Ақтөбе облысында «Қарызсыз қоғам» әлеуметтік жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Биыл бұл жоба арқылы 18 700 адамды қаржылық сауаттылыққа оқыту жоспарланған.
Қазірге дейін он лек бойынша 1862 адам білім алды. Қатысушылардың басым бөлігін ауыл тұрғындары (1439 адам) құрайды, олардың 60%-ы — әйелдер, 40%-ы — 18-36 жас аралығындағы жастар.
Жоба «Қамқор» отбасын қолдау орталығы және «AMANAT» партиясының аудандық филиалымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Халықтың қаржылық және құқықтық сауатын арттыра отырып, проблемалық несиелерді шешуге қолдау көрсету мақсатында өткізілген жоба аясында бүгін Қандыағаш қаласында кезекті семинар өтті. Шараны Ақтөбе облысы бойынша жобаның қаржылық эксперті Ақмарал Айтжанова жүргізді. Ол қатысушыларға қаржылық сауаттылық негіздері, несие тарихын түзету, қарызды қайта құрылымдау, аресттен босату және банкроттық рәсімдері жөнінде кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жоба биылдан бастап қарызын 90 күннен астам өтей алмай жүрген, берешегі 1 миллион теңгеден асатын азаматтарға басымдық беріп отыр. Қатысушыларға тек қаржылық емес, құқықтық кеңес те ұсынылады. Борышы 5 жылдан асқан азаматтарға банкроттық рәсімін заң аясында бастау жолдары түсіндіріледі.
Семинар соңында Ақмарал Мұратқызы жекелей қабылдау өткізіп, азаматтардың нақты мәселелеріне жеке кеңес берді.