРЫН АТАП АЙТУҒА БОЛАДЫ. ДЕГЕНМЕН БҰЛ БАҒДАРЛАМАЛАРҒА ҚАТЫСЫП, МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНУШЫЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ АЗ. СЕБЕБІ ЖАСТАР АУЫЛҒА ТҰРАҚТАУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ. БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗҒА ОСЫ ТАҚЫРЫП ТҰЗДЫҚ БОЛМАҚ. СОНЫМЕН…
ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ
Бүгінде ауданда мемлекеттік жастар саясатын үйлестіруші арнайы орталық жұмыс жасайды. Ол — жастар ресурстық орталығы. Оның негізгі қызметі – жастарды қолдау, ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсету мен мониторинг жүргізу. Осы аталған міндеттерді атқарушы орталық басшысы Дәулет Серікбаевтың айтуынша, бүгінде мұғалжарлық жастардың саны — 14 404. Ал еңбек етуге қабілетті бола тұра, жұмыссыз жасауға құлықсыз NEET санатындағы жастардың саны – 422.
—Біз аудан жастарымен белсенді жұмыс атқаруға тырысамыз. Оның ішінде NЕЕТ санатындағы жастармен жүйелі жұмыс жасаймыз. Бұл санаттағы жастарды анықтау мақсатында қалалар мен елді мекендерде мекенжай жұмыстары күнделікті жүргізіліп тұрады. Жұмыс барысын жүйелі жүргізу мақсатында дерекқор базасын жасақтап, NEET санатындағы жастардың санын азайту, оларды оқыту, жұмыспен қамту, әлеуметтендіру, кәсіпкерлікке баулу және т.б. бағыттар бойынша жұмыстанамыз . «Zhas Projest» әлеуметтік жобасы туралы түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Оларды жұмыспен қамту үшін Мұғалжар аудандық мансап орталығымен бірлесе отырып, «Кәсіпкер бол» атты грант алу жолдарын және кәсіп ашу дағдыларын үйрету мақсатында ақпараттар беріледі. Жақын арада аудандық мансап орталығымен бірге 15-35 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамту үшін «Жас келсе, іске!» бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отырмыз, — деді орталық директоры.
Ол NEET санатындағы жастардан өзге ауданның көркеюіне өз үлестерін қосып жүрген жастардың көп екенін айтты. Олар бүгінде ауданның мәдениет, спорт, білім беру салаларында біліктіліктері мен білімдерін көрсетіп, елеулі еңбек етіп жүргенін де тілге тиек етті.
Алдағы уақытта жұмыс жоспарымызға сәйкес, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында, патриотизмді дамыту бағытында, құқықбұзушылықтың алдын-алу, волонтерлік қызметті қолдау бойынша, жас отбасылармен және NEET санатындағы жастарды оларға арналған бағдарламалармен және жобалармен таныстырып, түрлі санаттағы жастармен жұмыстар жүргіземіз, — деді Дәулет Серікбаев.
«ЖАСТАР ТӘЖІРИБЕСІНЕ» ЖАСТАР ҚЫЗЫҒАР ЕМЕС
Қолына енді ғана диплом алған жастардың тәжірибе жинауына мол мүмкіндік беретін бағдарламаның бірі — «Жастар тәжірибесі». 2007-2008 жылдары басталған бұл бағдарламаның игілігін көрген жастар көп. Бірақ бүгінде аталған бағдарламаға қатысып, тәжірибе жинақтауға құлықсыз жастар жетерлік. Бұл сөзімізді аудандық мансап орталығының мамандары да растайды. Олардың сөзіне сүйенсек, соңғы жылдары «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысушыларының саны күрт азайған. Ал оған себеп көп.
Аудандық мансап орталығы басшысының орынбасары Венера Урумбаева осы жылдың жоспары бойынша, аталған бағдарламамен 286 маман жұмысқа орналасу керек болса, бүгінге дейін оның 108-і ғана бағдарламаға қатысуға орталықтың жолдамасын алған.
—Жыл соңына дейін 268 мұғалжарлық жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаны жүзеге асыруға бюджеттен 287 млн 422 мың теңге бөлінді. Алайда биыл «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына қатысушы жастардың қатары тым аз. Бұрындары жоспарды артығымен орындайтынбыз. Ал 2024 жылдың 8 айының есебі бойынша 108 жас қана бағдарлама жолдамасын алды. Бұл дегеніміз, жастардың оқудан кейін ауданға оралмағандығын көрсетеді. Көпшілігі оқыған қалаларында қалып қояды немесе бағдарламаны маңызды санамайды. Олар бұл жұмыстың уақытша екенін, айлығының аздығын айтып, бұл бағдарламамен жұмыс жасағысы келмейді. Біз барынша түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз , түсіндіреміз. Бірақ жағдай осындай болып тұр. — дейді Венера Урумбаева.
Оның сөзінше, аталған бағдарламаға соңғы үш жылда оқу бітірген мамандар да қатыса алады. Олар өз мамандықтары бойынша тәжірибе жинақтау арқылы тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады. Еңбекақылары тұрақты түрде беріліп отырады.
«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА»: ЖАСТАР АУЫЛДА ҚАЛУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ
Жастарды ауылға тартуға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы да еңбек етем деген мамандарға таптырмас мүмкіндік. Осы уақытқа дейін аталған бағдарламаның игілігін қаншама маман көріп келеді. Дегенмен ауылға тұрақтап, үй алып, ауылда қалушылардың қатары аз. Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ғайният Асқаров өткен жылдан бері 6 маман келісімшарттарын бұзып, жұмыстан шығып кеткенін айтады.
-«Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысушылардың көпшілігі жастар. Ал жастардың көпшілігі ауылда жұмыс жасауға ынталы емес. Бірі айлық — тың аз екенін айтса, екіншілері тұратын үйлерінің жағдайсыздығын алға тартады. Ауылдардан сатып алатын үйлердің көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Сол үйлерді ауыл тұрғындары қымбат бағаға сатқысы келеді. Тұратын жері болмағаннан кейін жастардың ауылда тұрақтап қалуы әрине, оңай емес, — деді ол.
Аталған бағдарлама биыл да жалғасын тауып, қаржылық жоспарға сәйкес тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 22 млн 152,0 мың теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінді. Ал 2024 жылғы жоспар бойынша 20 маманға 7 млн 384 мың теңге көтерме жәрдемақы бөлінген.
—«Дипломмен ауылға» бағдарламасы пайдаланам деушілерге таптырмас мүмкіндік. Тұрақты жұмысқа орналасады, көтерме жәрдемақы алады, Одан қалды, жеңілдетілген несие арқылы тұрғын үй ала алады. Тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие 15 жыл мерзімге беріледі. Үй сатып алуға берілетін бюджеттік несиенің пайыздық өсімі 0,01 пайызды құрайды, — деді Ғайният Сүлейменұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, ауылға жұмысқа жолданатын кейбір жастардың үй сатып алу кезінде есепшоттарында түрлі қиындықтар орын алады екен. Яғни, құжат дайындап, үй сатып алу барысында олардың есепшоттарының бұғатталғаны анықталады. Бұл да жастардың ауылға баруына кедергі келтіреді.
Мақала дайындау барысында түрлі сала өкілдері мен жас мамандарға хабарласып, сөзге тарттық. Мақсат – жастарға берілген мүмкіндіктер мен қолдауы өздерінен есту.
Нұрбол ИБРАЕВ, Қ.Жұбанов атындағы орта мекбінің директоры: ЖАСТАР АРАСЫНДА БӘСЕКЕЛЕСТІК АЗ
— Осыдан оншақты жыл бұрын қолыма дипломымды алып, ауылға келген сәтімде ауданның қай түкпіріне жіберсе де барып, «жұмыс жасаймын» деген үлкен жанкештілік болды. Себебі ата-анамыздыңүмітінақтап, нанымыздыжегізубіздіңалдымызғақойғанүлкен мақсаттарымыздың бірі болатын. Ал қазіргі жастарда ондай ойдың барын, не жоғын нақты айта алмаймын. Бірақ ұжым басқарып отырғанбасшыретіндежастардыңарасындабәсекелестіктіңжоғынкөремін. Олар ауыл түгілі аудан орталығы Қандыағаш қаласында жұмыс жасауға құлықсыз. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін диплом бойынша жұмыс жасаудың орнына басқа кәсіппен айналысып кететіндер көп. Ауданорталығынажақын, коммуникациялықжағдайдыңбарлығы жасалған мен тұратын Жұрын ауылына келіп, жұмыс жасауға ниетті жастар аз. Біз аудандық білім бөлімі арқылы әлеуметтік бос орындарға конкурс жариялаймыз. Осы ашық конкурстарға қатысатындардың қатары тым сирек. Қатысса да бәсекелестік жоқ. Бұрын жастар жұмыс іздеп, түрлі есіктерді қағатын болса, қазір біз жастарды жағалап, жұмысқа шақырып жүретін жағдайға жеттік. Қолында дипломы бола тұра, жұмыс жасамай жүретін жастар да көп. Ауылда дайын тұрған жұмысқа келгісі келмей, қалада қалуды ойлап тұрады.
Илияш НИЯЗОВА, аудандық мәслихат депутаты: ЖАЛЫНДАҒАН ЖАСҚА МҮМКІНДІК КӨП
— Колледж басқарып отырғаннан кейін жастармен тығыз байланыста жұмыс жасаймын. Бүгінгінің жастарына қарап отырып, олардың дарындылығына, алғырлығына, еңбекқорлығына таң қаламын. Сондай-ақ қазіргі жастар ойын еркін жеткізе алатын батыл екенін байқаймын. Олармен сөйлесу барысында бір түйгенім, олар қарыштап дамуды қалайды. Жастар уақыттарын тиімді өткізе алатын түрлі ойын-сауық, спорттық, дамыту орталықтарының жоғына, көпшілік шаралардың ұйымдастырылмайтынына қынжылады. Мәдениет үйлері мен музейдің бүгінгі жағдайын айтып, қарағанда көз тоятын мәдени ғимарттардың жоғын жеткізеді.
Жастардың дамуына жол ашатын негізгі құрал – білім. Сол себепті жастарға бүгінгі нарықта экономикалық және заңгерлік сауаттылық аса маңызды. Жастарға осы бағыттағы білімкөбірек берілсе екен. Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға берілетін үлкен мүмкіндіктің бірі — білім гранттарының көптеп бөлінуі. Сауатты жастар осы мүмкіндікті пайдаланып, білікті маман болуға талпынуы керек. Оқуын аяқтағаннан кейін «Жастар тәжірибесі» және «Дипломмен ауылға» бағдарламалары да маман болып қалыптасуларына жол ашады. Ал кәсіпкер болғысы келетін жастарға қайтарымсыз гранттар беріледі. Сондай-ақ жастар бүгінде алыс-жақын шетелде оқуға, білімдерін толықтырып, тәжірибелерін елге алып келуге мүмкіндіктер қарастырылған. Қай салада болмасын жастардың еңбек етіп жатқанын көруге болады. Жастарға мемлекет тарапынан қолдау, біздің тараптарымыздан үлкен сенім бар. Сол себепті жанамын деген жастарға әрдайым жол ашық. Ал оны өз пайдасына жүзеге асыру — өздерінің қолдарында.
Нұргүл БИСЕН, жас маман: БОЛАШАҒЫМДЫ ҚАЛАМЕН БАЙЛАНЫСТЫРАМЫН
—Мен 2002 жылы Қандыағаш қаласындағы №4 орта мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, биыл Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін Ақпараттық қауіпсіздік мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтадым. Өкінішке орай, мен меңгерген мамандық Қандыағаш түгілі облыс орталығы Ақтөбе қаласында аса бір маңызға ие емес екен. Бұл мамандықты өзге мамандық иелері алмастырған және бос орындар мүлде жоқ. Туған қалам Қандыағаштағы маған ұсынылған жұмыстар көңілімнен шықпады. Сол себепті Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе техникалық колледжіне мұғалім әрі программист ретінде жұмыс орналастым. Алдағы уақытты магистратураға түсіп, білімімді әр қарай жетілдіруді жоспарлап отырмын. Менің мамандығымның негізгі міндеті — банктерде, ұлттық қауіпсіздік комитеттерінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Айгерім НҰРЖАНОВА, «Жастар тәжірибесіне» қатысушы: ТӘЖІРИБЕ ЖИНАУҒА — ДАҢҒЫЛ ЖОЛ
—Мен осы жылы облыс орталығындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін визуалды өнер және көркем еңбек мамандығы бойынша аяқтадым. Қолыма дипломымды алғаннан кейін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы тәжірибеден өту үшін аудандық мансап орталығына барып, құжаттарымды тапсырдым. Орталық мамандары Қандыағаш қалалық №5 орта мектебінде жұмыстың барын айтып, жолдамамен осы жаққа жіберді. Жұмысқа орналасқаныма көп болмады. Алдағы уақытта осы мүмкіндікті пайдаланып, мектептің біліктімамандарынан білмегенімді үйреніп, тәжірибемді толықтыратын боламын. Егер өзімді жан-жақты көрсете білсем, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік болады екен. Сондықтан барынша тырысып, тұрақты жұмысқа тұруға ұмтыламын.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ