Қандыағаш қаласындағы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында «Құзыреттілікке негізделген көзқарас тұрғысынан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өзара әрекеттесуі» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары арасындағы өзара кәсіби әрекеттестікті дамыту, педагогтердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау, құзыреттілікке бағытталған жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу мақсатында ұйымдастырылған семинарға Мұғалжар аудандық білім бөлімінің әдіскерлері М.Шәріпов пен Г.Нұрмағамбетова, сондай-ақ аудан аумағындағы барлық балабақша меңгерушілері мен педагогтері қатысты.
Семинар барысында қатысушылар «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының материалдық-техникалық базасымен, оқу-тәрбие үдерісінің ерекшеліктерімен танысты. Балалар мен тәрбиешілердің қатысуымен өткен «Қош келдіңіздер!» атты музыкалық сәлем көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Семинар аясында меңгерушілер түрлі тақырыпта баяндамалар оқыды. Ең алғашқы болып аталмыш мекеменің меңгерушісі К.Медеуова «Құзыреттілікке негізделген көзқарас тұрғысынан мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының өзара әрекеттесуі» тақырыбында баяндама оқып, семинарды ашып берді. Ал «Күншуақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Ж.Құрманова «Құзыреттілікке негізделген көзқарас: жаңа әдіс-тәсілдер, өзгеріс, нәтиже», «Жансая» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Ш.Ермағанбетова «Құзыреттілік орталықтарының білім беру жүйесіндегі орны», «Достық» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі А.Кулумшина «Құзыреттілік орталық – өзара даму алаңы», «Жұлдыз» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі А.Есенгельдинова «Тәжірибе алмасу – педагогтің кәсіби өсуінің басты кепілі» және «№3 Балауса» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Ж.Бигелдинова «Құзыреттілік орталық – даму бағыты» тақырыптарында баяндама оқыды.
Семинар соңында педагог-психолог А.Тынбай ұйымдастырған «Түрлі-түсті қағаздар» атты шығармашылық рефлексия барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, кері байланыс берді.
Шара соңында барлық қатысушылар үшін «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының ауласында экскурсия ұйымдастырылды. Балабақша ауласы 14 аймаққа бөлініп, әрбір аумақта тәрбиешілер мен тәрбиеленушілер арнайы тақырыптарға сай безендірілген беседкаларда түрлі танымдық және шығармашылық шаралар ұсынды. Бұл тәжірибе қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, мектепке дейінгі тәрбие беру жүйесінде құзыреттілік орталықтарының маңыздылығын айқындай түсті. Семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, педагогтерге тың идеялар мен жаңа әдістемелік бағыттар бойынша құнды ақпарат берді.