«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰСТАЗДЫҚТЫ ТАҢДАҒАН ЖУРНАЛИСТ

Мереке қарсаңында біз сөз еткелі отырған Зәрузат Бектурлинанының есімі еңбектіктерге жақсы таныс. Отыз жылдан астам уақытын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған ол мұғалім атты мәртебелі мамандықтың мәйегіне айналған жан.

Зәрузат апаймен әңгімеміз балалық балдәурен шағымен басталып, ардақты ата-анасымен жалғасты.

Мен кішкентай ғана бекет Темір-көпірде дүниеге келдім. Сол жерде 3 кластық бастауыш мектептің табалдырығын аттадым. Кейін Сағашилі ауылындағы Абай атындағы орта мектепте оқыдым. Мектепке жаяу қатынайтынбыз. Екі ауылдың арасы 3-4 шақырымды құрайды. Күннің бораны мен аязына қарамай, кластастарымызбен топтасып алып, сабақтан бір күн де қалмайтынмын. Кейдеойлаймын, осындай табиғаттың тосын жайлары адамның мінезіне әсер ететін секілді. Бойжеткен тұсымда бірбеткей, өжет болып өстім. Өмірде дұрыс қалыптасып, бой түзеуіме ата анамныңда тигізген ықпалы зор болды. Ата-анамның көзі ашық, көкірегі ояу жандар болатын. Әкемнің 4 кластық, анамның 7 кластық білімі болды. Бірақ олардың сауаттылығына таң қалатынмын. Сол уақтта біздің отбасымызда әдеби кітап оқу дәстүрі қалыптасты. Жарық көрген әдеби кітаптарды үзбей оқып, оны талқылайтынбыз. Айтпақшы, әкем қазіргі «Мұғалжар» бұрынғы «Октябр туы» газетінің штаттан тыс тілшісі болды. Аудандық газетке үзбей мақала жазып тұратын. Ол жазатын мақаласын маған айтып отыратын. Ал мен болсам қағаз бетіне түсіріп, хатшылық қызмет атқаратынмын. Өзім де қолыма қалам алып, «Қазақстан пионері» газетіне мақала жіберетінмін. Ал олар жариялап тұратын. Содан болар менің де қызығушылығым тілшілікке ашылып, журналистика мамандығына оқуға түстім, — деп еске алды жастық шағын Зәрузат апай.

Әңгіменің бағыты менің мамандығыма ауғанын байқап, «Сіз де журналистикада оқыдыңыз ба? Онда қалай мұғалім болып кеттіңіз», деп сұрадым. Ал ол болса: «Иә, мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистка факультетіне оқуға түстім. Мемлекеттік тәжірибеден бұрынғы «Лениншіл жас» қазіргі «Жас алаш» газетінен өттім. Мен журналистикалық ілімді Тауман Аманғосов, Бауыржан Құрманқұлов, Зейнулла Қабдолов Темірбек Қожекеев секілді журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен тұлғалардан алдым. Талғар қаласында «Жұлдыз» газетінің редакциясы жұмысқа шақырды. Бірақ туған жеріме қызмет етуді үлкен борыш санап Октябрь ауданына қайтып келдім. Бірақ мен келген уақытта қазақ тіліндегі журналистке бос орын болмады. Сөйтіп комсомолдық қызметке кірісіп кеттім» деп жауап берді.

Зәрузат Жақыпқызының комсомолдық қызметтен мектепке ауысып келуіне сол кездегі мектеп директоры Лидия Кливец сеп болған. Ауыл мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалімнің жоғын айтып, мектепке жұмыс жасауға шақырады. Мектепдиректорынантүскен ұсыныстықайтармай, мектеп табалдырығын жас-қана аттаған сәтте өзінің класс жетекшісі Бақтығали Мұқышев деген азамат, ұстаздық ұлағатын, ағалық қамқорын білдіріп, білікті маман болып қалыптасуына қолдауын көрсеткен.

Алғашында барып көрейін, ұнаса жасармын, ұнамаса қайтармын деген ниетпен келген болатынмын. Мен оқушыларға алғашқы сабағымды беріп тұрып, ұстаз болудың сондай керемет екенін сезіндім. Алдымда отырған балалардың барлығын жақсы көріп кеттім. Сөйтіп мұғалім деген мамандыққа құмартқаным соншалық, 33 жыл уақытымның әп-сәтте өтіп кеткенін, зейнет жасыма қалай жеткенімді байқамай қалыппын, — дейді ардагер ұстаз.

Ол 1991 жылдан бастап 2024 жылға дейін үзіліссіз Сағашилі орта мектебінде қызмет атқарды. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, бағыт-бағдар беріп, өміратты үлкен жолға қадам бастырды. Бала жанының бойына сүңгіп, оның ой, санасымен санасып, тұлға болып қалыптасуына жол ашты. Осы жылдар аралығында өзі оқытқан оқушылар арасынан 24 бала ұстазының жолын жалғап, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атаныпты.

Мен сабақ беру барысында балаларға еркіндікті көп беретінмін. Олармен көп сөйлесетінмін. Адамдар сөйлесе алғанда ғана бір-бірінің жаны терең түсінеді. Оқушымен арамыздағы байланысты күшейту үшін оларды табиғат аясына жиі алып шығып, ойларын біліп, түрлі тақырыпта сөз қозғаймын. Осындай сәттерде ел жақтырмайтын сотқар бала да, қой аузынан шөп алмайтын момын оқушы да ашылып, жақындай түседі. Осындай жақындықтан болар, оқушыларым мені өз аналарындай сыйлап жүреді, Бұл менің ұстаздық жолымда ең үлкен жетістігім, — дейді бала жанының психологі болған Зәрузат апай.

Ол білім беру саласында өзі қызмет атқарған жылдарда бірнеше реформаның жасалғанын тілге тиек етті. Өзі қызмет атқарған Сағашилі орта мектебі ауданда алғашқылардың бірі болып, 12 жылдық білім берудің тәжірибесінен өткен. Білім беруге қажетті әдіс-тәсілдер мен оқулықтарды зерделеуге қатысып, бірнеше мәрте республикалық семинарларға барып, оқулық авторлармен кездесіп, кітаптың кемшін тұстарын айтып, алдағы уақытта жасалатын бағдарламаларға ұсыныстар білдіріп отырған.

Ұлттық құндылық десе, ішкен асын жерге қоятын Зәрузат апай сол кездерде ұмыт бола жаздаған Ұлттық мерекеміз Наурыз тойын ауылда қайта жаңғыртуға мұрындық болған. Бүгінде ол тәрбиелеп, білім берген шәкірттер аудан, облыс, республика көлемінде қызмет атқарып жүрген белді мамандар. Тіпті кейбірі ғылым жолын таңдап, доктор атанған.

Жаңашылдыққа жаны құмар ардагер-ұстаз артынан ерген жас мамандарға да ақыл-кеңесін айтып қалды.

Бүгінде мұғалімдердің мәртебесі артып келеді. Мектептерде ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған. Жыл сайын еңбекақылары көтерілуде. Жас маманға енді не істемек керек? Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында жанкештілік пен жаңашылдық керек! Бүгінгі балалардың өресібиік, қиялы жүйрік. Сол себепті ұстаздар үнемі ізденіп, оқушыларға заманауи жаңалықтар ұсынғаны дұрыс. Ата-аналармен тығыз байланыста болып, мұғалім, оқушы, ата-анадан құралған үш тағанды теңдей ұстап, өз біліктіліктерін көрсету керек деп есептеймін. Сонда ғана ұстаз атты ұлағатқа жете аласың, — деді ол.

Зәрузат Жақыпқызының осы жылдар аралығында жасаған еңбектері елеусіз қалмады. Бірнеше мәрте аудан, облысәкімдерініңмарапатыналды. ҚР Білім беру ісінің қызметкері атағын алып, омырауына төсбелгі тақты. Балалары мен келіндері ана жолын жалғап, ұстаздық етіп, ұрпақ сабақтастығын жалғады. Өмірі өнегемен өрілген ұлағаттыұстаз, ардақты ана, аяулы әже Зәрузат Бектурлина туралы мақаламызды өзінің төрт жол өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік.

Тап келдім де нарықтың қыспағына,

Міне алмадым талаптың тұлпарына,

Қия алмай ауылым мен анашымды,

Қалып қойдым Победаның топырағында

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Ақтөбеден 7 спортшы қатысады

admin_mugalzhar

ҚАНДЫАҒАШ: АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖАЙЫНДА

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ҰШҚЫШТАР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.