Соңғы уақытта ұзарып кеткен түтемелі боранды күндер толастап, арты аязға айналғалы бір аптадай болды. Сықырлаған қалың қар. Қызыл шұнақ аяз бетіңді қарып, шымшылайды. Ақпан айы. Өлараның арпалысқан шағында ауа райы да күрт өзгергендей. Бірде сынаптай тынып, бірде сұстанып, күннің үскірік желі мазаны алғалы қаншама! Қалаішілік автобус құбылмалы қыстың тосын күніне қарамай, әр аялдамаға тоқтап, жолаушыларды түсіріп, сызылтып жүріп келеді. Тас-тастың күнжақ бетіжылтырап, шөлмектей мұз автобустан түскендерді тайғақтатып жүргізбейді. Бірақ бүгін күн райы тып-тынық. Аппақ қарды басқан сайын сықырлап, бойыңды тылсым-сиқырлы әуен билейді. Ызғарлы қыс бір сәт аласұрмай, момақан мінезін танытып тұрғандай.
Шағын автобустың іші толған адам. Бір-бірін көре сала екі-үш жолаушы амандық-саулық сұрасып, дабырлап тоқтар емес. Кенет, алдыңғы орындықтарға отырғандардың ішінен орта бойлы, аяз сырған жүзін түбіт шарқатпен орай салған әйел емен-жарқын даусымен сампылдап сөйлеп кетті.
— Осы жұрт қызық. Жаз болса – қысты аңсайды, қыс болса – жазды сағынады. Көрдің бе, бүгінгі аз-кем табиғаттың аязына шыдай алмай, «құдайың күні қақап кетті ғой» деп әңгіме етуін. Ал осындай күндері бұл қаланың жүзден аса көп қабатты үйлері мен мектептерді тоқтаусыз жылумен қамтамасыз етуге тыным таппай еңбек етіп жүрген ер азаматтарды тілге тиек етіп, ризашылығын айтқан бір адамның жақсы сөзін естімедім. Жақсылықты тез ұмытып, жамандықты бойға түйіп жүретін пендеміз ғой. Әйтпесе, сонау 2000 жылдың басынан бері қазіргі өзіміздің «Коммуналшы» мекемесінің жұмысшыларының арқасында, үйлеріміз жып-жылы. Осыны неге бағаламаймыз?! Әр үйге үзіліссіз келіп тұрған суын, жылуын, жарығы мен газын айтқысы жоқ бұл жұрттың, — деп назын ақтара салды.
Әңгімеге ақселеу сақалы омырауын жапқан қария араласты:
— Ей, балаларым-ай! Бұл қала не көрмеді дейсің. 1960 жылдардың басында аудан орталығы болып бөлек еншісін алғалы да қаншама жылдар өтті. Сол кездері қала тұрғындарының саны небәрі бес мың ғана еді. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, өткен ғасырдың 70-80 жылдары бұл өңірде көптеген өндіріс орындары ашылып, қала өсіп, жаңарып кетті. Халықтың игілігіне қаншама мектептер, бала-бақшалар салынды. Екпінді жүргізілген құрылыстың арқасында халықтың саны да өсті. Бүгінде мұнда 35 мыңнан артық тұрғын бар. Ал осындай өркендеген қаланы жылумен, сумен қамтамасыз ету деген оңай шаруа емес, әрине. Қызым, дұрыс айттың. Осындай игі істерді халыққа жайып, айта жүргендерің дұрыс. Солай біз өсеміз, өнеміз, қарақтарым, — деп ел атасы әңгіменің басын ашып берді.
-Жасыратыны жоқ, өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы тоқырау кезеңінде қыс айларында қалалық орталық бу қазандығының дәрменсіздігінен «Жастық», «Достық» мөлтек аудандарында ондаған зәулім үйлердің жылуы қатып қалып, үйлер жылусыз қалып, мұзға оранғандай күй кешкенін көзімізбен көрдік. Бүгінде мұның бәрі ұмытылғандай. Қазір шүкір емес пе? Даланың ысқырық желі мен аязды күндері не қылар дейсің, қарақтарым! Үйлеріңде тұрақты жылу болса, бұл әр отбасының үйлесімді татулығына себеп болса, одан артық не керек? — деп көпті көрген қария сөзін аяқтаған бойда жаңағы жас келіншек сөзін тағы жалғады.
Әрине, ата, тәубе дейміз. Шүкіршілікті алға тартқан халықпыз ғой. Осындай, қыстың қатал сынына төтеп беріп, бүкіл қаланы тоқтаусыз жылумен қамтамасыз етуде еңбектеніп жүрген азаматтарымызға ризамыз. Жылу беру шаруашылығының басшысы Жукашев Әбілбай деген азамат екен. Әй қазағым-ай! «Әзір іске — тік қасық» дегендей, барды бағалауға жоқпыз ғой, шіркін! Әйтпесе, Әбілбай Арал өңірінен біздің жаққа құдай айдап келіп, бұл жұмысты қолға алғанына да ширек ғасыр болыпты. Осы жігіттің еңбегінің арқасында күзде бүрсеңдеп, қыста тоңыпшашыраған жылдарды ұмытқалы қашан. Автобус ішігу-гу әңгімеге ұласып кетті. Жылы отырған адамдар сырттың ызғарын ұмытқандай үйлерінің жылылығын риялы көңілдерімен жарыса айтып, мәз болып жатыр. Осы арада сырт киімінің көлдей жағасымен басын көмкерген жігіт сөзге араласты.
-Қыстың қыраулы шақтарында қаланың жылу жүйесі қызметінің басы-қасында жүрген ондаған азаматтардың еңбегін бағалап, ризашылық білдіріп жатқандарыңа рақмет, жерлестер. Мен сол мекеменің жұмысшысымын. Жұмысшы болғанмен біз де ет пен сүйектен жаралғанбыз. Сіздердің айтып жатқан көңіл жылуына қуанамыз. Білмейді екенбіз, манадан айтқандарыңызға қарағанда, халық риза екен. Бұл біздің «Коммуналшы» мекемесі ұжымының игі ісі. Ол мекемеге 20 жылдан астам басшылық жасап келе жатқан, өздерің айтып отырғандай, Әбілбай Мамадинұлы Жукашев деген азамат. Бұл жігіт біреуге таныс, енді біреуге бейтаныс екені рас. Не дегенмен, сіздердің айтқандарыңыздан әр кезеңнің қиындығы мен жақсылығына халықтың өзі баға беретініне бүгін сеніп отырмын. Жақсы істердің басында, елжұртымыздың қасында жүргенімізге риза болып, мақтанып келемін, — деп жас жігіт назын төгіп, автобустан түсіп кетті.
Сонымен Әбілбай Жукашев деген кім? Әбілбай Мамадинұлы Арал өңірінің тумасы. Еңбекке ерте араласып, ауыр жүкке арқасын тосқан азамат. 1991 жылы Ташкент автомобиль жолдары институтын бітірген. Жұмыстың жеңілі болмайтынын ерте жастан түсінген ол еңбек майданына қызу араласып, өз ортасында абырой мен беделге ие болды. Қай істің болмасын тетігін таба білген ізденімпаздығы мен білімпаздығы, «ер жігіт екі сөйлемейді» дейтін кесек мінезі оның қызмет баспалдағымен мансап қуып емес, еңбек етіп, өсуіне жол ашты. Адами бағаммен айтқанда, Әбекең кішіпейілдігі мен кісілігі, іскерлігі мен табанды талабы ұштасқан, досқа жақын, үлкенге сәлемін бұлдамайтын, жұртына қамқоршы болып жүрген жан.
2000 жылдың басында осы жұмысты бастағанда қаланың шетіндегі орталық бу қазандық қалаға жылу беретін жалғыз қондырғы болатын. Бұл уақытқа дейін тұрғындар қандай қиындықтарды бастан кешірмеді дейсің?! Шаруасы тым еңкейіп кеткен мекемені тәуекелмен қолға алған Әбілбай сол уақыттарда орда бұзар ер болса, бүгінде алпысты алқымдаған шағында да ширақ. Тиянақтылығымен қаланың жылу жүйесін қалыптастырып, одан әрі тұрақтандыруда еңбегін аянбаған басшы. Әлбетте, оның тынымсыз тіршілігі ешқашан біржақты болған емес. Күн сайынға жоспарлы қызметінің талабы қаншама қысса да ол өзін қоғамдық жұмыстардан да оқшау ұстамайды. Ондаған жылдардан бері елеулі еңбегімен қаланың тарихына өзінің үлесін қосып жүрген, тұрғындардың сый-құрметіне ие болған Әбілбай Мамадинұлын қандыағаштықтар жақсы біледі. Бүгінде қала ажарланып, әрленіп, коммуналдық қызметтің өркені өсті. Оны Әбілбайдың өзі былайшы әңгімелейді:
-2005 жылы «Коммуналшы» мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалған уақытты бүгінгі күндермен салыстыруға әсте көңіл дауаламайды. Өте қиын уақыттар болды. Қаланың коммуналдық жүйесі әбден шаршап, тозығы жеткен, шешімін күткен проблемалар шаш етектен. Инженерлік жүйелер де ескіріп, жұмыс тоқыраған. Қаладағы тек қана бір ғана орталық бу қазандығы жүзге жақын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз ете алмайтын уақыты еді. Көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелері суға толып, пәтерлердің көпшілігі ылғал тартқан. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде де кемшіліктер жиі орын алған кез. Арыз-шағымның көпшілігі де осы мәселелер төңірегінде болды. Жұмыс төмендеп, жұмысшылары тарауға жақындаған өндіріс орнының кейпі жүрек ауыртатын жағдайда еді. Келгеннен кейін қиындықтан қашпадық, жұмысқа белсене кірістік. Қаланың коммуналдық инфраструктурасында 28 шақырым құрайтын жылу жүйесін ықшамдап, әрбір мөлтек ауданға жылу тасымалдайтын дербес 4 бу қазандығын салып, жылуды әрбір үйге жақындаттық. Осындай іс-әрекетімізбен неше бір жылдардан бері қайталана беретін апатты жағдайлардан түбегейлі арылдық. Әрине, бұл үлкен еңбек, сол еңбектің арқасында қол жеткізген жетістік. Тұрғындар да риза болды, қуанды, олармен бірге біз де қуандық. Қазір коммуналдық қызмет көрсету жұмыстары қалпына келіп, тұрақталды, — дейді Әбілбай Мамадинұлы өткен еңбек жолдарын еске алып.
Әр саланың өзіндік қиындығы, шешімін табу жолдары болады. Міне, сол амалдарды үнемі ізденіп, атқарып жүрген, үлкен ұжымның басшысы Әбілбайға күнде де, түнде де тыным жоқ. Демалыс дегенді білмейтін де осы азамат. Шынын айтқанда бұл тынымсыз дүниеде кімнің қадірін саралап, бағалап, үкілеп жүрміз?.. Ортамызда елдің бірлігін, елдің тіршілігін біріктіріп жүрген нар тұлға азаматтарымызды толқынды сөзбен көтермелеуге, ардақтап мақтауға келгенде тарылып қалатынымызды қайтерсің! Әйтпесе, осы Әбілбай ініміздің еңбегін біліп, бағалайтыным өзіме аян. Міне, сондықтан да қала тағдыры үшін тынымсыз еңбегімен танымал болған азаматқа баталы сөзімді айтып, адал ісін жазбай өте алмадым. «Ер үстінде ұйықтамасақ, атқа қонып нең бар? Халық қамын ойламасаң, таққа отырып нең бар?» — деген сөз осындай жандарға арнап айтылса керек, сірә.
Аманкелді ШУНИМОВ, мемлекеттік қызметтің ардагері, Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы