«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕРЛІК – ҰРПАҚҚА МҰРА

Біздің жанұяда 9 мамыр — Жеңіс күні әр жыл сайын ерекше тойланатын. Себебі біздің атамыз Бақыткерей Сәндібаев Ұлы Отан соғысына алғашқылардың бірі болып аттанып, болашақ ұрпағының бейбіт күні үшін майдан шебінде ерлік көрсеткен.

Ол Ақтөбе қаласында жасақталған 311-атқыштар дивизиясында әскери дайындықтан өтіп, Батыс Украина, Белоруссияны азат етуде жау әскерлерімен бетпе-бет шайқасты. Соғыс даласында бірнеше рет ажалмен жүздесіп, түрлі жарақат алған. Балтық елдерін азат етуде кескілескен шайқаста, Сталинград қаласын жаудан азат етуде қатардағы жауынгер бола жүріп, рота командирлері мен взвод басшылығынан Мақтау қағаздарын алып, орден, медальдармен марапатталған.
Ұрыста аяғынан ауыр жараланып, әскери госпитальда емделген. Жау отынан, өлім аузынан аман қалған атамыз өз естелігінде: «1941 жылы 22 маусымға дейін Фашистік Германия Польшаны 35 күнде, Бельгияны 19 күнде, Голландияны 5 күнде, Данияны 1 күнде жаулап алса, Кеңес әскерлері тек Ленинград үшін 900 күн, кең байтақ Отан жолында 1447 күн шайқасып, зұлым дұшпанды ауыздықтауда Берлинге дейін жауларын жаяу қуған» деп ұрпақтарына мақтанышпен айтып отыратын.
Ұлы Отан соғысы жылдарында атамыз Балтық елдерін азат еткені үшін «Даңқ», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан Соғысы» орденімен наградталып, 1941-1945 жылы «Ұлы Отан соғысының ардагері» белгісімен, «Сталинград қаласын жаудан азат еткені үшін», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуковтың», «Германияны жеңген үшін», «Ерен еңбегі» медальдарымен марапатталған.
Жеңіспен елге оралған атамыз: «Алла тілегімді берді, ажал құрығынан аман келіп, жар сүйіп, перзент құштым, сондықтан тұлабойы тұңтышыма үлкен аталарың – Қабыл деген есім берді» дейтін. Әжеміз Қаракөзбен 56 жыл отбасып, балалы-шағалы болып, немере-шөбере сүйді.
Соғыстан кейін әкеміз колхозда бригадир болып жұмыс жасаған.
Атам Бақыткерей 1954-1956 жылдары тың және тыңайған жерді игеруге қатысып, елеулі еңбек етті. Ол жерде де оның еңбегі бағаланып, «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» және «Ұлы Жеңістің 30,40,50 жылдығы», Кеңес әскері мен әскери флоттың 70 жылдығы мерейтойлық медальдарын кеудесіне таққан.
Еңбек етуден ешқашан қашпаған атамыз зейнеткерлікке шыққанша №6 Мұнай айдау станциясында қызмет жасап, 1977 жылы «Еңбек ері» медалімен марапатталған.
Жыл сайын 9 мамырда атамызды совхоз, аудан, облыс әкімдігі, №6 Мұнай айдау станциясының кәсіподақ ұйымы мен басшылығы құттықтап, жылы тілектерін білдіріп, бағалы сыйлықтарын сыйлайтын.
Атам Бақыткерей Сәндібаев Жеңістің 57 жылдық мерейтойын қарсы алып, 2002 жылы 89 жасқа қараған шағында жары мен ұрпағының алдында абыроймен дүниеден озды.
Атамның көзін көргендер: «жақсы адам еді» деп көп айтады. «Жақсы адам» деген екі ауыз сөз секілді. Дегенмен қастерлі де қасиетті, киелі осы екі ауыз сөзді иемдену бақыты мыңнан бір пенденің мандайына жазылатыны сөзсіз. Өйткені бұл — патшаның жазған жарлығы емес, халық пен уақыттың, тарихтың шешімі.
«Баланың бас ұстазы – ата-анасы» дегендей, атамыз балаларын әдептілікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа, білімді болуға баулыды. Ардақты әкенің: «Ақ сөйлеп, адал күлетін болыңдар, шындықты жақтап жүретін болындар», — деген өсиеті ұрпақтарының жадында мәңгі сақталды.

Немересі Ізімхан Игисенов

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанның төрт қаласында ауаның жоғары ластануы күтіледі

admin_mugalzhar

АУДАНДЫҚ СПАРТАКИАДА: ҚАНДЫАҒАШТЫҚТАР ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

ЖАСТАР ГРАНТҚА ИЕ БОЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.