«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫ: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС, ТАБЫСТЫ ЕҢБЕК

Биыл мемлекеттік кірістер комитетінің құрылғанына — 10 жыл. 2014 жылдың 14-ші тамызында ел Президенті салық, кеден және экономикалық тергеу қызметін біріктіру арқылы жаңа комитет құру туралы Жарлыққа қол қойды. Қазір аталған орган халықтың әлеуметтік дамуы мен мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Атаулы мерекеге орай, ауданның бюджетін толықтыру және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында қызмет атқаратын аудандық кірістер басқармасының жалпы қызметі мен мамандары туралы жазғанды жөн көрдік.

МАҚСАТ – САЛЫҚ ТҮСІМІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Бүгінде кірістер комитеті елдің дамуы үшін өте маңызды функцияларды жүзеге асырады. Мемлекеттік кірістер органдарының әрбір қызметкері ел бюджетін толықтыруда, мемлекеттік, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда елеулі еңбек етуде. Сонымен бірге аудан аумағында жолдардың салынып, инфрақұрылымдар, мектептер, ауруханалар, балабақшалардың бой көтеріп, азаматтарға кепілдік беріліп, тегін медициналық көмек көрсетіліп және елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында өз үлестерін қосуда. Аудандық кірістер басқармасының басшысы Асылбек Нурлин бүгінде өзі басқаратын мекеме қызметкерлерінің негізгі атқаратын мемлекеттік қызметтеріне тоқталды.

Біздің қызметкерлердің негізгі атқаратын қызметі — салық түсімдерін қамтамасыз ету. Сондай-ақ салық төлеушілерге, жеке кәсіпкерлік және шаруа қожалықтарына түрлі тақырыптарда түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жеке тұлғалардың мүлік, жер, көлік және жерді жалға беру салықтарын есеп беттеріне ыңғайластырады. Жалпыға бірдей декларацияларды тапсыруға көмектеседі және жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың уақытылы салық есептіліктерін тапсыруын қадағалайды, — деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ ол мекеме заман ағымы мен талабына сай цифрлы платформалар аясында жұмыс жасап жатқанын жеткізді.

Мұғалжар ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы заман ағымына және талабына сай цифрлы платформалардың да дамуына үлес қосуда. Сондай-ақ салық төлеушілерге үйден шықпай, интернетпен қамтамасыз етілген болса, барлық салықтық қызметтерін қолжетімді деңгейде алуына мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, басқарма қызметкерлері мемлекеттік қызметтерді оңай және жылдам алудың мүмкіндіктері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қазіргі таңда басқарма ғимаратында касса қарастырылмаған, алайда, басқарма қызметкерлері көлік, жер мен мүлік салықтарының да есептілігін өткізіп, уақытылы тапсырылуын қадағалайды, — деді ол.

ЭЛЕКТРОНДЫ САЛЫҚ ӘМИЯНЫ – ЖАҢАШЫЛДЫҚҚА ҚАДАМ

Кірістер комитеті 2020 жылдан бастап электрондық салық әмиянының функцияларын орындайтын түрлі қосымшаларды іске қосты. Олар — e-Salyq Azamat, eSalyq Bussiness, SalyqBot платформалары. Басқарама басшысы Асылбек Қылышниязұлы бұл қосымшалар салық төлеушілер арасында сұранысқа ие екенін айтады.

Аталған қосымшалар салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат негізінде арнайы салық режимін қолдану, дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою (осындай тіркеу есебінен шығару) кезінде салық міндеттемелері мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындаудың оңайлатылған тәртібін қолдану мақсаттары үшін әзірленген.

-Соңғы жылдары электрондық салық әмиянының функцияларын орындайтын «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы енгізілді. «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын App Store және Google Play қосымшаларының дүкендерінен тегін жүктеуге болады. e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы жеке тұлғаларға арналған, оның ішінде салық берешектерін білу, артық төлемдерді қайтару, жалпыға бірдей декларациялау баптарын қолдануға болса, eSalyq Bussiness платформасы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың салықтық есептіліктерін тапсыруға және кәсіпорындардың берешектерін қадағалауға мүмкіндік береді. Ал «SalyqBot» қосымшасы цифрлық салық консультанты байланыс орталықтарына келіп түсетін өтініштер негізінде әзірленген деректер базасына иелік етеді. Бұл пайдаланушыға салық және кеден заңнамасы бойынша қойылған сұрақтарға оператордың қатысуынсыз жедел жауап алуға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы.

АУДАН БЮЖЕТІ 13 МЛРД-ТАН АСТЫ

Аудандық кірістер басқармасының жүйелі жұмысының арқасында соңғы жылдары аудан бюджеті ұлғайып келеді. Басқарма басшысы аудандық кірістер басқармасында аудан бойынша 555 заңды тұлғаның, 4276 жеке кәсіпкердің, 496 шаруа қожалығының тіркелгенін айтты.

Жыл сайын аудан бюджеті өсіп келеді. Атап айтатын болсам, 2021 жылы аудан бюджеті 10 млрд 860 млн 800 мың теңге болса, 2022 жылы 11 млрд 199 млн 900 мың теңге болды. Ал 2023 жылы бюджет артығымен орындалып, 13 млрд 616 млн 900 мың теңгені құрады. 2024 жылдың 1 тамызына дейін орындалған бюджеттің көлемі 8 млрд 185 млн 700 мың теңге болып отыр. Мұғалжар ауданы жер қойнауы жағынан облыстағы өзге аудандарға қарағанда ең бай аудандардың қатарын бастайды. Аудан аумағында ірі-ірі өндірістік мекемелер орналасқан. Соған сай, үлкен кәсіпорындардан аудан бюджетіне түсетін салық түсімдері де айтарлықтай көп. Атап айтатын болсам, аудан бюджетінің көп бөлігін «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» және «AltynEx Company» акционерлік қоғамдары мен «Қазақойл Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен түскен салық толықтырады, — деді Асылбек Нурлин.

Осы жылдың наурыз айынан бастап «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» деп аталатын заң күшіне енді. Бүгінде қарызға батқан жеке тұлға өзін банкрот деп жариялап, қарыздары кешірілуде. Осы аталған жұмысты да аудандық кірістер басқармасының мамандары жүйелі атқаруда. Банкроттық жариялау басталғаннан бастап Мұғалжар ауданы бойынша 224 жеке тұлға өзіне банкроттық деп жариялауға өтініш берген. Оның ішінде: 26 жеке тұлға банкрот деп жарияланған. Ал 180 жеке тұлғаның өтініші мақұлданбаған. Ал бүгінде 18 жеке тұлғаға банкроттық рәсімі жүргізілуде.

БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ҰЖЫМ

Аудандық кірістер басқармасының тарихы 1990 жылдан басталады. Сол жылы Октябрь ауданы мемлекеттік салық инспекциясы құрылады. Кейін жоғары органдардың заңнамаларына сәйкес атауы бірнеше рет өзгертіледі. Осы жылдар аралығында аудандық салық органын Бексұлтан Дентаев, Эльмира Егізбаева, Нұржан Аққұл, Абай Біржанов, Сансызбай Мұқановтар басқарды. 2020 жылдан бастап бүгінге дейін Асылбек Нурлин басқарып келеді. Ал басшының орынбасары қызметін Нұрлыбек Мұхамбетов атқарады. Бүгінде аудандық кірістер басқармасында жалпы саны 18 адам жұмыс жасайды.

Оның ішінде 1 маман Ембі қаласындағы әкімшілік ғимаратында халыққа мемлекеттік қызмет көрсетеді.

Басқармада 3 бөлім бар. Зухра Жарғақова басқаратын есеп бөлімінде 4 адам, Сержан Уаисов басқаратын камералдық бақылау және өндіріп алу бөлімінде 6 адам, Зауреш Амантаева бастаған салық төлеушілермен жұмыс бөлімінде 6 адам қызмет атқарады. Мен басқаратын ұжым бүгінде жемісті еңбек етуде. Оның бір дәлелі осы мерейтой қарсаңында менің орынбасарым Нұрлыбек Мұхамбетов және бөлім басшысы Сержан Уаисов «ҚР Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік кірістер Комитетіне — 10 жыл» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен бірге осы мерейтой аясында республика көлемінде өткізілген сайыс нәтижесін бойынша басқарманың бас маманы Гүлмайра Пірмағамбетова «Халыққа қызмет көрсету орталығының үздік қызметкері» атағына ие болды, — деді басқарма басшысы Асылбек Нурлин.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЖАСАНДЫ ЖОЛ КЕДЕРГІСІ ОРНАТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстандық ауыл тұрғындары бизнесті дамытуға 2,5%-бен несие ала алады

admin_mugalzhar

Қазақстанда медициналық сақтандыру қоры есебінен емдеу тәртібіне өзгеріс енгізіледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.