Ауданға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрі Тимур Мұратов келді. Оның аудандағы сапары Ақкемер ауылдық округіне қарасты Жарық ауылынан басталды.
Бүгінде бұл ауылда “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында медициналық пункттің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бір мезгілде 25 адамды қабылдап, ем-дом жасауға арналған денсаулық сақтау нысанының іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылған.
Құрылыс барысымен танысып, мән-жайды білген вице-министрдің келесі аялдамасы Мұғалжар аудандық ауруханасы болды. Ол аурухана ішін аралап, жұмыс барысымен танысып, медицина қызметкерлерімен кездесіп, аудан халқының денсаулық ахуалын білді.
Жұмыс барысымен таныстырған аурухананың бас дәрігері Сәбит Кеулімжаев 2025 жылы аудандық аурухананың көпбейінді ауданаралық аурухана болып бейінделуіне байланысты жүйелі жоспардың барын, бүгінде қосалқы және жапсарлы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттардың дайындалып жатқанын жеткізді. Ал аудан әкімі Дархан Ермағанбетов аудан әкімдігінің қолдауымен аурухана ауласын абаттандыруды қолға алып жатқанын мәлімдеді.
Бүгінде мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмыстары үшін қажетті қаржы бөлінген. Абаттандыру жұмыстары келер жылы басталады. Сонымен бірге Мұғалжар және Ембі аудандық ауруханаларына медициналық автокөлік кілттері табысталды.
Вице-министрдің келесі сапары Ақкемер ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жалғасты. Тимур Мұратов пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған амбулаторияның жұмысымен танысып, оң бағасын берді.