Біздің қазақ бір кездері «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» демеп пе еді. Мұның өзі сол заманда ойын баласының да, еңбек баласының да болғанынан хабардар етіп тұрғандығы сөзсіз шындық. Ал қазір осы бір халық мақалынан мән кетпек түгіл, ол сәннен де шығып қалған. Өйткені, бұрынғының балалары далаға шығып, асыр-салып, зыр жүгіріп ойнаған ойындардың орны ойсырап тұрғалы қашан. Бұған қоса, балаларын жұмсаудан тартынатын аяншақ ата-аналар да көбейді. Керісінше, қазір телефонға телміріп, әлеуметтік желіге желімделген жас ұрпақтың «әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ» дәурені орнап тұрған қызу шақ. Ғаламтордың торына тұтқынға түскен сананың салдарынан, қоғам да құлдырап, құрдымға кетіп бара жатқандығы, өкініш тудырады.
Жасыратыны жоқ, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын интернет желісінің бүгінгі қоғамдағы маңызы аса жоғары болып тұр. Қажетті ақпаратқа лезде қол жеткізіп, ірілі-ұсақты шаруаларды үйден шықпай-ақ бірыңғайландыруда өте тиімді. Бұдан бөлек, таныстарыңмен байланыс орнатып, өзге де тыныс-тіршілікке араласуға септігін тигізеді. Алайда, белгілі бір шекарасында ғана. Мұның барлығы да бала жастан асып, есейіп есі кірген азаматтарға арналған ғаламтордың күллі ғаламды шарпыған алпауыт күшінің пайдалы тұсы. Дегенмен, қазір үйдің үлкендерімен жарысып, ғаламторға кіруге асығатын балалардың саны күрт өскен. Олардың интернеттің жілігін шағып, майын ішуде алдарына жан салмай отқандығы да бүгінгінің ащы шындығына айналды. Көңілді күпті ететін бұл мәселеге қатысты соңғы кездері балаларды ғаламтордың кесапатынан қорғау жайы жиі көтеріліп келеді. Бірақ та, тосқауыл боларлық дәнеңе табылмағандықтан, бұл мәселенің өзектілігі одан әрі өрши түскенін білеміз. Осы тұста, әлеуметтанушылардың зерттеулері соңғы уақытта балалардың дамуы аса күрделі өзгерістерге ұшырап жатқандығын анықтап отыр. Тіпті, олардың күллі ғаламды уысына алған ғаламтор әлемінен өзге нәрселерге деген қызығушылықтары да бәсеңдеп қалған. Мамандардың айтуынша, ой-сананы өрістетіп, қабілетті дамытуға ықпал ету мақсатында ұйымдастырылып жүрген түрлі үйірмелер мен секцияларға, спорт саласына келетін бүгінгі балалар тез шаршағыш әрі ашушаң келеді. Саналарын әбден жалмап алған ғаламтордың тартылысының әсерінен бе, қолдары қалт етсе, қалта телефондарын қолдануға бүйректері бұрып тұрады екен. Бұл қазіргі кезде балалардың басым көпшілігін түрлі мобильді гаджеттер қызықтыратындығының айқын белгісі. Әлеуметтанушылардың сөзінше, бұл құралдар қуыршақтар мен үстел ойындарынан да маңыздырақ болып, оларға деген сұраныс күннен күнге артып жатыр. Мұндай қорытындыға ғалымдар 12 жасқа дейінгі балалары бар 350 ата-анаға сауалнама жүргізу кезінде келді. Зерттеу барысында, балалардың 60 пайызы планшет пен смартфонды жиі, ал 38 пайызы өте жиі қолданатындығы мәлім болған. Шамадан тыс қолданудың арты, балалардың денсаулықтарына әсер етіп, әлжуаздыққа алып келуде. Бүгінгі таңда, қоғам алдындағы ең маңызды міндет болып балалардың бос уақыттарын дұрыс ұйымдастыру мәселесінің алда келе жатқандығы да сондықтан. Жалпы статистикалық деректерге сүйінсек, Қазақстанда соңғы 10 жылда интернетті пайдаланушылар саны 19 есеге өсіп, 8,9 миллион адамды құрады. Соның ішінде 15-24 жас аралығындағы желі пайдаланушылардың үлесі 97 пайызға жеткен. Бұл елімізде ғаламторды ересектерден гөрі жасөспірімдердің көп қолданатындығын дәлелдейді. Tengrinews.kz сайтында қазақстандық балалар әлеуметтік желілерге басқа елдегі қатарластарына қарағанда көбірек кіретіндіктері айтылған. Зерттеу мәліметтеріне сенсек, қазақстандық балалар әлеуметтік желілерге компьютерлік ойындар мен интернеттегі өзге де қызықты контент үшін кіреді. Қазақстандық балалар интернеттегі белсенділігі жағынан Латын Америкасының балаларына ғана жол береді екен. Сонымен, Батыс Еуропа мен Солтүстік Америка елдеріндегі балалардың шамамен 43 пайызы интернет-коммуникация құралдарын (әлеуметтік желілер, веб-пошта, чат және сол сияқты бағдарламалар) қолданады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш бір жарым есе жоғары — 74 пайыз. Ал мамандардың айтуынша, егер балалар әлеуметтік желілерге қызықпаса, онда олар компьютерлік ойындарды көбірек қолданады. Ал ересектерге арналған сайттарға келер болсақ, сарапшылар балалардың мұндай сайттарға кіру жағдайларының азайғанын айтып отыр. «Бұл категория көп уақыттан бері көш бастап келген еді, бірақ жағдай өзгерді. Қазақстандық балалардың 1 пайызына да жетпейтін бөлігі эротика тақырыбын іздейді екен. Ал Қытайда балалардың 23 пайызы ересектерге арналған сайттарға кіреді», — дейді Зертхана сарапшылары.
Бұл ғаламторға тәуелділік атты жаңа дерттің біздің мемлекетте белең алып отқандығын айғақтап отқандай. «Independent» басылымының мәлімдеуінше, адамның ғаламторға тәуелділігі ішімдік, кокаин немесе марихуанаға тәуелділікпен бірдей екен. Сол себепті, ғаламторға тәуелділік дертінің салдарынан балаларға келетін қауіптің басым екенін назардан тыс қалдыруға тіпті болмайды. Талай уақыттан бері алдыңғы орынға шыққан ғаламтордың пайдасымен қатар, зиянын да үнемі таразылап отыру қажет. Осы мәселеге байланысты, өткен жылы ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров балаларды қауіпті интернет-контенттен заңмен қорғау керектігі туралы Үкіметке үндеу жолдаған болатын. Жалпы ғылымда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын ешкімге бағынышты емес тұрғыда, тәуелсіз қадағалау және қорғау, сондай-ақ өз өкілеттігі шеңберінде бұзылған құқықтарды қалпына келтіру мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырумен айналысатын омбудсмендер бар. Қазақстандық омбудсменнің Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған Үндеуінде жағымсыз ақпараттық ортаның ықпалынан балаларды қорғау мәселесі айтылады. Нақтырақ айтсақ, онда кәмелеттік жасқа толмағандарды суицидке шақыратын ойындардың ғаламторда кеңінен таралғандығы, ал оны шешуде терең сараптама мен жүйелі көзқарастың қажет екені алға тартылды. Осы орайда, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров интернет-қатынастары саласын заңнамалық тұрғыда жетілдіруді ұсынды. Сонымен қатар, Үндеуде Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына балалардың психикалық, эмоциялық, әлеуметтік дамуына кері әсерін тигізетін материалдарды жариялауға, көрсетуге рұқсат бермейтін нормативтік актілерді қабылдауды тездетуді жөн санаған болатын. Үндеуде Қазақстанның және өзге мемлекеттердің құқықтық базасын зерделеуге негізделген бірқатар ұсыныстар да орын алды. Мәселен, Ұлыбритания мен Ресей тәжірибесін зерттеген омбудсмен, біздің елге де «18 жастан асқандарға» немесе ұялы телефон интернетінде «балаларға арналған» контент жүйесін енгізу керек деген бастама көтерді. Қазір осы аталған ұсыныстар біртіндеп жүзеге асырылып жатса да, ғаламтордың ғажабына арбалған балалар тәуелділіктен толық арыла алмай келеді. Осыларға сәйкес, елімізде балаларға мектепке телефон, смартфон ұстап келулеріне тыйым салынған болатын. Ресми мәліметтерге сүйінсек, әлемнің АҚШ, Ұлыбритания елдері мен көршілес Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінде балалардың мектепте телефон ұстауларына мүлдем рұқсат етілмейді. Ал Ресей елінде 2010 жылы «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заң қабылданған. Сондай-ақ, Қытайда 1992 жылы Кәмелеттік жасқа толмағандарды қорғау туралы заңы бойынша, кәмелеттік жасқа толмағандарды зиянды әрекеттерден, әсіресе, ғаламторға тәуелділіктен қорғау ата-ананың міндеті деп бекітілген. Аспан асты елінде ғаламтор мәселесіне жіті назар аударылып, соның ішінде балалардың қадамына ерекше көңіл бөлінеді. Айталық, бұл елде бірқатар әлеуметтік желілер мен сайттарды пайдалануға тосқауыл қойылған. Сонымен қатар, Ұлыбританияда Ғаламторды бақылау қоры мен Балалардың ғаламтордағы қауіпсіздігі бойынша құрылған кеңес те балаларды зиянды ақпараттардан қорғаудың алдын алу мақсатында жұмыс істейді. Қазақстан Республикасында да балалардың ақпарат әлемінің қызығына тоқмейілсіп еніп алмауын қадағалау үшін ғаламтор арқылы тарайтын қауіп-қатерлерге үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады. Қазір сайттарды реттеп, бақылап отыратын арнайы бағдарламалар бар. Ондай бағдарламалар балалардың интернет желісінде қандай сайттарға кіріп жүргендігін анықтап береді.
P.S. Әлемнің озық мемлекеттерімен тетелесіп, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетімізде жаңа технологиялардың шыңнан түспейтіні анық. Сол үшін де әлеуметтік желілерді ауыздықтап тастау мүмкін емес. Әйтсе де, қоғамда тағылымды тәрбиемен қатар, сапалы біліммен ғана сусындаған саналы ұрпақты қалыптастыру үшін олардың ой-өрісіне залал келмеуі тиіс. Сондықтан, балаларды бұл тұрғыда тым жүгендеп тастамай, бос еркіне де жіберіп қоюға болмайды.
Алтын СҮЛЕЙМЕН