Аудан аумағында сібір жарасы анықтал-ған малды көметін арнайы 15 орын бар. Ауданның санитариялық дәрігерлері бүгінде бұл жерлердің қатаң бақылауда екенін жеткізді.
Олардың сөзінше, атал-ған қауіпті ауру 1990 жылдарға дейін тіркеліп, олардың айналасы қоршалып, арнайы белгілер орнатылып, бұл аумақтарда мал жаюға, қазу жұмыстарын жүргізуге тиым салынған. Жыл сайын осы 15 қолайсыз аумақтан топырақ сынамалары алынып, облыстық аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасына жолдады екен.
— Қауіпті саналатын сібір жарасы адамға жанасу ар-қылы, яғни ауру малды сою, жүндеу, терісін сыпыру немесе малдың зәрімен, нәжісімен ластанған шаруашылық құралдарын пайдалану арқылы беріледі. Аурудың алдын алу мақсатында барлық малдар сібіржарасына қарсы егу шараларымен қамтылуға тиіс. Ауру мал уақытында анықталып, оқшаулануы керек. Малды сою тек ветеринар маманның бақылауымен арнайы мал сою орындарында сойылуға тиіс. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру, шикізаттарын тасымалдау, сақтау, өңдеу жұмыстары талапқа сай жүргізілуі қажет. «Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы басшылыққа алып, өзіміздің саулығымызға жауапкершілікпен қарайық, — деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Бүркітов.
Оның сөзінше, бұл аурудың алдын алу үшін малды жаппай күйдіргіге қарсы егу қажет және кенеттен ауырған немесе өлген мал туралы міндетті түрде мал дәрігеріне хабарлау керек. Ветеринарлық басқармалары картаға түсірілген күйдіргіден қолайсыз деген мекендерде алдын-ала мал жайылымдарының шекараларын анықтап, малды қауіпті аймақтарға жақындатпау қажет. Сонымен бірге жерасты су көздерін ашатын, құдық қазатын жағдайларда және жаңа нысандарды салу кезінде күйдіргі көмінділерінің болуы немесе болмауы туралы ақпаратты ескеру де маңызды.