«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРДАҒЫ ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖҰБАНОВҚА АРНАЛДЫ

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Құдайберген Жұбановтың 125 жылдық мерейтойы аясында «Алты алаштың ардағы» атты тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды. Аталған шараға Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, Есет Жұбановтың қызы Ардақ Жұбанова, Құдайберген Жұбановтың ұлы Асқар Жұбановтың жұбайы Елмира Жұбанова, Қ.Жұбановтың жиен немересі, Қызғалдақ Құдайбергенқызының қызы Дана Әли, белгілі жұбановтанушылар, ардагерлер мен өлкетанушылар қатысты.

Шара қатысушылары алдымен тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессоры, түркітанушы, педагог Құдайберген Қуанұлының өмірі мен шығармашылығына негізделген көрмені тамашалады. Музейдің мәжіліс залында жалғасқан танымдық кеште жиналғандар Құдайберген Жұбановтың көпшілік біле бермейтін естеліктерін айтып, ұрпақ үшін қалдырған еңбектерін насихаттап, тарихтан сыр шертіп, Құдайберген Жұбановты «Біртуар» тұлға деп атап, табиғат берген бітімі мен білім парасаты бөлек, ерекше жан болғанын жеткізді.

Маңызды кеште сөз алған Мұғалжар аудандық тарихиөлкетану музейінің директоры Шамшат Абдірзақов Қ.Жұбановтың өмірбаянынан сыр шертіп, еңбектеріне тоқталып өтті.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қабырғасында өткізіп жатқан Құдайберген Қуанұлына арналған шарамыздың мақсаты — ұлт рухын асқақтатып, қазақ мәдениеті мен тіл өнерін сақтап, ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау. Жылдар өтсе де бұндай тұлғалардың өмірін қайта зерделеу, оларды танытып, жас ұрпақтың жадына сіңіру бүгінгі күннің басты міндеттері деп есептеймін. Жұбановты оқу мен білімге жетелеген жол ғылымға алып келді. Қазақ тілін тұңғыш зерттеуші, лингвист ғалым, қазақ тіл біліміндегі теориялық ізденістердің көшбасшысы болғанын, жалпы түркологиялық проблемаларға да, орыс ғалымдары мен терезесі тең тұрып, батыл аяқ басқан тұңғыш ұлт кадры екенін айта аламыз, — деді ол.

Жұбановтар әулеті – ұлт мақтанышы. Қысқа ғана өмір сүрсе де Құдайберген Жұбанов артында ірі ғылыми туындылар қалдырды. Ғалымның жолын қуған ұрпақтары да қазақ елінің дамуына өз үлестерін қосып келеді. Құдайберген және Раушан Жұбановалардан тараған ұл мен қыздары қазіргі таңда түрлі салада қызмет атқарып, ғылым жолын қуып, ғалым атанды. Шараға қатысқан ғалымның ұрпақтары өздерінің ыстық естеліктерімен бөлісіп, тау тұлға атасы, дара туған әкелері туралы тәлімтәрбиеге толы пікір алмасты.

Жиын барысында сөз алған 2006-2015 жылдары Мұғалжар ауданы әкімі қызметін атқарған Серік Шаңғұтов тағдыры тарихқа бергісіз тұлға Құдайберген Жұбанов туралы, оның атын ұлықтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы естеліктерімен бөлісті.

Менің қызмет жолым Ембі қаласында басталды. Аудандық комсомол коммитетінің бірінші хатшысы болып жүргенде сол уақыттағы бірінші хатшы Қуандық Әлішов Ағайынды Жұбановтар музейін ашу туралы ұсыныс тастады. Бұл ұсынысты халық қолдап, ұрпақтары қоштады. Осы шаруа барысымен мені Алматы қаласына іссапарға жіберді. Ол жақта бір училищенің 2 қабатты жатақханасында шағын жерде орналасқан музейге барып, түрлі келіссөздер жүргізіп, экспонаттар іздеп, жүйелі жұмыс атқарылды. Ауданға әкім болып келгеннен кейін Ахмет Жұбановтың 100 жылдығына орай Ембі қаласынан «Ағайынды Жұбановтар» музейі ашылған еді, — деді бүгінде Ақтөбе облыстық ардагер кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын Серік Шаңғұтов.

Қызғалдақ Жұбанованың қызы, ғалымның жиен немересі Дана Әли атасы туралы жылы естелігімен бөлісті.

Атамның құрметіне өтіп жатқан мерейлі шараға қатысып отырғаныма өте ризамын. Жанұямызда атамыздың есімі күнде айтылады. Ол туралы аға-апаларымыздың жазып кеткен кітаптарын міндетті түрде оқып жүреміз. Атамыздың ғылым жолындағы еңбектері ешқандай алтынға тең келмейді, бүгінде соларды өзіміздің артымыздан ерген ұлқыздарымызға айтып, өнеге ретінде қалыптастырып келеміз, — деді Құдайберген Жұбановтың жиен немересі Дана Әли.

Бүгінгі таңымыз ерекше атып, күн өзгеше шығып тұрғандай. Себебі бұл күн — қазақтың біртуар тұлғасы Құдайберген Жұбановқа 125 жыл толған күн. Қазақта есімі алтын әріппен жазылатын 3 тұлға болатын болса, сөзсіз соның бірі — Құдайберген Жұбанов. Оны қалай мақтасақ та, қалай айтсақ та жарасады, — деп өз ойымен бөлісті Жұрын ауылындағы Құдайберген Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің директоры, мұғалжарлық ақын Нұрбол Ибраев.

Тұлғаға арналған шара Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеті алдындағы Құдайберген Жұбановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты. Бұл рәсімді Құдайберген Жұбановтың немересі Ардақ Жұбанова, жиен немересі Дана Әли, шөбересі Сұлтан Абжанов, сонымен қатар Құдайберген Жұбановтың ұлы Асқар Жұбановтың жұбайы Елмира Жұбанова орындады.

Әрі қарай жиынға қатысушылар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне кіріп, музейді және «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығын аралады.

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

Құдайберген Жұбанов Ақтөбе губерниясы, Темір уезі, 9-шы ауыл, Ақжар деген жерде 1899 жылы желтоқсанның 19 күні дүниеге келген. Бастапқы білімін әкесі ашқан ауыл мектебінен алып, әрі қарай сол маңдағы Оспан ишанның мешітінде 3-4 жыл оқиды. Келесі бірнеше жыл жергілікті ауыл мектебінде өтеді. 1914-1916 жылдары Орынбор қаласындағы «Хұсайния» медресесінде оқуын жалғастырады, 1916-1917 жылдарда Жұрынның 2 кластық орыс мектебінің бірден 4-5 класына түсіп, оны үздік аяқтайды. Ал 1917-1918 жылдары Күйік қаладағы (Елек) екі кластық орыс училищесінің соңғы курсына қабылданып, орысша білімін жалғастырады. 1918 жылы Електегі екі кластық орыс-қазақ училищесін бітірген. Темір-Орқаш болысының әуелі хатшысы, кейін төрағасы болады. 1920 жылы Орынбор қаласындағы “Хусайния” медресесін бітіреді. Араб, парсы, орыс, латын, түрік, жапон, француз, ағылшын, неміс тілдерін меңгереді. 1920 жылы “Ай” атты журнал ұйымдастырып, оның бетінде М.Горькийдің “Сұңқар туралы жыр”, “Дауылпаз туралы жыр”, “Хан мен ұлы”, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударып жариялаған. Ақындық, жазушылық өнерімен де танылып, өлең, пьеса, т.б. жазған. Мысалы, “Мақпал – Сегіз” дастанының желісі бойынша Жұбанов Тілепбергеновпен бірігіп жаз-ған пьесасы Ақтөбедегі кеңес-партия мектебінің, педагог техникум оқушыларының қатысуымен сахнаға шығарылып, қала жұртшылығына көрсетіледі. “Ай” деген өлеңі жоғарыда аталған журналдың беташары ретінде жарияланды. Көпшілік көкейіне тез қонатын сықақ, фельетондары сахнада, сауық кештерінде айтылып жүрсе, кейбіреулері “Еңбекші қазақта” жарияланған. 1925 жылы Жұбановтың режиссерлігімен Ақтөбе қаласында М.Әуезовтің “Еңлік – Кебек” пьесасы қойылады. 1928 жылы Ленинградтың шығыс тілдері институтын (экстерн ретінде) бітіріп, жоғарғы білімге ие болады. 1929-1932 жылдары Ленинградта аспирантурада оқиды.

Қазақ тіл білімінің тұңғыш профессоры Қ.Жұбанов 1937 жылдың қараша айында нақақтан-нақақ «халық жауы» ретінде тұтқындалып, содан жыл өте, 38-ге енді шыққан кезінде ату жазасына кесілген болатын. Аз ғұмыр, қысқа уақыт ішінде қазақ филологиясына мол үлес қосып, қомақты мұра қалдырған талантты ғалымның еңбектері 1937 жылдан кейін жарық көрмей, 20 жыл бойы жұртшылық назарынан сырт қалып келген еді. Тек 1957 жылы Құдайберген Жұбановтың азаматтық құқығы қалпына келтіріліп, аты ақталды. Сөйтіп ғалымның қазақ тілі жөніндегі зерттеулерін оқырман қауымына ұсынуға мүмкіндік туды.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ, Зайырбек ЕСЕНЖОЛОВ, Қандыағаш-Ақтөбе-Қандыағаш

Ұқсас ақпараттар

ТӨРТ ТҮЛІККЕ ЕКПЕ САЛЫНУДА

admin_mugalzhar

Құрметті ақтөбеліктер және қала қонақтары!

admin_mugalzhar

Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқытудың онлайн түрі енгізіледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.