«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҚСЫДАН ІЗГІ ІЗ ҚАЛАР…

Тұлпардан тұлпар, сұңқардан сұңқар туатыны сияқты жақсыдан туған жақсылар да ұлағатты ұрпағымен мың жасап, мәңгілік есте қалары анық.
Қайнаған тіршіліктің ортасында жүріп, қанатын талдырмаған зор ізденісті, ерекше еңбекқорлық пен қабілет-қарымды бойындағы бар адами құндылықтармен қатар еңсере білген жаны жайсаң жарқын жандар жадыдан әсте өшпеуі тиіс. Олар — өнегемен өрілген ғибратты ғұмыр иелері. Артына жақсы сөз бен ізгі іс қалдырған жарқын бейнелер.

Солардың бірі — өмірдарияның толқынды өткелінде жасынан қазақы ұлттық тәрбиенің тұнығынан сусындап өсіп, тәлім мен тағылым таразысын тең ұстанған қадірлі қасиетін ұрпағы — бауыр еті балаларына бірдей дарыта білген мұғалжарлық қазыналы қартымыз Азат ЖҮСІПҰЛЫ еді.

Осыдан тура бір жыл бұрын отбасының тірегі, бауырларының жанашыры, ізетті іні, арқасүйер аға, адал жар, асқар тау әке, ардақты ата, елге сыйлы, нар тұлғалы азамат, қадірлі әріптес, ақ жүректі, кең пейілді ақсақал болған ембілік Азат Жүсіпұлы сексен жастың сеңгіріне шыққан шағында өмір көшінен озды.

Ақиқатында, адамзаттың өміршеңдігі — ұрпақ жалғастығымен өлшенеді ғой. Осы орайда, Азат Жүсіпұлының мерейлі отбасылық өмірі мен қажырлы қызметіне арнаған бар саналы ғұмыры ұрпаққа үлгі боларлық көрген-түйгені көп, өмірлік мол тәжірибесінен айқын танылып тұрады. Ендеше, сөзімізді әріден қозғайық.

Азат Жүсіпұлы 1936 жылы 8 қаңтарда Қарақалпақстан Республикасының Қожайлы деген елді мекенінде жарық дүние есігін ашып, Қазақстанға бала күнінде көшіп келген. Саяси қуғын-сүргіннің дүрбелеңі басылған сол жылдары атасы Жолдасай ауыл аймағын атамекенге әкеліп, Мұғаджар ауданының Жұрын станциясына қоныстандырған деседі. Азат ата отбасында әкесі Жүсіп пен анасы Ақбөпеден тараған алты баланың екіншісі.

Інісі Балиқан Жоламановтың айтуынша, аталары Жолдасай Жоламанұлы өз заманында ауқатты, көкірегі ояу, кеудесі көмбе тұлға болған.
Руханият мәйегі — медреседен оқыған діни сауаты да бар болғандықтан, әулеттің ата қонысы атанып кеткен Сұлыаша, жетім Шоқы деген жерде мешіт ұстап, балаларды оқытқан. Азат ақсақалдың әкесі Жүсіп те медреседе оқып, білім алған кісі. Ол — өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында жергілікті ішкі істер халық комиссариатында жемісті қызмет атқарып, есімі бұқараға белгілі болған азамат. Анасы Ақбөпе — бала тәрбиесіндегі орны айрықша жандардың бірі.

Осындай текті отбасында тәрбиеленген Азат Жүсіпұлының жастайынан әке өнегесін көріп, ана мейіріміне мейлінше қанығып өскендігі оның бала арманы мен мақсат-мұратын көкке өрлетіп, ілгеріге қарай жетеледі.
Ол 1942 жылы Жұрын станциясындағы орта мектепте 10 класты жақсы аяқтайды.

Сол кезде-ақ талабы мен қайратына кәміл сенген жігіттік шаққа жеткен оның еңбек жолы ерте басталып кеткендіктен, адалдық пен еңбекқорлықты жанына ажырамас серік етудің мәнісін неғұрлым жақсы ұғынады. 1954 жылы Жаңажол колхозына жұмысшы ретінде қабылданған соң, араға бір жыл уақыт салып, 1955 жылы Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Кеңестік әскер қатарына да алынады.

Әскерден кейінгі 1959 жылдары «Жұрын» кеңшарындағы жұмысшы кооперативіне қойма меңгерушісі болып қызметке орналасады. 1963 жылдан бастап осы аймақтың егін жинау бригадасында есептеуші болса, 1967 жылы «Жұрын» кеңшарындағы Жданов атындағы сегізжылдық мектепте шаруашылық істері жөніндегі директордың орынбасары, 1971 жылы кеңшардағы техникалық жөндеу мекемесінде қойма меңгерушісі, 1989 жылы диспетчер қызметтерін үлкен абыроймен атқарады.

Тиянақтылығымен ұжымдастарының алдында зор беделді иеленген Азат Жүсіпұлы жылдар бойы жасаған қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1994 жылы құрметті зейнет жасты алқымдап, қызметтің ең биік шыңы — зейнеткерлікке шығады.
Айналасына шапағаты мол азамат тек қызметте ғана сыйлы емес, балаларына әкелік тәлім мен тәрбиені қатар берген, берекелі отбасының да алып бәйтерегі бола білді. Алла қосқан өмірлік жары Ермек Садыққызы екеуі 1957 жылы шаңырақ көтеріп, 8 бала тәрбиеледі.

  • Марқұм Азат ағамның орысша-қазақшасы бірдей, есеп-қисапқа жүйрік, жадына сақтау қасиеті мықты, жазу каллиграфиясы өте әдемі, жазған кезде әріптері моншақтай тізіліп сұлу түсетін. Түсі сұсты болғанымен, мінезі жұмсақ, жүрегі ақ, аузын ашса, көмекейі көрінетін адам болатын. Ол мына өмірде атақ байлық қуған жоқ, қарапайым өмір сүрді. Әрдайым «Менің байлығым — балаларым» дейтін, соларды оқытып, тоқытты. Барлығы да білім алып, мамандық иелері болды. Әкенің орны бөлек қой қашанда. Жуырда ағамның қызы Жанна қарындасымнан «Әкеміздің жылына орай естелік кітап шығару ойларымыз бар, соған байланысты жадыңызда қалған жайттар болса қағазға түсіріп, беріп жіберсеңіз» деген хабарлама алып, қуанып қалдым. Жанұяда бір адам осындай бастама көтеріп, жол көрсетуі керек. Бұл бастаманың Жаннаға бұйыруы да заңдылық деп ойлаймын. Қыз баласы болса да жолы тартып, атқа мінген азамат болды. Бүгінде батыстағы білдей бір жоғары оқу орнының деканы, отбасынан шыққан жалғыз ғалым да өзі. Балаларының әкелерінің жылына қарсы жарыққа шығарғалы отырған естелік кітаптың ісіне тек сәттілік тілеймін, — деп еске алады інісі Балиқан Жоламанов.

Ұл-қыздарынан өрбіген немере-шөберелерінің тәтті үні мен назды күлкісіне де бірге куә болған Азат ақсақал мен Ермек әжей қарттыққа да бірге жетті. Балалары 2017 жылы отау құрғандарына 60 жылдық мерейлі гаухар тойларын ағайын-бауыр, тума-туыс, дос-жаранның ортасында дүркіретіп жасап берген еді.

Қадірлі әкенің орны бұл күндері ойсырап тұрса да, балалары әке аманатына қиянат келтірмей, әке салған жақсы ізге жол жалғауда. Олар да өздерінен тараған ұрпақ тәрбиесіне терең мән беріп, мейірім шапағатына бөлеп келе жатыр.

Азат Жүсіпұлының сол балаларынан тараған немерелерінің бірі Нұрбол Пекин қаласындағы оқу орындарының бірін бітіріп, қазіргі таңда «СНПС-Актөбемұнайгаз» АҚ Бұрғылау департаментінде инженер, Бауыржан есімді немересі «ҚҰЛСАРЫГАЗ» ЖШС-де қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау инженері, Фарида есімді немересі Мәскеу қаласында ООО «Веар Сервис» коммерциялық бөлімде бас маман, Манас есімді немересі Ақтөбе облысы патрульдік полициясының аға лейтенанты, Гаухар Мәскеу қаласында білімін жетілдіріп, бүгінде Алматыда «Эйжа Стил Пайп Корпорейшн» мекемесінде сапа және технологиялар бөлімінің инженері болып еңбек етуде.

Гүлдана немересі Нұр-Сұлтан қаласындағы «Logitex» ЖШС-де «Service Desk» қызметінде белгілі маман болса, ал Акзер атты немересі АҚ «ForteBank» кадрлық және құжаттамалық қамтамасыз ету бағытының менеджері қызметін атқарады.
Балалары асқар тау Әке жаққан шырақты өшірмей, сүйікті немерелері де өнегелі тұлғаның жарқын бейнесін әрқашан санада жаңғыртып, ұлағат тұтып келеді. «Жақсыдан із қалады» деген осы.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

Ұқсас ақпараттар

Атырауда сабаққа қатыспаған баланың әкесі екі күнге қамалды

admin_mugalzhar

Елімізде 18 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр

admin_mugalzhar

Қандыағашта азық-түлік бағаларын бақылау үшін жұмыс тобы дүкендерді аралады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.