«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖҰБАНОВТАР ӘУЛЕТІ: ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ ЖАЛҒАСАДЫ

ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАУҒА ЗОР ҮЛЕС ҚОСҚАН ҚҰДАЙБЕРГЕН ҚУАНҰЛЫ МҰҒАЛЖАР ТОПЫРАҒЫНЫҢ ТУМАСЫ. ЖАҢАТҰРМЫС АУЫЛЫНДА ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ҒҰЛАМАНЫҢ НЕМЕРЕСІ, АСЫЛДЫҢ ТҰЯҒЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ АРДАҚ ЖҰБАНОВАМЕН МЕРЕЙТОЙ ҚАРСАҢЫНДА СҰХБАТ ҚҰРУДЫҢ СӘТІ ТҮСТІ. ӘҢГІМЕМІЗДІҢ ӨЗЕГІ ҒАЛЫМ ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВ ПЕН ОНЫҢ ҰЛЫ ЕСЕТ ЖҰБАНОВ ТУРАЛЫ ЖӘНЕ ӘКЕ МЕН БАЛА АРАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ САБАҚТАСТЫҚ ЖӨНІНДЕ БОЛДЫ.

Тіл білімін зерттеген алғашқы ғалым

Асылдың тұяғы Ардақ Есетқызы бүгінде Ақтөбе қаласында әкесі Есет Жұбановтың шаңырағында тұрады. Саналы ғұмырын атасы мен әкесінің қазақ үшін қалдырған мұраларын жинақтап, жас ұрпаққа насихаттауға арнап келеді. Ол «Мұғалжардың» тілшілеріне атасы туралы құнды мәліметтермен бөлісіп қана қоймай, сол кезеңдегі Жұбановтар отбасының жүрегіне жара салған тағдыр тауқыметі туралы, оның қазақ елі үшін жасаған игі істерін тарихи фактілерді, фото-суреттерді, жинақкітаптарды көрсете отырып, қызыл қырғынның құрбаны болған Құдайберген Жұбановтың ғалым, өнер, мәдениет саласындағы мол мұрасы жайында мазмұнды әңгімелер легін ағытты.

Атам Құдайберген Жұбанов көтерген лингвистиканың мәселелері қазіргі күні де өзектілігін жойған жоқ. Ғылыми жаңалықтар ерекше жылдамдықпен ашылып жатқан бүгінгідей уақытта ұлттық әлеуетімізді сақтап қалу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру — біз үшін өте маңызды. Құдайберген Жұбанов көне тілдердің өзара байланысын зерттейтін ең қиын сала полилингвистикаға ерекше көңіл бөлген. Ол 18 тіл білген екен. Бастапқыда мешіттен дәріс алып, араб тілін үйреніпті. Кейін өз бетінше парсы, орыс, моңғол, чуваш, коми, гүржі, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын және неміс тілдерін де жетік меңгерген. Атам небәрі 38 жыл өмір сүрді, өмірден өте ерте кетті. Соның өзінде табиғаттың берген дарынының арқасында артында өшпес мол мұра қалдырды. Ол қазақ тілінің барлық саласына еңбек сіңірді. Еуропа, түрік тілдерін салыстырмалы зерттеу арқылы қазақ тілінің грамматикасын жасады. Сөйтіп қазақ тілінің теориялық негізін қалады, — деді Ардақ Жұбанова.

Ол Құдайберген Жұбановтың зайыбы Раушан Жұбанованы «ақ мама» деп атағандарын, Раушан Жұбанованың жұбайы 1938 жылы солақай саясаттың құрбаны болып, атылып кетсе де, 20 жыл үмітін үзбей, үздіксіз күткенін жеткізді.

Құдайберген Жұбановты Алматыдағы қазіргі Наурызбай мен Қарасай батыр көшесіндегі НКВД-ның түрмесіне апарып қамап, бірнеше айдан соң атып жіберіпті. Ал әжем Раушан болса, жұбайын түрмеден аман келеді деп ұзақ уақыт күткен. Бірақ үміті ақталмады. Әжем күйеуінің атылғаны туралы арада 20 жыл өткенде, 1957 жылы бір-ақ білді. Ол сол уақыттағы солақай саясатқа нағлет айтып, ұзақ жылады. Атам ақталғаннан кейін көптеген ғалымдар естелік жазып, ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Бұл кезде мен кішкентай едім. Бірақ есімде қалыпты, — деді ол.

Ардақ Жұбанова қазақтың белгілі музыканты Ахмет Жұбановқа бағыт беріп, оның шығармашылық өмірге аттап басуына үлкен ықпал еткен адам Құдайберген Жұбанов екенін айтады. Ол Ленинградтағы Шығыс тілдері институтына түскенде де бауырын жанынан тастамай алып жүрген екен. Тек Ахмет қана емес, Құдайберген Жұбановтың ағалық қамқорлығын сезіп өскен жастар аз болмапты.

Менің атам көптеген жастарға жақсылық жасаған адам. Соның ішінде Ахмет Байтұрсыновқа да араша түсіп, жұмыстан босап қалған кездерінде сол үшін басшылықпен сөйлесіп, қолынан келген жақсылығын жасаған. Ленинградта оқып жүрген кезде балалар үйінің екі баласын интернатқа беріп, оқуына жағдай жасапты. Соның бірі белгілі сәулетші — Төлеу Бәсенов еді, — деді Ардақ Есетқызы.

Немересінің сөзінше, өткен ғасырдың 20-шы жылдары Құдайберген Жұбанов қазақ әліпбиін латынға көшіру ісіне мықтап атсалысады. Ол қазақ әліпбиінің болашағы латын тілінде екенін ұғып, оған өтудің тезірек қамына кіріседі. Бұл кезде әзірбайжан, өзбек, өзге де түркі тілдері латынға көшу алдында тұрған екен. Сол уақыттарда үлкен жиындар мен конференциялар өткен. Ондағы мамандар Құдайберген Жұбановтың жазған әліпбиін қолдапты. Кейіннен мәскеулік ғалымдар «Репрессияланған түркітану» атты кітап жазған. Сол еңбекте Байтұрсынов, Бөкейханов, Шонановтармен бірге Құдайберген Жұбановтың да аты қатар аталған екен.

Атам қысқа ғана ғұмырында көптеген еңбектер жазған. 1935 жылы «Қазақ терминологиясы» атты еңбегі жарық көрді. Бұл қазақ тіл білімі тарихындағы әлі жүйеге түсе қоймаған, қазақ терминдерін қалыптастыру жолындағы алғашқы еңбек болыпты. Сонымен бірге «Қазақ тілінің грамматикасы» деген еңбегі де бар. Ол қазақ тілінен сабақ беретін қаладағы оқытушыларға арнап ҚазПИ-дің жанынан курс ашып, лекция оқыған. Небәрі 38 жыл өмірінде түркология жөнінен болсын, әдебиеттен болсын, түрлі ғылыми-педагогикалық еңбектер қалдырып кетті. Атамның еңбектері бүгінгі күнге толығымен жетпеді. Қолды болып кеткендері де бар екен, — деді ол.

Әке ісін жалғаған ұл

Биыл Құдайберген Жұбановтың ізін басып, ісін жалғастырған профессор Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың туғанына 95 жыл толып отыр. Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында 1957- 1991 жылдар аралығында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүрген Есет Құдайбергенұлы 1991 жылы туған жеріне оралып, қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде өмірінің соңына дейін 15 жыл еңбек етті. Ол өз әкесінің есімі берілген оқу орнының алдыңғы қатардан көрініп, білікті мамандар даярлауына, әсіресе, жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының қанаты бекіп, тынысы ашылуына, Ақтөбедегі лингвистикалық мектептің қалыптасуына ерекше үлес қосты. Тұлпардың тұяғы Есет Құдайбергенұлы Ақтөбе жерінде жұмыс жасай жүріп, Жұбановтар мұрасы — ұлт қазынасы екендігін дәлелдеп, әкесінің ғылыми мұрасын түгендеп зерттеуге басшылық жасады. Есет Жұбановты сол кездегі университет ректоры Алматыдан арнайы шақырған.

Ардақ Жұбанованың айтуынша, Құдайберген Жұбанов еңбектерінің жарыққа шығуына әкесі Есет Жұбановтың сіңірген еңбегі көп.

Бұл жаңалықты әкем зор қуанышпен қабыл алды. Жасы үлкейген сайын Ақтөбе туралы көп айтатын. Туған өлкесі туралы сөз болған сәтте жүзі бал-бұл жайнап, көзіне қуаныш тұнып тұратын. «Жігіт — туған жеріне» деген осы шығар. Ақтөбе университетіне келгеннен кейін қазақ филилогиясын ашып, ғылыми кадрлар дайындады. Әкесі Құдайберген Жұбановтың ғылыми мұраларын зерделеп, тың жаңалықтар ашты. Алғашында жатақханада тұрды. Сосын үй беріліп, анам жанына келіп, жағдайын жасады, — деді Есет Жұбановтың қызы.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде ұлы ғалым есімімен байланысты өскелең ұрпақтың санасында өшпес із қалдыратын істер әрқашанда өз жалғасын тауып жатады. Тіл білімінің ертеңі — жоғары білікті мамандар даярлау мақсатында өзі құрған «Жұбановтану» зертханасы да жұмысын жалғастыруда.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің қазақ тілі кафедрасы 1990 жылы жеке кафедра болып қайта құрылды. 1991 жылы кафедра жанынан профессор Есет Жұбановтың басшылығымен «Жұбановтану» зертханасы ұйымдастырылды. Бұл кафедраның ғылыми-зерттеу жұмысын 2 сапада дамытуға мүмкіндік берді. Біріншіден, «Жұбановтану» зертханасымен бірлесе отырып, профессор Қ.Жұбановтың қалдырған мол мұраларын жинап, зерттеп, жарыққа шығару, ғылыми еңбектерінің түйіндерін, лингводидактикалық концепцияларын іс жүзінде сынақтан өткізсе, екіншіден, қазіргі қазақ тілі, әдеби тіл, стилистикамен байланысты студенттерді тіл білімінің негізгі ерекшеліктерімен, заңдылықтарымен, принциптерімен таныстырды. Әкем өмірінің соңына дейін осы университетте еңбек етіп, ақтық сапарға да осы университеттің табалдырығынан аттанды, — деді қызы Ардақ Жұбанова.

Есет Жұбанов — тынымсыз ғылыми ізденісінің нәтижесінде халық әдебиетінің тілдік ерекшелігін зерделеген зерттеулерімен танылған, қазақ тіл білімінде фольклор тілін зерттеген алғашқы ғалым. Оның түркі халықтарына кең танымал «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қобыланды батыр», т.б. жырлары стильдік-тілдік тұрғыда жан-жақты терең зерттелді. Сонымен бірге «Эпос тілінің өрнектері», «Қазақтың ауызекі көркем тілі», «Халық әдебиеті тілін оқытудың лингвостилистикалық аспектілері» атты зерттеулердің авторы. Ол «Қазақ әдеби тілінің тарихи көздері» ұжымдық монография авторларының бірі болып, «Фольклор тілінің әдеби сипаты» тарауын жазып қалдырды.

Әкем Есет Жұбанов университетте «Жұбановтану» зертханасы жұмыс істеп, осы жерден бірнеше ізденушіге жетекші болып, ғылыми жұмыстар қорғатты. Есет Жұбановтың ғылыми жетекшілігімен «Жұбановтану» тақырыбына қатысты 10-ға жуық кандидаттық және докторлық диссертация қорғалып, «Жұбановтану зертханасының еңбектері» сериясымен 20-дан астам ғылыми-танымдық еңбектер жарияланды. Ағам Ақырап екеуі 1999 жылы «Құдайберген Жұбанов және қазақ совет тіл білімі» атты жинақ кітапты жарыққа шығарды. Кітапқа құнды-құнды ақпараттар енгізілді. Бұл кітап мен үшін өте ыстық. Біз барда атам Құдайбергеннің, әкем Есеттің есімдері әрдайым биікте тұрары сөзсіз. Атам барша қазақтың мақтанышы деп білемін. Мұғалжардың мұнарлы топырағында дүниеге келіп, аттары алты алашқа мәшһүр болған Құдайберген Жұбанов пен оның ұлы Есет Жұбановтың қалдырған зерттеулері болашақ ұрпақтың рухани қазынасына айналып, құнды жәдігері ретінде жалғасары анық, — деді Ардақ Жұбанова.

Есет Құдайбергенұлы қазақ тілі мен әдебиетін дамыту жолында «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» белгілеріне болды. Сонымен бірге «Қазақстан Конституциясына — 10 жыл» мерекелік медалімен, «Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапатталған. Бүгінде Ардақ Жұбанова Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішов атындағы университетте оқытушылық қызмет атқарады. Сонымен бірге атасы Құдайберген мен әкесі Есет Жұбановтардың жазған еңбектері мен ғылыми зерттеулерін жинақтап, келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру жолында елеулі еңбек етіп жүр..

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,  Зайырбек ЕСЕНЖОЛОВ Қандыағаш-Ақтөбе-Қандыағаш

Ұқсас ақпараттар

ИСТОРИЯ ШКОЛЫ — ИСТОРИЯ СТРАНЫ

admin_mugalzhar

ҚАНДЫАҒАШТЫҚ ОҚУШЫҒА ПРЕЗИДЕНТТЕН ХАТ КЕЛДІ

admin_mugalzhar

Түркістан облысында ауыл әкімі өз кабинетінде карта ойнаған

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.