«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰМЫТ ҚАЛҒАН ДӘСТҮР ЖАҢҒЫРДЫ

Қандыағаш қалалық №4 орта мектеп жанынан құрылған «Асыл Дария» ансамблі «Бақытты бала» балабақшасында ұлттық дәстүрлерді насихаттауға арналған тағылымды шара ұйымдастырды.

Іс-шара барысында ансамбль мүшелері ұмыт бола бастаған, алайда тәрбиелік маңызы жоғары салт-дәстүрлерді сахналық қойылым арқылы балабақша тәрбиеленушілеріне таныстырды.
Ансамбльдің бастамасымен көрсетілген дәстүрлер қатарында – қазақ халқының көнеден келе жатқан «Танабау тағу» рәсімі де болды. Қойылым желісі бойынша, қыз баланың үй шаруасына икемділік танытып, анасына қолғабыс жасаған сәті бейнеленді. Мұны көрген ауыл үлкендері оны ер жетіп келе жатқан қыз деп бағалап, ақ дастархан жайып, құрмет көрсетеді. Салт бойынша жасы үлкен әжелер мен аналар қыз баланың омырауына, білегіне түйме, тана, маржан, ақық сынды бұйымдар тағып, ізгі тілектерін білдіреді.

— Халқымыздың әрбір салт-дәстүрі — өмірлік тәжірибеден туған, терең тәрбиелік мәні бар рухани мұра. Біз бүгінгі шара арқылы балалардың ұлттық дүниетанымын кеңейтіп, салт-дәстүрді құр сөзбен емес, нақты әрекетпен көрсетуге тырыстық. «Танабау тағу» — қыз баланың бой түзеуін, еңбекке бейімділігін дәріптейтін ерекше дәстүр. Мұндай салттарды ұрпақ санасына ерте жастан сіңіру — маңызды міндет, – деді ансамбль жетекшісі Нұрлыгүл Темірбаева.

Шара аясында сондай-ақ «Байғазы» және «Шөберенің қолынан май жалау» дәстүрлері де көрермен назарына ұсынылды. Балалар мен балабақша қызметкерлері дәстүрлердің мазмұны мен маңызына терең бойлап, ұлттық құндылықтардың тәрбиелік әлеуетіне қанықты.

Іс-шара соңында балабақша ұжымы «Асыл Дария» ансамбліне алғысын білдіріп, шығармашылық топқа ақ тілегін арнап, естелік сыйлықтарын табыстады.

Мұндай мазмұнды іс-шаралар — ұлттық рухани мұраны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру жолындағы игі бастамалардың бірі.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандықтарға жыл басынан бала күтіміне байланысты қанша жәрдемақы төленді

admin_mugalzhar

204 ТҮЛЕК МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

АУДАН АУМАҒЫНДА ЕРТЕ КӨШПЕНДІЛЕРДІҢ ҚОРЫМЫ ТАБЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.