Ақтөбе облысы өнеркәсібі дамыған өңір болғандықтан аймақтағы өнеркәсіптер қоршаған ортаның өзгеруіне өз әсерін тигізіп жатыр. Мұнда аймақтың су айдындарының ластануы мен тозуы, қалдықтардың жиналуы және қолданыстағы кәріз суларын тазарту қондырғыларының тозуы сияқты бірқатар экологиялық проблемалар бар.
Кәріздік тазарту қондырғыларынан шығатын жағымсыз иіс қазіргі таңда өзекті экологиялық мәселелердің бірі. Олардың тозығы жеткен және қайта жөндеуді қажет етеді.
Облыс басшылығы экологиялық проблемаларды тез арада шешу міндетін қойып отыр.
Осыған байланысты қоршаған ортаның сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Кәріз жүйесін қайта құру және жөндеу, өндірістік қалдықтарды тазартудың жергілікті жүйелерін орнату, қоқыс жинағыштарды жою және т.б. жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен, ұзақ уақыт бойы қолданыстағы кәріздік тазарту қондырғыларын жаңғырту бойынша келіссөздер жүргізілді, бірақ аймақ басшысы Ералы Тоғжанов бұл шара уақытша нәтиже береді және жаңа кәріздік тазарту қондырғыларын салу қажеттілігі туындады деп есептейді.
«Еуропалық қайта құру және даму банкі» инвестициялық жобаны қаржыландыруға дайын.
Kazakhstan Global Investment Roundtable барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен ЕҚДБ Қазақстан бойынша директоры Хусейн Озхан өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Кәріздік тазарту қондырғысын салу жобасы ағынды сулардың ластануын айтарлықтай азайтып, суаруға жарамды ағынды сулардың сапасын арттырады, қаланың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалын жақсартады. Ағынды суларды тазарту үшін заманауи энергия үнемдейтін технологияларды және анағұрлым жетілдірілген жабдықтарды пайдалану қарастырылған.
Жобаның құны 30 миллиард теңге. Кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 100 мың м³ болады.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі