«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ел және Елбасы

Елбасы мен Тәуелсіздік тұғыры  халқымызбен біте қайнасқан егіз ұғым. Бүгінде тірлігі-жарасқан, бірлігі – бақ ашқан тұтас бір мемлекетке айналып, күллі әлем алдында жаһандану деңгейінің биігіне жетіп шарықтаған елге айналудамыз. Бұл – мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың біліктілігімен басталған бастамалардың берекелі жемісі десек жаңсақтық емес. Себебі, егемендіктің арқасында талмай талаптанып, еңселі елдікке еңбекпен жеткен біздің халық – тәуелсіздіктің астында көк туын желбіретіп, көкке құлаш сермеген байтақ елде өмір сүруде. Жыл санап көркейіп келе жатқан Қазақ елін тәуелсіздікке дейінгі кешегі күнмен салыстырсақ, арасы жер мен көктей екенін анық байқауға да болады. Расымен, бейбіт күннің шуағын көру, нұрлы күнге  жету оңай жолмен келмегені белгілі. Әр қазақтың көкейінде көзделген тәуелсіздік жолындағы арман-мұрат әп дегенде орындала салмай, ғасырлар бойы жалғасқан қиын-қыстау кезеңдермен де ұштастырды. Қайраты қайралған халықтың жеңіске деген ұмтылысы бойға тың серпілісін дарытып азат күнге қол жеткіздірді. Аумалы-төкпелі күннен аман шыққан халқымыз көк аспан астында 1991 жылы төрткүл дүниені өзіне қаратып тұңғыш Президентін сайлап, тарихи өтпелі кезеңнің жарқын бетінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімі алтын әріппен жазылып, Егемендігі бар Қазақстан мемлекеті құрылды. Ал биыл тәуелсіздігімізді алғанымызға 26 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде еліміз талай шыңға шығып, биік белестерді бағындырып үлгерді. Өзіндік үні мен пікірін қалыптастырып, өзге елдер алдында мәртебесі мығым мемлекетке айнала білді. Ал мұндай оң нәтижелер тек үлкен іс-шаралар мен оған сай жасалған жоғары талапты іс-әрекеттерді талап ететіні тағы бар. Осы орайда, Елбасының салиқалы саясатының негізінде жасалынып жатқан елеулі істер елдің мерейін үстем етпей қоймайды. Сондай-ақ ішкі және сыртқы саясатты да жоспарлы түрде оңтайлы жүргізу – ел экономикасының дамуына, алға жылжуына себепкер болуда. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да жыл санап жақсарып келеді. Бәсекеге қабілетті ел болуға жол сілтейтін Елбасы саясатын жүзеге асыру барысында халықтың көзін ашып, көкірегін оятуға, білімін шыңдауға аса маңыз беріліп отыр. Бұл туралы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты биыл қолға алынған мақаласында:  «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халық­тың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана та­быс­қа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсы­на алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, соны­мен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін» — делініп, тамырын тереңге тартқан қазақ халқының ой-санасын құндылыққа бағыттау межелі мақсат етілген. Рухани жаңғыруға қадам басқан ұлт мүддесінің мықты болуы да міндеттелген айбынды істердің өрге басуымен тығыз байланысты. Бірнеше жылды артқа тастап қарайлайтын болсақ, осы уақыттар ішінде ауыз толтырып айтарлық ауқымды істерді атқардық. Атап өтсек «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалар арқылы Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңартылып, әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинақталып, зерттелген еді.
Бүгін міне іргетасы нық қаланған еліміздің өркендеуі, кеңге қанат жайып жетістіктерге жетуі – егемендігіміздің еншісінде. Демек, алар асуы әлі алда Егемендіктің ертеңі зор. Әрине, бұл – Тәуелсіздіктің жемісі, Елбасының жеңісі. Осы тұста, Мұғалжар ауданданында болып жатқан жағымды жаңалықтарды бағалап, алғыс білдіруді ескерген жөн. Себебі, тәуелсіз елдің құрсауында бой көтеріп жатқан ескерткіштер, тізіліп егілген ағаш түптері, орнатылып жатқан жарық шамдар мен гүлзарлар, абаттандырылып, безендіріліп жатқан кешенді ауыз су жүйесі, жаңадан іске қосылған жобалар тағы басқалары аудан дамуының айқын белгісі.  Рухани жаңғыру жолында  Мұғалжар ауданы нық қадамымен, терең  идеясымен келеді. Бірлігі өзгеге үлгі болған Қазақстанның болашағы ортақ іс, сондықтан, әлемге елімізді танытқан кеңпейілділік пен татулықты егіз еткен берекеміз жасай берсін!

Әбілхан Жукашев,

аудандық маслихаттың депутаты.

 

Ұқсас ақпараттар

425 АДАМ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН

admin_mugalzhar

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

admin_mugalzhar

ЕКПЕНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.