Ақтөбе қаласының бірнеше нүктесінде қойылған модульдік пунктерді сатып алуға «Halyk» қоры қолдау көрсетті, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
«Бүгінде Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе қаласында «Jumystap» әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Өңірде 14-35 жас аралығында 266 мыңнан астам адам бар. Маңызды бастама осы жастардың өмір сүру сапасын арттыру, жаңа табыс көздерін ашу және тұрақты еңбекпен қамтуға бағытталған. Жоба аясында қор қолдауымен Ақтөбе қаласындағы халық көп жиналатын орындарға бес модульдік пункт тегін орнатылып отыр», – деді Асхат Шахаров.
Жоба аясында жастарға бос жұмыс орындарын табуға, жаңа дағдыларды меңгеруге және еңбек нарығында өзін сынап көруге көмектесу көзделуде. Сондай-ақ, жұмыссыздарды ғана емес, қосымша кәсіп меңгергісі келетін немесе жұмыс орнын ауыстыруға ниет білдірген кез-келген азаматты қолдауға бағытталған. Студенттер, жұмыссыздар, ресми тіркелген азаматтар және зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар да жобаға қатыса алады. Сонымен бірге, мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес ашуға өтінім беру, тұрғын үй мен жер алу кезегіне қою секілді басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша тегін кеңестер беру жоспарланған.
Ең маңыздысы ниет білдірушілер қысқа уақытта жаңа мамандықты тегін меңгеріп шығады. Жергілікті әкімдік пен еңбек мобильдігі орталығының бірлескен жұмысы арқылы жоба тиімділігін арттырылмақ, ал жобаның операторы ретінде облыстық жастар ресурстық орталығы тағайындалды.
«Бұл жоба арқылы халықтың табысын арттырып, олардың өмір сүру сапасын жақсарта алатынымызға сенеміз. «Halyk» қоры елдімекендердегі халықтың әл ауқатын дамытуға арналған әлеуметтік бастамаларды қолдап, білім, денсаулық сақтау және спорт салаларын дамытуға үлес қосуға әрқашан дайын. Осы жоба мемлекеттік ұйымдар мен жеке қорлардың қоғам игілігі үшін бірлесе жұмыс істей алатынының жарқын мысалы», – деді «Halyk» қорының директоры Сағынбек Шункеев.
Айтып өтейік, Ақтөбе облысының әкімдігі «Halyk» қайырымдылық қорымен өңірдегі әлеуметтік және қайырымдылық жобаларды дамыту туралы меморандумға қол қойды. «JUMYSTAP» әлеуметтік жобасы – бірлескен жобалардың нәтижесі.