Екіжақты келісім өзара тиімді ынтымақтастыққа жол ашпақ, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
26-27 қараша күндері Уфа қаласында Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық ынтымақтастығы форумы өтті. Ауқымды шара аясында ұйымдастырылған пленарлық отырысқа Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қатысып, екі елдің, соның ішінде Ақтөбе өңірі мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар жөнінде баяндама жасады.
Аймақ басшысы өз сөзінде Ресей өңірлерімен әріптестікті жандандыруға және мұндағы ірі логистикалық компанияларды инвестициялық жобаларды бірлесе іске асыруға шақырды. Ол екі елдің стратегиялық әріптестігі ғасырларға жалғасқан тарихи және экономикалық байланыстарға негізделгенін атап өтті.
«Ақтөбе облысы ынтымақтастыққа әрқашан ашық және түрлі салаларда бірлескен жобаларды дамытуға әзір. Біздің серіктестігіміз екі тарап үшін де айтарлықтай тиімді болатынына сенімдіміз және жаңа жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті мемлекеттік қолдауды ұсынуға дайынбыз», – деп сендірді әкім.
Асхат Шахаров Ақтөбе облысы Қазақстанның ірі аграрлық-индустриялық өңірі екенін, Ресеймен саудада тұрақты өсім көрсетіп отырғанын алға тартты. Биылғы жылдың тоғыз айында ғана біздің тауар айналымы 23%-ға өсіп, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті.
Облыс Ресейдің 47 өңірімен белсенді ынтымақтастықта. Негізгі серіктестер – Свердловск, Челябі, Орынбор облыстары, Мәскеу және Башқұртстан. 700-ден астам ресейлік компания Ақтөбе облысында жұмыс істейді.
Соңғы бес жылда Ақтөбе өңірінің экономикасына 12 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. Новотроицкий хром қосылыстары зауыты, Тихвин ферроқорытпа зауыты және Ключев ферроқорытпа зауытымен қолға алынған жобалар – табысты ынтымақтастықтың үлгісі. Облыс жаңа ірі логистикалық және өнеркәсіптік жобаларға барынша мемлекеттік қолдау көрсетуге дайын.
«Ақтөбе облысы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» сияқты маңызды магистраль өтеді. Өткізу пункттерін, атап айтқанда, «Жайсаң-Сағаршын» және «Жиренқопа-Первомайское» жаңғырту жүргізілуде. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы аймақтың транзиттік әлеуетін нығайтады. Сонымен қатар, өңірдегі Хромтау қаласында 150 га аумақта индустриялық аймақ және әуежай ауданында 858 га аумақта арнайы экономикалық аймақ құрылуда, ол мультимодальді көлік-логистикалық хабқа айналады. Ақтөбе әуежайы жыл сайын айналымы 10 мың тонна жүк тасымалы бойынша Қазақстанда екінші орында тұр және жаңа бағыттармен әуе қатынасын дамытуды жалғастыруда», – деді өңірдің инвестициялық тартымдылығын атап өткен әкім.
Өңір басшысы атап өткендей, Ақтөбе облысы экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен жобаларды дамытуға ашық болып қала бермек.
Форум соңында Ақтөбе облысының әкімдігі мен Башқұртстан Республикасының Үкіметі (Ресей Федерациясы) арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған құжат тараптардың өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға және экономикалық, мәдени және әлеуметтік салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.