Көктемгі су тасқыны кезінде Батпақкөл ауылдық округінің орталығы Жағабұлақ ауылындағы «Балауса» бөбекжай-бақшасының жертөлесі суға толып, нысанға айтарлықтай зиян келтірген еді. Бүгінде осы олқылықтық орнын толтыру мақсатында ауылда 100 орындық жаңа балабақшаның құрылысы басталды.
Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжолдың айтуынша, жаңадан бой көтеріп жатқан 100 орындық бақша ғимаратының құрылыс жұмыстарын «Санжар» ЖШС-і жүргізуде. Құрылысқа қажетті қаржы республикалық бюджеттен бөлінген.
— Бөбекжай-бақшада бүгінгі таңда 50 бала тәрбиеленуде. Осы уақытқа дейін бұл ауылда балабақша кезегі мәселе болып тұрған еді. Бүгінде ескі балабақшаға сыймаған 50-ден астам бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Жаңа балабақша салынып біткеннен кейін аталған мәселе шешімін табатын болады. Бұл жаңалық ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болатыны сөзсіз. Бүгінде құрылыс басындағы құрылысшылар нысанның іргетасын құйып болды. Енді қабырғалары қаланатын болады, — деді бөлім басшысы Бахраман Қуанышұлы.