«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КҮН ТӘРТІБІНДЕ — ЖЕР МӘСЕЛЕСІ

Жерді ел игілігіне жарату — заман талабы. Дегенмен жерді игеру әрі пайдалану барысында мемлекет тарапынан қойылатын заңнама талаптарын бұлжытпай сақтау да басты талап. Жерді ауыл шаруашылық, өнеркәсіптік, құрылыс мақсатында кәдеге жарататын кәсіпкерлер де жетіп артылады. Ауданда жер алып, жеке кәсібін табысты жүргізіп отырған жандардың үлесі де артып келеді. Әйтсе де, бұл салада кемкетіктер де жоқ емес. Бүгінгі мақаламызда аудандағы жер қатынастары саласының жай-күйі жөнінде тарқатып жазуды жөн көрдік.

Мұғалжар ауданы бойынша жалпы жер көлемі – 2 786 180 га Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 1 416 713 га. Қалалық және ауылдық елді мекендер жері – 491 916 га, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлері – 166 810 га, орман қоры жерлері – 57 469 га болса, ал аудандық босалқы жер қоры – 653272 га.

Жер қатынастары бөлімінде 479 шаруа қожалығының 1 293 589 гектар жері, 17 жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, 2 АҚ-ның 120 817 гектар жері, 3 ауыл шаруашылық кооперативінің, 4 басқа да ауылшаруашылығы жерлердің 2002 гектар жер учаскелері тіркелген, — деді Мұғалжар ауданы бойынша жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ұлан Тлеубаев.

Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің саны былтыр – 490 болса, биыл ол сан 505-ке артқан. Ал шаруа қожалықтарының саны былтыр 464 болса, биыл 479, ЖШС-і, АҚ-ы жерлерінің саны былтыр 19 болса, биыл да сол көрсеткіште тұр. Ал ауылшаруашылық кооператитерінің саны биыл да, былтыр да 3 болса, басқа да ауылшаруашылық жерлерінің саны 4-тен аспаған. Аудан бойынша жылдың басынан 61 жер иеленушіге көлемі 6,0262 га болатын 68 жер учаскесінің бағалық құны 34 195 132 теңгеге сатылған. Сондай-ақ жылдың басынан 180 жер пайдаланушыға жалпы көлемі 4184,9 га болатын 197 жер учаскесі уақытша өтеулі пайдалануға беріліп, жылдық жалдық ақысы 2 230 037 теңгеге келісімшартқа отырылған.

Бөлімге 100 арыз-шағым түскен

Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты бойынша 2024 жылдың басынан 271 жерге орналастыру жобасы, оның ішінде электронды түрде — 271, «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат беру» бойынша 2 қызмет, іздестіру жұмыстарына рұқсат беру бойынша 3 қызмет, жер учаскесінің жалдау шартын ұзарту бойынша 4 қызмет, жер учаскесін жеке меншікке бірден немесе бөліп төлеуге шешім беруге 1 қызмет көрсетілген.

Биыл аудандық Жер комиссиясы отырысының 332 хаттамасы дайындалып, олардың 63-і заңды тұлғалар мен мемлекеттік мекемелерге, 269- ы жеке тұлғаларға берілсе, мамандырылған кәсіпорындарға жолдама арқылы жіберілді. Жалпы жылдың басынан 7 жер таңдау актісі жасалды. Ал 8 өтінішке жер комиссиясының хаттамасымен келісім берілмесе, 1 өтініш бойынша жер учаскесі игерілмегендіктен қосымша жер берілген жоқ. Сондай-ақ 2 өтініш бойынша өтпе жолдың таралуына, жүргінші жолдың қысқаруына әкеліп соғатындықтан, 1 өтініш бойынша такси тұрағына арнайы белгіленген жер учаскесіне түспеуіне байланысты, 1 өтініш газ құбырының өтуіне, 1 өтініш өрт қауіпсіздігі бұзылуына және 1 өтініш бау-бақша ұжымының ордері болмауына байланысты келісім берілген жоқ, — деді Ұлан Тлеубаев.

Оның сөзіне сүйенсек, бөлімге барлығы 100 арызшағым түскен, оның ішінде заңды тұлғалардан-75, жеке тұлғалардан-25 өтініш білдіріліп, барлығына уақытылы жауап қайтарылған екен. Сонымен қатар 39 заңды тұлға, 25 жеке тұлғаға аудан әкімдігінің қаулысы дайындалған.

Былтыр, яғни, 2023 жылдың 22 қыркүйек айында кәсіпкерлік мақсатта жалпы көлемі шамамен 28,0731 га болатын 17 жер учаскесі аукцион арқылы сатылымға шығарылды. Осыған орай 14 жер учаскесінің 27,615 гектарына жеңімпаз анықталып, жалдау құқығы 32 782 315 теңгеге сатылған болатын. Ал 2022 жылдың 6 мамырында жалпы көлемі шамамен 88 мың га болатын 25 жер учаскесі конкурс арқылы жалға берілсе, 2023 жылдың 2 мамырында 64 мың га болатын 33 жер учаскесін конкурс арқылы жалға берілді, — деді ол.

9802 га жер мемлекетке қайтарылған

2022 жылдан бері қарай Мемлекет басшысының жер телімдерін тиімді әрі мақсатты пайдалану, бос жатқан жерлерді мемлекетке қайтару тапсырмасына сәйкес, ауылшаруашылығында игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қолға алынды. Бөлім басшысының міндетін атқарушы осыған байланысты жер учаскелерін көп жылдар бойы пайдаланбай жүрген шаруа қожалықтары басшыларының шақыртылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін айтып, кейін пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің кері қайтарылғанын да жеткізді.

Аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге тоқсан сайын мониторинг жұмыстарын жүргізіп, тиімсіз немесе өз мақсатында пайдаланылмай отырған жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстарын ұйымдастырудамыз. Біз жыл сайын мемлекет меншігіне қайтарылатын жайылымдық жерлерді артығымен орындап келеміз. Атап айтсақ, 2021 жылы аудан бойынша босалқы жер қорына 46016 гектар жер өткізілді. Негізгі жоспар 45000 гектар болған. Ал 2022 жылы жоспар бойынша 45000 гектар жерді қайтарып алу керек болғанбыз. Бұл жылы да жоспарды 107 пайызға орындап, 48223 гектар жерді мемлекет меншігіне өткіздік. 2023 жылы босалқы жер қорына аудан аумағындағы 15 шаруа қожалығының игерілмеген 31733 гектар жері кері қайтарылды, — дейді Ұлан Тлеубаев.

Ал биыл жылдың басынан бүгінге дейін 9802 га жер учаскесі мемлекетке қайтарылған.

Босалқы жер қорына 31733 га өтті

2023 жылдан бері қарай барлығы 31733 га жер учаскесі ауданның босалқы жер қорына қайтарылған. Оның ішінде 1482 га егістік, 30251 га жайылымдық жер. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару үшін және шаруа қожалық басшыларын заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартқызу үшін 17343 га жер учаскесі бар 11 шаруа қожалықтың құжаттары Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

Дәл солай Қандыағаш қаласы аумағында нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмай, кәсіпкерлік мақсаттағы игерілмеген 5 жер учаскесі анықталған. Оның ішінде, 480,0 шаршы метр жер учаскесі бар 1 жер учаскесі қала әкімінің шешімімен мемлекеттік босалқы жер қорына қайтарылды. Қалған 0,5490 га бар 4 жер учаскесі бойынша жер қатынастары бөлімі, аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі мамандарымен бірлесіп, жер учаскелеріне зерттеу актісі толтырылып, құжаттары шара қолдану үшін Ақтөбе облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды, — деді бөлім басшысының міндетін атқарушы.

Ішкі шаруашылық жерге орналастыру жұмыстары қарқынды жүруде

Аудан бойынша жайылымдық жер жетіспейтін Талдысай, Еңбек ауылдық округтеріне аудан әкімдігінің бірлескен қаулысы мен мәслихатының шешімімен 26321 га, Жұрын, Ақкемер, Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтеріне ішкі шаруашылық жерге орналастыру жұмыстары жүргізіліп, аудандық босалқы жер қорынан қосымша 29742 га, барлығы 56063 га жер учаскелері бөлінген. Сондай-ақ Мұғалжар ауылы, Егіндібұлақ, Құмсай ауылдық округтеріне ішкі шаруашылық жерге орналастыру жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, қосымша 20960 га берілген. Бұлар 2021 жылы жүргізілген жұмыстар болса, 2023 жылы Батпақкөл, Құмжарған ауылдық округтеріне жергілікті бюджеттен берілген қаражатқа 54215 га жер бөлінген.

Сонымен қатар 2023 жылдың мәслихат сессиясымен 2024 жылға Қандыағаш, Ембі және Жем қаласы, Қайыңды, Ащысай, Қандыағаш, Ембі мен Жем қалаларының ішкі шаруашылық жерге орналастыру жұмыстарына 6 975 000 теңге, ал Мұғалжар, Егіндібұлақ, Құмсай, Қ.Жұбанов, Қайыңды, Ақкемер, Батпақкөл, Құмжарған, Ащысай округтеріне қарасты елді мекендер аумағының шекараларын бекіту жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру үшін 33 313 000 теңге мөлшерінде аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, мамандандырылған мекемемен шартқа отырған.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандағы ең жоғарғы зейнетақы — 1200 доллар

admin_mugalzhar

ҚАШЫҚТАН ОҚЫТУ: ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

admin_mugalzhar

725 мыңға жуық адамға жәрдемақы берілді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.