Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды, — деп жазды «Ақтөбе» газетіне сілтеме жасаған mugalzhar.kz.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиевтің айтуынша, биыл көктемгі егіс жұмыстарын 806,4 мың гектар алқапқа жүргізу жоспарлануда. Атап өткендей, егіс әдеттегіден ертерек басталады, өйткені ауа райының қолайлы болуы шаруаларға науқанды кідіріссіз бастауға мүмкіндік бермек.
Егіс егу жұмыстары Алға, Қобда, Мұғалжар, Темір және Ойыл аудандарында жұмыстар сәуір айының үшінші онкүндігінде басталса, Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласында сәуірайының соңы мен мамыр айының алғашқы күндеріне жоспарланған.
—Биыл 51 мың тонна тұқым әзірленді. Барлық егіс өнімдері сұрыптық және егістік сапасына қатысты міндетті сараптамадан өткізіледі. Алдын ала тексеру 41,7 мың тоннаға жүргізілді. Толық сараптамаға 18,6 мың тонна берілді, оның 14,9 мың тоннасы тексерілді және тұқымның 99 пайызы жарамды деп танылды. Оның 9,7 мың тоннасы бірінші деңгейлі тұқым болса, 2,1 мың тоннасы—екінші, 3,1 мың тоннасы —үшінші деңгейлі тұқым,—деді А.Жүсібалиев.
Жалпы егіс алқабы 806,4 мың гектар болса,дәнді дақылдарға 438 мың гектар аумақ бөлінген. Оның ішінде бидай — 329 мың , арпа — 92 мың, майлы дақылдар — 67 мың, жемшөп — 107 мың, жаздық дақылдар 621 мың гектарға егілетін болады. Сондай-ақ картоп пен көкөніс дақылдарына 3,5 мың гектар, ал бақша дақылдарына 3,4 мың гектар алқап бөлініп отыр.
Облыс диқандары дала жұмыстарына қажет заттармен қамтылған. Егіс науқанын жүргізу үшін 6,2 мың тонна дизель отыны бөлінген. Отын жеткізу операторы ретінде «ЖМС-Лидер» ЖШС анықталды. Шаруашылықтар үшін дизель бағасы — литріне 253 теңге. Бұл нарықтық бағадан 15 пайызғаарзан.
Дала жұмыстарына 1,5 мың трактор, 100-ден астам егіс кешені, 1,4 мың сепкіш және топырақ өңдеу техникасы тартылады. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 97 пайыз болса, жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын.
Жыл басынан бері облыс шаруалары жалпы сомасы 4 млрд теңгеге 228 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Оның 132-сі «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингі арқылы алынды. Сондай-ақ шаруашылықтарға 1,4 млрд теңге инвестициялық субсидия төленді.
Егіс науқанын қаржыландыру «Кең дала-2» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, бүгінде 46 шаруашылыққа 4,7 млрд теңге несиемақұлданған, оның ішінде 29 шаруашылыққа 3 млрд теңгесі берілген. Қосымша бюджеттен өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 1,2 млрд теңге қарастырылады.
— Біздің міндетіміз — егіс жұмыстарын қамтамасыз ету ғана емес, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін тұрақты экономикалық платформа құру. Біз қолда бар отыннан бастап, жеңілдігі бар несиелеуге дейін күрделі экономикалық жағдайдағы шаруаларға жүктемені азайту үшінқолдан келгенді жасадық,— деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі Асхат Шахаров көктемгі далалық жұмыстарды тиісті деңгейде ұйымдастырып, науқанды кідіріссіз және үзіліссіз өткізуді тапсырды.
—Егіс науқаны — агромаусымдағы маңызды кезеңдердің бірі. Жұмыстың үйлесімді және уақытылы ұйымдастырылуы егіннің бітік шығуына, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді. Сондықтан біздің міндетіміз — барлық деңгейде жұмыстың жүйелі болуын қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға ерекше назар аудару қажет. Дайындыққа ғана емес, сонымен қатар арнайы техниканың заманауи талаптарға қаншалықты сәйкес келетініне де қарау керек. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы басқармасының тұрақты бақылауында болуға тиіс. Сондай-ақ егіс науқанының барысын үнемі қадағалап отыруды тапсырамын. Шаруашылықтарға уақытында көмектесіп, туындаған мәселелерге жедел әрекет етіңіздер. Жұмыс нақты және мерзімінде жүргізілуге тиіс,— деді облыс әкімі.