«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНЫНДА — МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ШАБАНДОЗ ҺӘМ КӨШІМ ЖЫЛҚЫСЫ

ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНДА ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕ АСТАНАҒА КӨЗ ТІКПЕК. СЕБЕБІ V ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫ ӨТКІЗІЛЕДІ. ДҮБІРЛІ ДОДА ҚАРСАҢЫНДА «ҰЛЫ ДАЛА ЖОРЫҒЫ» МАРАФОН-БӘЙГЕСІ ДЕ АЛҒАШ РЕТ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТЕДІ. ОҒАН ИРАН, ТҮРКИЯ, ВЕНГРИЯ, ҚЫРҒЫЗСТАН, ОҢТҮСТІК АФРИКА РЕСПУБЛИКАСЫ МЕН РЕСЕЙДЕН 20-ҒА ЖУЫҚ КОМАНДА ҚАТЫСАДЫ. АТ ТҰЯҒЫ ДҮБІРЛЕГЕН ДОДАҒА АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ АТ СПОРТЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ, МҰҒАЛЖАРЛЫҚ АТБЕГІ АЙБЕК НАҚПАЕВ БАСТАҒАН ШАБАНДОЗДАР ҚАТЫСЫП, ЕЛІМІЗДІҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙТЫН БОЛАДЫ. БҮГІНДЕ ОЛАР ҚЫЗУ ДАЙЫНДЫҚ ҮСТІНДЕ. КҮНІ КЕШЕ ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ ЕҢБЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ БАРЫП, ШАБАНДОЗДАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҒЫН КӨЗІМЕН КӨРІП КЕЛДІ.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Астананың төрінде 8-14 қыркүйек аралығында өтеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 85 мемлекеттен 2000-нан астам спортшы қатысады. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты мен ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұған қоса, ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген.

Дүбірлі додаға дайындалып, ат жаратып жүрген шабандоздарды Еңбек ауылдық округіне қарасты Сағашилі ауылынан Жетінші ауылға барар жолда жолықтырдық. Олар жайлаудың көк шалғынында жүрген жүйріктерді шабыс күйіне дайындап, бәйгеге бабын келтіруде. Бас бапкер Айбек Нақпаев жүйрікті баптап, жаратудағы мақсат – оны ең алдымен шабатын күйге жеткізу екенін мәлімдеді.

Жүйрік баптауға ден қойған адам әуелі, баптауға ұстаған жылқысының жай-жапсарын жақсы білуі керек. Жүйріктің табиғатына, бітіміне, сипатына байланысты оны жарату, баптау әдістері де әр алуан болады. Бәрін бір тәсілмен баптау қате. Өйткені, әрбір ат бір-бір әлем. Оның табиғи мінезі бап тілеу ерекшелігі бір-біріне ұқсамайды. Жүйрік жылқы жергілікті табиғатына, жайылған жеріне, орналасқан мекеніне қарай бапталады. Алдымен оның тұқым-тегіне, бітім-нышандарына назар аударған жөн, — деді ол.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтетін халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысушы шабандоздар 500 шақырымды еңсеруі тиіс. Марафон-бәйге Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай елді мекенінде басталып, меже Астана қаласының түбіндегі Бозоқ қалашығынан аяқталады. 3-7 қыркүйек аралығында өтетін ауқымды спорттық шарада әлемдегі үздік жылқы тұқымы анықталмақ. Марафон-бәйгенің Ботайдан басталуының басты бір себебі – ғалымдардың зерттеуінше, 5 мың жыл бұрын адам баласы жылқы малын дәл осы жерде алғаш рет қолға үйреткен. Ал Бозоқ қалашығы VIII-X ғасырлардағы көне түркілердің киелі мекені болып саналады.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Біздің жыл санауымыздан 3600-3700 жыл бұрын энеолит дәуірінде өмір сүрген ботайлықтар Есілдің жағасын мекендеп, жылқыны қолға үйретіп, оның етін тұтынып, қымызын ішіп күнелткен. Зерттеушілер осындағы жылқы сүйегінің бір жерге аса көп мөлшерде шоғырланғанына қарап, ботайлықтар жылқы малын будандастыруды да меңгерді деген тұжырым жасайды. Сол секілді француздың атақты шығыстанушы ғалымы, академик Рене Груссе өзінің «Дала империясы» атты еңбегінде «ең алғаш жылқы малын қолға үйретушілер көшпенділер болған» дей отырып: «Сайын дала – жылқының отаны. Далалықтар жаратылысынан ат құлағында ойнаған сарбаздар һәм ат әбзелдерін ойлап табушылар да осылар…» дейді.

Халықаралық марафон бәйгеге қатысатын ақтөбелік шабандоздар Мұғалжар жерінен шыққан асыл тұқымды «Көшім» тұқымдас жылқысының мәртебесін қорғайтын болады. Бұл команда өткен жылы да «Ұлы дала жорығы» бәйгесіне қатысып, 1300 шақырымды артқа тастап, ел бойынша 19 команда арасынан жүлделі ІІ орынды иеленіп, ауданның абыройын асқақтатқан болатын. Енді халықаралық додада бақ пен бапты сынға салатын шабандоздардың қатарында команда капитаны Әлихан Мұханбетов, Асхат Қайырмағамбетов, Сейілғазы Аймағамбетов, Жасұлан Елубаев, Бауыржан Ермағанбетов бар. Команда мүшесінің ең үлкені — Сейілғазы Аймағамбетов. Жасы 56-ға келген ел ағасы осы уақытқа дейін аттан түспей, ат жалын тартып мініп, жастарға үлгі болып жүр.

Бүгінде облысымыз бойынша ат спортына ден қойылып келеді. Өткен жылы республикалық бәйгеге қатысып, жүлделі болсақ, биыл халықаралық додаға қатысып, жүйріктеріміз бен шабандоздарымыздың бабын сынамақпыз. Додаға асыл тұқымды, мініске арналған «Көшім» жылқысын қосып, әлемдегі ең үздік жылқы тұқымы ретінде қорғап шықпақпыз. «Көшім» жылқылары күй талғамайтын, ауа-райына төзімді болып келеді. Біздің жылқылардың ішінен әбден мініске төселген, аталарымыз айтқандай «сары табан болған», жастары 13-14-ке келген 5 жылқына таңдап алдық. Жылқы малы жасы ұлғайып, сақайған сайын мықты, белі қатты болады. Қазақтың «тоғызымда туғанмын, ат секілді болғанмын» деген сөзінде де үлкен мән жатыр, — деді бапкер.

Ақтөбе облысы командасының бапкері Айбек Нақпаевтың айтуынша, биыл марафон-бәйгеге дайындық кезінде облыс аумағындағы барлық аттарды жинап, іріктеу еткізген. Соның нәтижесінде түрлі бәйгелерге қатысып, жүлделі орындардан көрініп, жүрген, бабы мен бағы жанған «Ақбөкен», «Ақтанау», «Малыш», «Төре торы», «Хан күрең» атты жүйріктер таңдалып алынған.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Көшім жылқысы – ет-сүт бағытындағы, мініп-жегуге арналған жылқы тұқымы. Қазақ жылқысы биелерін орлов, орыс желісті және таза қанды салт мініс дон жылқысы айғырларымен шағылыстырып, олардың буданын «өзара» сұрыптау арқылы Батыс Қазақстанның жылқы зауыттарында шығарылған. Жеке тұқым ретінде 1976 ж. қабылданған. Көшім жылқысы қазақ жылқысынан едәуір ірі, бітімі шымыр, басы ірі, мойны тым ұзын емес, шоқтығы биік, әдемі, кеудесі кең, қабырғасы шеңберленіп біткен, жаялы, белді, кейде қайқы бел келетіндері де бар, сүйегі берік, жұмысқа төзімді, тебіндетіп бағуға жақсы бейімделген.

Бүгінде дайындығымыз өте жақсы. Күн сайын жылқыларды жайылымға шығарып, түрлі қашықтықта жүргізіп отырамыз. Жүйрік жылқыны баптаудан басқа уақыттарда қинамау керек. Қаражарысқа салып терлетіп, таң асыру да маңызды. Жылқыны жаттықтыру кезінде сіңірлері созылып, аяқтарының бұлшық еттерін ширатамыз. Осылай қамдаған жүйріктің күшқуаты кемімей, қалпын сақтайды. Жылқыны күнделікті мініске салу денесіне жиналған бос судан терлету арқылы арылтады. Жарыс күні де жақындап қалды. Бұйырса, шабандоздарымыз жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын, — деді Айбек Нақпаев.

Түйін

Қазақ даласын қызыққа бөлейтін Көшпенділер ойынын барша спорт сүйер қауымның тағатсыздана күтетіні анық. Ендеше, дүбірлі доданың жағымды жаңалықтарын сүйіншілейтін күн де алыс емес. Жерлестердің жүлдемен оралуына тілектеспіз.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Салақтыққа сабақ керек

admin_mugalzhar

Мұғалімдердің айлығы тағы 25%-ға өсті

admin_mugalzhar

АЛҚА ТАҚҚАН АСЫЛ ЖАН

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.