«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Бердібек Сапарбаев қытайлық компанияларды келісімшарт міндеттерін орындауға шақырды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қытайға жұмыс сапары кезінде KazakhstanPotashCorporation компаниясының басқарма төрағасы Чжан Цзюньмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Қытайдағы тілшісінің мәліметіне сүйенген aktobenews.kz сайты.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қытайда жұмыс сапарымен жүр. Екіжақты кездесу кезінде «Батыс Калий» ЖШС-мен бірлесіп калий тыңайтқышын өндіру зауытын салу жөніндегі мәселелер талқыланды.

«Екі жыл бұрын Ақтөбе облысына калий тыңайтқышын шығаратын зауыт салу туралы келісім болған еді. Сіздер бұл жобаны 10 жылдан бері жоспарлап келесіздер. Өкінішке қарай, алға жылжу жоқ. Өткен жылдан бері тиісті министрліктермен кен орындарын игерушілердің келісімшартты орындауын тексеріп, бақылап отырмыз. Келісімшартты орындамаған кен орнын игерушілерге қатаң шара қолданылады, тіпті келісімшарт бұзылады. Сондықтан нәжиже болмаса, біз министрлікке келісімді бұзу туралы ұсыныс айтамыз. Ресурстарды игеруге қаржысы мен технологиясы жететін басқа компанияларға басымдық береміз», — деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы келісімшарт аясында KazakhstanPotashCorporation компаниясы жыл сайын әлеуметтік қажеттілік үшін бюджетке 50 мың доллар төлеуі тиіс екенін еске салды.

«Өкінішке қарай күні бүгінге дейін бір тиін аударылған жоқ. Бұл компания келісімшарт талаптарын орындамай отыр», — деп атап өтті әкім.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев зауыт құрылысы кезінде Қазақстан заңнамаларындағы экологиялық талаптарды сақтауын басты назарды ұстауды тапсырды. KazakhstanPotashCorporation қытайлық компаниясының басқарма төрағасы Чжан Цзюнь Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сұрақтары мен ұсыныстарына жауап берді. Оның айтуынша, жобаны алдын ала бағалау және қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізуге көп уақыт жұмсалған.

«Жұмыс тоқтатылған жоқ. Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау талаптарына сай болуы үшін біз калий тұзын өндіруге мұнай секторында қолданылып жатқан заманауи технологияны пайдаланамыз. Бұл экологиялық жағынан ең тиімді тәсіл болады. Жобаның сәтті іске асатынына сенімдімін»,- деді ол.

Екі жақ калий тыңайтқышын өндіру технологиясын жан-жақты талқылады. Сонымен қатар, дайын өнімнің өзіндік құнын төмендету мәселесі қозғалды. Қытайлық мамандар 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында келіп, жаңа технологияларды енгізу жолдарын талқылайды. Сонымен қатар, Ақтөбе облысының әкімдігі KazakhstanPotashCorporation компаниясына әлеуметтік жобалардың нақты тізімін жасап береді. Алдағы 10 жылда қытайлық компания Ақтөбеге 500 мың доллар салуы тиіс.

Чжан Цзюнь ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Бердібек Сапарбаевпен арадағы келісім сәтті болғанын мәлімдеді.

«Бір белдеу, бір жол» жобасы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізді. Бүгін біз ашық диалог алаңында Ақтөбе облысына калий тұзы зауытын салу мәселесін талқыға салған болатынбыз. Менің ойымша бірлескен жоба екі елге тиімді, пайдалы болады», — деді Чжан Цзюнь.

Айта кетейік, Қазақстанда калий тұзының 6 миллиард тонна қоры бар. Калий қорының басым бөлігі еліміздің батыс өңірінде орналасқан. Сонымен қатар, 4 миллиард тонна фосфат қоры бар. Қазақстан мен Қытай арасындағы келісім елімізді калий тұзын өндірушілердің қатарына қосып, үздік экспорттаушылар тізіміне енгізеді.

 

 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстан мен Өзбекстанның көне қалаларын көрсететін туристік маршрут ашылды

admin_mugalzhar

Қазақстанда демалыс күндері қар жауып, көктайғақ болады

admin_mugalzhar

Полицейдің құлағын тістеп алған павлодарлық 5-тен 10 жылға дейін сотталуы мүмкін

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.