Елімізде «Қызыл кітаптің» бесінші басылымы жарық көреді, деп хабарлайды 24.kz сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
Оған Қазақстанда мекендейтін 217 жан-жануар еніп отыр. Бұл туралы Қазақстанның Қызыл кітабының жаңа нұсқасын дайындап жатқан Зоология институтының өкілдері мәлімдеді. Осы жолы тізім жыртқыш құстармен және қандаланың кейбір түрімен толықты. Бұл жолы «Қызыл кітапқа» енгендердің қатарында ақбас құмай мен құмай құс бар. Оған қоса, қамыс мысығы, қара лашын және шаянның үш түрі ерекше қорғауға алынды. Осылайша соңғы басылымға сирек кездесетін жан-жануардың 11 түрі кірді. Ғалымдар әсіресе қамыс мысығының саны азайып кетті, — деп алаңдап отыр. Ал санының көбеюуіне байланысты жан-жануардың 19 түрі тізімнен алынып тасталды. Олардың дені жәндіктер. Оларға әзірге қауіп төніп тұрған жоқ.
Кітап қазақ және орыс тілінде жазылған. Онда сирек кездесетін аң мен құстың, жан-жануардың мекендейтін картасы көрсетіліп, айрықша қорғалады. «Қызыл кітапқа» жануар түрін енгізу немесе алып тастау Зоологиялық комиссияның құзыретінде.
Айта кетейік, алғаш рет Қазақстанның «Қызыл кітабы» 1978 жылы шыққан. Бұл бесінші басылым. Ол араға 16 жыл салып әзірленіп жатыр. Ғалымдардың пайымдауынша жан-жануарларды қорғауда «Қызыл кітаптың» пайдасы зор. Мысалы, соңғы жылдары елімізде тоғай бұғысы, арқар мен қарақұйрықтың саны едәуір өскен. Жаңа басылым келесі айда жарық көреді.