«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

2025 ЖЫЛ: КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМ ҚЫМБАТТАДЫ

ЖАҢА ЖЫЛДАН БАСТАП МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ, СОНЫҢ ІШІНДЕ ЖЫЛУ МЕН АУЫЗ СУҒА ӨСКЕН БАҒАМЕН ТӨЛЕЙДІ. БҰЛ АҚПАРАТТЫ ОСЫ САЛАҒА ЖАУАПТЫ МЕКЕМЕ МАМАНДАРЫНАН БІЛДІК. СОНЫМЕН МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ЖАҢА ЖЫЛДАН БАСТАП ЖЫЛУ МЕН СУҒА, КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНЕ ҚАНША ТӨЛЕЙДІ? ТАРИФ БАҒАСЫНЫҢ ҚЫМБАТТАУЫНА НЕ СЕБЕП? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ ТӨМЕННЕН ОҚИ АЛАСЫЗДАР.

СУ БАҒАСЫ — 299 ТЕҢГЕ 2 ТИЫН

Қандыағаш қаласын «Коммуналшы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны жылумен қамтамасыз етеді. Аталған мекеме көпқабатты тұрғын үйлер мен мекемелерді, әлеуметтік нысандарды жылу және сумен, ал қаладағы жеке үйлерді ауыз сумен қамтамасыз етіп, кәріз жүйесінің жұмысын қадағалайды. «Коммуналшы» мекемесіне 12 455 абонент тіркелген. Оның 2731-і ауылдық округтерде орналасқан. Айта кету керек, аталған мекеме Қандыағаш қаласынан бөлек, Жем қаласын және бірнеше ауылды ауызсумен қамтамасыз етеді. Олар — Қайыңды, Жұрын, Ақкемер, Жағабұлақ, Бірлік, Ащысай, Бұлақты, Орқаш, Ақсу, Елек, Талдысай, Сәтжол, Сағашилі ауылдары. Ал Жем қаласында 303 абонент тіркелген. Сонымен бірге «Коммуналшы» мекемесі жоғарыда айтып өткен жеке тұлғалардан бөлек 1000-ға жуық заңды тұлға, 100-ге жуық бюджеттік мекемеге қызмет көрсетеді.

2024 жылы субсиядия алатын тұлғалар ауызсудың 1 текше метріне 299 теңге 2 тиын, субсидия алмайтын тұлға — лар 168 теңге 1 тиын төлеген. Ал биыл субсиядия алатындар ауызсудың текше метріне 316 теңге 89 тиын, субсидия алмайтындар 178 теңге 6 тиын төлейтін болады.

Бірнеше жылдан бері ауыз суды субсидиялау жүруде. Субсидиялау әзірге қала тұрғындарына ғана қарастырылған. Субсидиялау бойынша айтып өтетін болсам, осы жылы салқын суға төлейтін 316 теңге 89 теңгенің 246 теңге 89 тиынын мемлекет төлейді. Ал қалған 70 теңгесін тұрғын өз қалтасынан өтейді. Бұл су есептегіш құрылғылары бар адамдарға қатысты. Ал су есептегіш құрылғылары жоқтарға бөлінген субсидия мөлшері — 236 теңге 89 тиын. Бұл тұрғындар ауызсу үшін өз қалталарынан 80 теңге ғана төлейді. Субсидия алу үшін судың көрсеткішін ай сайын кешіктермей беріп отырған абзал. Сонымен бірге нақты адам санын айту да маңызды, — деді «Коммуналшы» мекемесінің бөлім бастығы Зина Магзумова.

КӘРІЗ ҮШН 202 ТЕҢГЕ 7 ТИЫН ТӨЛЕЙСІЗ

Соңғы жылдары Қандыағаш қаласы бойынша кәріз жүйесін тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Айталық, «Финский» мөлтек ауданындағы бірнеше көшеге және Байғанин, Асанхан Қалиев көшесінің бойындағы тұрғын үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйелері қайта салынды. «Коммуналшы» мекемесінің жоспарлау бөлімінің басшысы Людмила Ловцова бүгінде қала бойынша 11 кәріз сорғысы барын жеткізді. Оның сөзінше, бүгінде қала бойынша кәріз 68,08 шақырымды құрайды.

-Осы жылы су бұру қызметі бойынша біршама жұмыстар жасалды. Рахымжан Қошқарбаев көшесіндегі ұзындығы 600 метр болатын кәріз-сорғы станциясындағы қысымды коллекторға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстарға 4,2 млн теңге жұмсалды. Аталған жұмыстар 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның арқасында жүзеге асырылуда. Бүгінде кәсіпорынның жұмысы тұрақталып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсаруда. Бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыру қорытындысы бойынша бірқатар көрсеткіштерге қол жеткіздік. Атап айтсақ, инвестициялық бағдарламаны іске асыру кезеңінде жылу шығындары 18,6%- дан 18,5%-ға дейін, сумен жабдықтау бойынша 9,3 1 % — дан 9,30%-ға дейін төмендеді . Сонымен бірге тұтынушыларға үздіксіз және сапалы қызмет көрсетуді жүзеге асырудамыз, — деді жоспарлау бөлімінің басшысы Людмила Ловцова.

Бөлім басшысы өткен жылы қандыағаштықтар кәріз жүйесіне пайдаланған судың текше метріне 190 теңге 40 тиын төлегенін айтты. Ал биыл кәріз жүйесінің құны – 207 теңге 2 тиын болып отыр.

ЖЫЛУ БАҒАСЫ 14 ТЕҢГЕ 9 ТИЫНҒА ӨСТІ

Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету жұмыстарын да «Коммуналшы» мекемесі атқарады. Мекеме мамандары жаңа жылдан бастап қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары пәтеріне кіріп тұрған жылудың 1 шаршы метріне 168 теңге 54 тиын төлейтінін айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 теңге 9 тиынға артық. Атап айтатын болсақ, тұрғындар өткен жылы жылу үшін пәтердің әр шаршы метріне 154 теңге 63 теңге төлеген.

Қандыағаш қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің бірқатарына жылу есептегіш құрыл-ғылары қойыл-ған. Бұл құрылғы жылуды үнемдеуге таптырмас мүмкіндік. Қалада жылу есептегіш құрылғылары бар 55 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары өткен жылдан бастап жылудың Гкал-не 4780 теңге төледі. Ал жаңа жылдан бастап 186 теңге 25 тиынға өсті. Енді тұрғындаржылу есептегіш құрылға арқылы 4966 теңге 25 тиын төлеуі тиіс, — деді бөлім басшысы Зина Магзумова.

Қазіргі таңда қандыағаштықтарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін «Коммуналшы» мекемесінің орталық қазандығында жалпы саны 4 қазандық жұмыс жасайды. Бұл туралы жоспарлау бөлімінің басшысы Людмила Ловцова айтты.

Осы жылы «КВГМ-10-150» маркалы екі қазандық ашылып, ішкі құбырлары, жылу өткізгіш жүйелері толығымен жаңартылды. Себебі бұл қазандықтар бірнеше жылдан бері жөнделмеген еді. Сондай-ақ №4 қазандықтың 65180 F маркалы желілік сорғысын К100-65-200 сорғысына ауыстыру жұмыстары атқарылды. Бүгінде жылу айдағыш құрылғылар мен көшедегі жылу құбырлары толықтай жасап тұр. Жоғарыдаайтқан 202 1 — 2026 жылдарға арналған инвес — тициялық бағдарлама аясында «Коммуналшы» мекемесіне 134 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген еді. Аталған қаржының 31,6 млн теңгесіне осы жылы жүйеліжұмыстар атқарылды. Атап айтатын болсақ, оның 14,6 млн теңгесіне жылу қазандықтарын жөндеу, 12,8 млн теңгесіне сумен жабдықтау, 4,2 млн теңгесіне су бұру жұмыстары жүргізілді, — деді ол.

МАМАН: ТАРИФ БАҒАСЫ НЕГІЗСІЗ ӨСПЕЙДІ

Мақала жазу барысында өткен жылмен салыстырғанда «Коммуналшы» мекемесінің тұрғындарға көрсететін қызмет түрлерінің тарифінде өсім барына куә болдық. Мекеме мамандарынан коммуналды төлемдердің бағасының өсуіне қандай негіздердің себеп болғанын сұрадық. Олар тариф бағасының өсуіне қатысты бірнеше себептерді атады.

Біз бағаны негізсіз өсірмейміз. Бүгінде кәсіпорын пайдаланатын электр энергиясы мен көгілдір отынның тарифтік бағасы өсті. Соған сай мекеме өз тарифін өсіруге мәжбүр. Мекеме басшылығы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне тариф бағасын өсіру туралы ұсыныс білдірді. Ұсыныс қабылданып, тариф бағасын келісіммен өсіріп отырмыз. Сонымен бірге кәсіпорында жұмыс жасайтын 290 адамды жалақымен қамту үлкен маңызға ие. Тағы да айта кететін бір жайт, қазандықтарды, жылу, су жүйелерін ауыстыру, ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары үздіксіз атқарылып отырады. Сондықтан тұрғындардың жағдайына қарап, тариф бағасын қатты өсірмеуге тырысамыз, — деді жоспарлау бөлімінің басшысы Людмила Ловцова.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Елордада Үш арысқа ескерткіш орнатылып, Жазушылар үйі ашылды

admin_mugalzhar

Жаңбыр және аптап. Демалыс күндері ауа райы қандай болатыны айтылды

admin_mugalzhar

Бибігүл Төлегенова 95 жасын «Астана Опера» сахнасында атап өтті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.