«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КООПЕРАТИВ ҚҰРУДЫ АРМАНДАЙТЫН ҚОЖАЛЫҚ ИЕСІ

Ембі қаласынан 18 шақырым жерде жатқан «Бейбіт» шаруа қожалығының иесі Сабыржан Құрантаевты ембіліктер жақсы таниды. Алдындағы малының жайын жетік білетін шаруашылық иесі қаланың тыныс-тіршілігінен де тысқары қалмай, қоғамдық жұмыстарда да белсенді екен. Атадан қалған ала таяқты қолға алған ол бүгінде мал өсіріп, сатумен ғана айналыспай, өнім өндіріп, өңірді дамытсам дейді…

Ауылдың тіршілігі таң сібірлеп атысымен басталып, күн батқанша тыным таппаймыз. Ауылды қызу тіршіліксіз, қора толы малсыз елестету өте қиын. Себебі мал шаруашылығы – қазаққа атабабаның қанымен дарыған кәсіп. Бүгінгі заманауи ғасыр көшінде де ол өз маңызын жоғалтпайды, — деп бастады сөзін қожалықтың иесі.

Қазір мал қыстату науқанына қызу кірісіп кеткен шаруашылық жауапты кезеңнен сыр бермей шығуды мақсат тұтқан. Азынаған саршұнақ аяздың қамын жайдары жазда күйттеген Құрантаевтар әулеті бұл тұрғыда өте тәжірибелі. Сабыржан Ермекбайұлы 1971 жылы Темір ауданынан Ембі қаласына қоныс аударыпты. Көшіп келгеннен кейін өзінің мамандығы бойынша техник-механик болып жұмыс істеп, кейін тоқырау жылдары жаппай қысқарту мен жұмыссыздық белең алған кезде мал шаруашылығына бет бұрады.

Қожалықта 100 ірі қара, 100 жылқы, 300-ге жуық қой және 8800 гектар жайылымдық жеріміз бар. Шаруашылықты отбасымызбен жүріп атқарамыз, — дейді Сабыржан Құрантаев.

61 жастағы ембілік кейіпкер 3 баланың әкесі, немерелерінің сүйікті атасы. Ал отанасы Ханымгүл апа көп жыл мектепте кітапханашы қызметінде болып, қазіргі таңда зейнет жасында. Сондай-ақ Сабыржан аға қоғамдық жұмыстар мен шараларда белсенді, өз ортасында сыйлы. Көптеген шараларда, мерекелерде демеушілік етуден де бас тартпайтынына ауылдастары куә.

Шаруа қожалықтары деген әрине, жақсы. Бірақ коопоратив жүйесіне көшкенді дұрыс деп санаймын. Отырыс-жиындарда да осы мәселені көтеріп жүрмін. Бірақ бұл тек бір адамның қолынан келмейді. Сол себепті басқалары да қолдаса екен деймін. Коопоративке өтсек, жұмыс та жеңілдейді, жұмысшылар да жұмыспен қамтылады, ірі фирма ашуға да мүмкіндік болар еді. Себебі сөздің шыны керек, шаруа қожалығында ештеңе өндірмейміз. Тек мал бағамыз, ол малды базарға өткіземіз. Онда да қазір малды арзан бағада облыс орталығына апарып өткіземіз. Арагідік өзбек ағайындары саудамызды жүргізіп отыр. Суармалы жер де тапшы, мал дәрігерлері де жетіспейді. Шаруа қожалық иесінің қолы қысқа, мүмкіндігі аз. Ал кооператив болса, жұмыс басқаша жүрер еді. Мүмкіндіктер көбейіп, ауыл шаруашылығы саласы бүгінгіден әлдеқайда дамыр еді. Үлкен фирмалар ашып, өзіміздің өнімдер өндіріп, өзгелерге де пайдамыз тиерме еді, бәлкім, — деп ойға алған істерімен де бөлісті қожалық иесі.

Өмірінің басым уақытын мал соңында өткізетін шаруаның алға қойған жоспарлары да көп. — Мен бұл істі жұмыс деп қабылдамаймын. Себебі өзім осы істен рақат аламын. Қанымызға дарыған кәсіп қой, әрине, жаттығы жоқ. Тек бір орында қалмай, жаңа бастамаларды қолға алу керек деп санаймын, — дейді өзі.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ӨМІРІ ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ЖАН

admin_mugalzhar

Мүлік және жер салығын 1 қазанға дейін төлеу керек

admin_mugalzhar

ҚАТ БОЛҒАН ҚАНТТЫҢ ЖЫРЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.