«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АТҚА МІНІП, САДАҚ АТУ — АТАДАН ҚАЛҒАН АМАНАТ

МҰҒАЛЖАРДЫҢ  ОРТАЛЫҒЫ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА АТҚА МІНІП СЕРУЕН ҚҰРЫП, ҚЫМЫЗ БЕН САУМАЛ ІШІП, ДЕНСАУЛЫҚ ТҮЗЕП, САДАҚ АТЫП, САЯТШЫЛЫҚ ЖАСАУҒА БОЛАТЫН ЖЕР БАРЫН БІРІ БІЛСЕ, БІРІ БІЛМЕЙДІ. «ҚҰЛАГЕР» ДЕМАЛЫС ОРТАЛЫҒЫ 2 ЖЫЛДАН АСА УАҚЫТТАН БЕРІ ҚАНДЫАҒАШТЫҚТАРҒА АҚЫЛЫ ӘРІ ТЕГІН ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ. БҰЛ ЖЕРДЕ КҮНДЕЛІКТІ ШАРУАДАН ШАРШАҒАН УАҚЫТТА ӘДЕМІ ТАБИҒАТ АЯСЫНДА ТЫНЫҒЫП, БОЙДЫ ДА, ОЙДЫ ДА СЕРГІТІП ҚАЙТУҒА БОЛАТЫНЫ СӨЗСІЗ.

Жалпы жылқының адам денсаулығына берер пайдасы мол екені айтылып та, жазылып та жүр. Мінсең көлік, ішсең сусын, тұтынсаң ас-ауқатыңа пайда. Бұл — біздің кейіпкерлер үшін дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналғалы қашан! Саумалдың «сірге жияр» маусымын биыл екінші жыл сәтті аяқтаған «құлагерліктердің» келесі жылға да жоспары көп.

-Әне-міне дегенше, маусымдық саумал уақыты да аяқталды. Көктемдегі «қымызмұрындықтан» басталып, күзде «сірге жиярға» дейін жүретін аралық жабылып жатыр. Биыл да сәтті аяқтап отырмыз. Осыған дейін қаншама тұрғындарымызға қызмет жасап, арасында, әр жұма сайын тегін саумал таратып, көпшіліктің ризашылығына бөлендік. Сауап үшін жасаған әр ісіміздің қабыл болуын тілейміз тек. Әзірге төрт жылқымыз бар. Сауынды биелер болғандықтан уақытында сауып отыру керек. Мәселен, күніне 4 рет сауып, саумалға келетін тұтынушыларымызды уақытқа сай реттеп қоямыз. Адамдармен жұмыс жасаған жақсы, ерекше әсерлі ғой. Әсіресе, өніміңді тұтынып, одан оң нәтиже көріп отырсаң, шын қуанасың. Жақында бір апамыз келді. Көптен бері саумалды үзбей ішіп жүрген болатын. Асқазан жарасын емдеуге ішіп жүргенін айтқан еді әу баста. Уақыт өте, осы саумалды ішу арқылы асқазан жарасының беті қайтып, жара жәй ғана қабықшаға айналып кеткенін айтып, қуантып қойды. Міне, осындай жұмысыңның нәтижесін көріп отырсаң, керемет емес пе?! Осылайша әрбір келген апа-ағаларымыздан халжағдайларын, өзгерістерін сұрап отырамыз. Сырласып отырып саумал ішеміз. Негізінен саумалдың бетіндегі көбігі өте пайдалы. Әсіресе бет терісіне маска жасауға таптырмас табиғи өнім. Содан кезекке беткі көбігін алсам деп сол үшін тұратындар да кезігіп жатады. «Әйелдер-ай» деп бір күліп аламыз. Расымен бір сусынның бойында қаншама дәрумендер бар, — деген атбегі Азамат Жанин биені сауудағы және саумалды ішудегі бірқатар құпиялармен, білу керек ережелермен де бөлісе кетті.

Мәселен, саумалды қалайы ыдысқа саумайды. Себебі қалайыға сауылған бие сүтінің қасиеті тез кетіп, басқа элементтермен байланысып кетеді. Оны қыш ыдысқа немесе қауаққа сауады. Сондай-ақ жаңа сауылған сүтті бір ыдыстан екінші ыдысқа қайта-қайта аударып құюға болмайды. Артық қалған саумал сүтті күбіге құйып, жинай береміз. Алматы қаласынан арнайы күбі мен соған арналған аппарат алдырған болатынбыз.

Қымызды ашыту процесінде алып бара жатқан қиындықтың жоқ екенін айтады Азамат.

Бұл — қазақтың көнеден келе жатқан әдісі бойынша жүреді. Яғни, күбінің ішін қойдың құйрық майымен жағып шығамыз да жиналған сүтті күнбе-күн құйып отырамыз. Ал жиналып жатқан сүт өз-өзінен аши береді. Күбі кәдімгі емен ағашынан жасалады. Күбідегі жиналған сүтті ысу үшін пешіміз бар. Соған тобылғы ағашын жаға отырып, сүтті қыздырамыз. Толық қызған сүт бойына барлық майды сіңіреді. Қымыз да неше түрлі болып бөлінгеніне қарай ашытылады. Бірі тұщы қымызды ұнатса, енді бірі ащы қымызды ұнатады. Соған байланысты тапсырыс берген тұтынушының талғамына қарай әзірлеп береміз. Тағы айта кететін мәселе, мөлшерден жемеу. Кем кетіп қалмауын қадағалауда ұстап отырамыз. Адамның ақысы деген болады. Сондықтан дәлме-дәл етіп, өлшеп отыруды назардан тыс қалдырған емеспіз. Жалпы сүттің шипалы болуы — жылқының жайылымына, шөбі мен ішкен суына да байланысты. Құнарлылығы жоғары болғанымен, адам ағзасына сіңіп, қорытылуы жеңіл табиғи өнім. Ашқарынға 1 кесе толы саумал ішіп алсаң, түске дейін тоқ жүресің. Сонымен қатар, қатерлі ісік ауруларының алдын алады. Саумалды емдік шарасы ретінде қолданатын болсаңыз, күніне тамақтанудан 20-30 минут бұрын 4-5 мезгілден 1 ай бойы ішетін болсаңыз, бір аптадан соң-ақ оң нәтиже көре бастайсыз. Иммунитетіңіз жақсарып, көңіл-күйіңіз көтеріліп, ұйқыңыз тынышталады. Негізінен саумал 3 сағат ішінде өз қасиеттерін жояды. Алайда мұздатқышқа қатыру арқылы саумалды ұзақ мерзімге дейін сақтауға болады, — дейді ол.

Қымыз бен саумалдың адам ағзасына берер шипасы мен құнарын тізбектеген Азаматтың айтуынша, атқа жайдақ отырудың өзі де өте пайдалы екен. Жүріске денесі қызған аттың адам денесіне жылу беру арқылы қан айналымы жақсарып қалады.

Бізге көбіне ерекше балаларды ата-аналары атқа мінгізуге әкеліп тұрады. Атқа міну — бұл балалар үшін өте пайдалы. Қол-аяғының құрысып, жүруге икемі келмей жүрген балаларды атқа отырғызып, біраз серуендетіп, осылай бірнеше күн жалғастыра берсе, құрыстары жазылып, денесі босап, аттың қызуы буынның жұмысын жақсартып, керемет нәтиже бере бастайды. Оған көзіміз жетіп отыр. Ондай жандарға тегін қызмет көрсетеміз. Көп естімесе керек, орталығымызға ат басын бұратын ерекше балалар өте аз. Осы сәтті пайдалана отырып, бізге арнайы тізім беріп, кесте құрып, соны жоспарға енгізіп, әрі жеткізу жағын да ойластыратын болса, қаншама пайдалы, сауапқа толы іс болар еді. Біз тағы да айта кетейін, бұл көрсетілетін қызметтер үшін ақы сұрамаймыз. Осылай айтуыма себеп болып отырған, ерекше балапандардың атааналары. Себебі біз қаладан 10 минуттық жерде Шилісайда орналасқанбыз. Жету де бұл жандар үшін сәл қиындау. Такси қызметтері де қымбат бағаны сұрайды. Оны бірінің қалтасы көтерсе, бірінің қалтасы көтермейді. Сондықтан арамыздан жаны жомарт жандар шығып, бәлкім балаларды тегін жеткізер деген үміт те бар, — дейді орталық иелері.

Азамат Жанин бала күннен бері аттың бабы мен баптауына пысығандықтан, ат үстінде жүріп садақ атуды да жақсы меңгерген. Содан болар, «Құлагер» демалыс орталығына барып, қымыз ішіп қана қоймай, садақ та ата аласыз. Атбегі нысананы көздеп, алысқа көз тастаудың өзі көздің көру қабілетін жақсартатынын және айтты.

Қазақ батырлары атқа мініп, садақпен аң аулап, азық қылғанын естіп өскендіктен, осы бір істі жүзеге асыруды мақсат еттік. Садақ атудың да пайдасы орасан зор. Жебені адырнаға салып тартқан кезде, адамның көзі жебенің ұшына қарайды яғни алыс-жақынды барлау арқылы көздің көруінің жұмысы арта түседі. Қарап отырсақ, қарапайым ғана дүниелер ғой. Осындай істерді әдетке айналдыратын болсақ, шипа болары сөзсіз.

Орталықты аралап жүріп, байқағанымыз, бұл жердің табиғаты да ерекше әдемі екен. «Жазда тіптен сұлуланып кетеді» деп мақтанып алды орталық иелері. Қарағай ағаштары гүлдегенде, айналаға ерекше реңк беретінін осы жерде алғаш естідім. Осы сұлу табиғатты ұтымды қолданғысы келіп отырған «құлагерліктер» алдағы күндері фотосессия жасайтын орталық ашуды да жоспарлап қойыпты. Оны этно нақыштағы дүниелермен барынша жабдықтағысы келеді. Расымен бәрі қарапайым ғана дүниелерден басталады. Бастысы, әрекетке — берекет.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ЖАСТАР ЖЕҢІЛ КЕЛЕТІН ДҮНИЕГЕ ӘУЕС БОЛМАУЫ КЕРЕК

admin_mugalzhar

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақтың тағамдары шетелдік қонақтарды баурап алды

admin_mugalzhar

Мәжіліс жаңа заң қабылдады: Букмекерлер мен онлайн-казиноларды жарнамалауға тыйым салынады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.