«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ДИПЛОММЕН — АУЫЛҒА»: НЕСИЕ «ОТБАСЫ БАНК» АРҚЫЛЫ ӨТЕЛЕДІ

ЕЛІМІЗДЕ ОҚУЫН ЖАҢА БІТІРГЕН ЖАС МАМАНДАРДЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУДЫҢ САН ТҮРЛІТЕТІГІ ҚАРАСТЫРЫЛҒАН. СОНЫҢ БІРІ — ЖАСТАРДЫ АУЫЛҒА ТАРТУҒА, ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕГІМАМАН ТАПШЫЛЫҒЫН ШЕШУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН «ДИПЛОММЕН — АУЫЛҒА» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ. АТАЛҒАН БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНЫНА 14 ЖЫЛҒА ЖУЫҚТАДЫ. БҮГІНДЕ ОНЫ ОҢТАЙЛАНДЫРУ МАҚСАТЫНДА ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРЛІГІ ШЕШІМ ШЫҒАРДЫ. 2023 ЖЫЛДЫҢ СӘУІР АЙЫНДА ШЫҒАРЫЛҒАН ШЕШІМГЕ СӘЙКЕС, «ДИПЛОММЕН – АУЫЛҒА» БАҒДАРЛАМАСЫН «ОТБАСЫ БАНК» АҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУДА.

Осы бағдарламаға қатысқан денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет пен спорт және ауылшаруашылық саласы мамандарына, ауылдық округ әкімдігі аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне мемлекет тарапынан көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе баспана салуға қаржылай қолдау көрсетілуде. Ауыл-аймақтардағы маман тапшылығы мәселесін шешуге арналған бағдарламаны бұрын «Аграрлық несие корпорациясы» қаржыландырған еді. Бұған дейін бағдарламаға қатысушылардың несиелік төлемдеріне қызмет көрсетіп, мониторинг жүргізген аталған компаниядан биыл бұл құзырет алынып тасталды. Нақты айтқанда, Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, биылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен – ауылға» жобасының сенімді агенті «Отбасы банк» болып бекітілді. Тиісті министрліктің мұндай шешім қабылдауына аталған қаржы ұйымының тұрғынжайды несиелеуде мол тәжірибесі бар екені ескерілсе керек. Соның нәтижесінде бағдарламаға қатысушыларға «Отбасы банк» арқылы несиені өтеу қолға алынды.

Бұл шара осы жылдың 1-ші мамырынан бастап жүзеге асырылуда. Бағдарлама қатысушылары аталған банктен ағымдағы шот ашуы қажет. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғайният Асқаров бағдарламаларға қатысушылардың несие шартына өзгеріс енгізілмейтінін айтып, есепшот ашу үшін банк бөлімшелеріне шапқыламай, үйде отырып смартфонға «Оtbasy bank» қосымшасын жүктеу арқылы банктің клиенті болатынын жеткізді.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша несиенің ең жоғары сомасы 1500 айлық есептік көрсеткішке дейін, жылына 0,01 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға дейін беріледі. Шындап келгенде, бұл бөліп төлеу сияқты өте тиімді. Жоба тұрғын үй сатып алуға немесе салуға кредит беруді және көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді. Енді азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін «Дипломмен — ауылға» жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. Қазақстандықтардан жаңа өтінімдер оtbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданатын болады. Банктің клиенті болудың бірнеше ғана жолы бар. Олар Otbasy bank мобильді қосымшасын жүктеп алып, оны ағымдағы шот пен депозит ашу үшін пайдалану. Ұялы телефоннан 300 нөміріне тегін қоңырау шалып, кеңес ала алады. Сондай-ақ несие шарттары бойынша еш өзгеріс енгізілмейді, олар заемдарын төлеуді жалғастыра береді, — деді ол.

Оның сөзінше, маман «Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтінім беру үшін otbasybank. kz порталында тіркелуі және ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қоюы қажет.

Бұл — денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкім дердің орынбасарларын қоспағанда) берілетін мүмкіндік. Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізбесін қалыптастырады. Дәл осы тізім аясында жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл қарыз маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған. Несиенің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек, — деді ол.

Бөлім басшысы 2023 жылы «Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен «Отбасы банк» АҚ арқылы тамыз айында Ақкемер ауылдық округінен екі маманның бюджеттік несие алғанын жеткізді. Ал көтерме жәрдемақы 19 маманға тағайындалып, қаржылары аударылған. Оның біреуі ветеринария саласында жасайтын маман болса, қалғандары білім саласы бойынша қызмет атқаратын мұғалімдер. Олардың барлығы да «Отбасы банк» АҚы арқылы өтінім берген.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жыл сайын жүйелі жүзеге асырылып келеді. 2020 жылы бюджеттік несиені 9 маман алды. Оның алтауы білім беру саласында, біреуі денсаулық сақтау саласында, екеуі ветеринария саласында жұмыс жасауда. Ал көтерме жәрдемақы 20 жас маманға тиісті өтініш негізінде толығымен аударылды. Оның 17- сі білім беру, біреуі денсаулық сақтау, екеуі ветеринария саласы бойынша алды. Ал 2021 жылы жеті маман құжаттарын тапсырып, бюджеттік несиеге ие болды. Оның алтауы ауыл мұғалімі болса, біреуі ветеринар маманы. Көтерме жәрдемақы алуға өтініш берген 18 маманға тиісті қаражаттары аударылды, — деді Ғайният Сүлейменұлы.

Ал өткен жылы аудан бойынша жеті маман құжат тапсырып, алты маман бюджеттік несие алған. 20 жас маманға көтерме жәрдемақылары төленген. Көтерме жәрдемақының көлемі АЕК бойынша есептеледі және 100 АЕК-тен аспауы қажет. Ал мамандарға берілетін жеңілдетілген бюджеттік несиенің көлімі 1500 айлық есептік көрсеткішті құрайды екен.

Мамандар не дейді?..

Аңсаған Аманова, бағдарлама қатысушысы:

«Дипломмен — ауылға» бағдарламасымен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап Ақкемер ауылдық округіне қарасты Көтібар батыр ауылындағы Көтібар батыр атындағы негізгі орта мектебінде жұмыс жасап жатырмын. Бастауыш сынып мұғалімімін. Бір реттік көтерме жәрдемақы алдым. Бюджеттік несиеге үй алмадым. Себебі жолдасым осы ауылға жас маман болып жұмысқа орналасқан кезде алған екен. Ол 2020 жылы осы мектепке жұмысқа тұрып, 2021 жылы бюджеттік несиеге үй алған. Бүгінде соны төлеп жатырмыз. Бұл бағдарлама біз секілді жас мамандарға үлкен мүмкіндік.

Айбек Жазимов, бағдарлама қатысушысы:

Бұл бағдарламаның біз секілді жастарға берері мол. Себебі тәжірибе жинақтауымызға, маман болып қалыптасуымызға үлкенсептігінтигізуде. Бүгінгі таңда Жұрын ауылындағы Қ.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып жүрмін. Ауылда жұмыс жасаған ұнайды. Жалпы ұстаздық қызметтің қыры мен сыры көп қой. Мұғалім бола жүріп, тәжірибелі ұстаздардан тәлім алып, үйреніп жатырмын. Қандай жұмысболмасын, сүйіпжасайтын болсаң, нәтижелі болады. Мемлекет «жанамын», «өсемін» деген жастарға көптеген мүмкіндік жасап жатыр. Оны пайдаланып, кәдеңе жарату өзіңе байланысты. Көтерме жәрдемақы алдым. Ал бюджеттік несиеге үй алуды келер жылы жоспарлап отырмын. Ол енді уақыттың еншісінде.

Жадыра Жакиева, бағдарламаға қатысушысы:

Бүгінде Құмжарған ауылдық округінің орталығы Бірлік ауылында Құмжарған жалпы білім беретін орта мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі болып қызмет атқарудамын. Жұмысқа 2020 жылы орналастым. Бір реттік көтерме жәрдемақыға да қол жеткіздім. Бюджеттік несиеге тұрғын үй сатып алғым келеді. Бірақ ауылда әзірге сатылып жатқан үй болмай тұр. Болса да көп үйлер апатты жағдайда. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік, әрі мотивация деп білемін. Әрине, қалада оқыған адамға ауылға келіп, еңбек ету қиынға соғады. Бүгінде жастардың көбісі қаладан қайтқысы келмейді. Сол себепті бұл бағдарламаның тиімділігі үлкен. Осы жастарды ауылға тартуға жол ашады. Жас маманға тәжірибе жинау үшін ауылдық мектепте жұмыс істеу зор мүмкіндік. Тәжірибе жинақтайды, білім жетілдіреді.

Алан Оспанғали, бағдарлама қатысушысы:

Бүгінде қалалық жерлерде жас мамандардың жұмысқа тұруы өте қиын. Жасыратыны жоқ, көп мекеме тәжірибе сұрайды. Енді ғана диплом алған жас маманда тәжірибе қайдан болсын. Ал «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы жас маман үшін таптырмас мүмкіндік. Аталған бағдарлама жастардың біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Мен де Көтібар батыр атындағы негізгі орта мектебінде музыка пәнінен сабақ беремін. Біздің мектепте осы бағдарламаның игілігін көріп, қызмет атқарып жүрген мамандар жетерлік. Мен осы ауылда туып-өскендіктен бюджет-тік несиеге үй алмадым. Себебі үйге деген қажеттілік жоқ. Біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. Бүгінде мұғалімдердің де жалақысы жыл сайын өсіп, мәртебесі де артып келеді. Бұл біздің жұмыс жасауға деген ынтамызды арттырады.

Айзат Амангелді, бағдарлама қатысушысы:

Мен Құдайберген Жұбанов атындағы округтің орталығы Қаракөл ауылында А.Жұбанов атындағы жалпы білім беретін орта мектебінде биылғы оқу жылынан бастап логопед болып жұмыс жасап жатырмын. Ауылға жолдасымның жұмысына байланысты көшіп келген едік. Ал өзім «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа қосылдым. Бүгіндекөтерме жәрдемақы алдым. Соның арқасында тұратын үйімізге көгілдір отын кіргізіп, игілігін көріп отырмыз. Бұл бізге үлкен көмек болды. Тұрып жатқан үйіміз болған соң бюджеттік несие алмадық. Аталған бағдарлама біз секілді жастарға үлкен мүмкіндік береді. Жалпы ауылда тұру артық шығынсыз өмір сүруге өте қолайлы. Қаражат жинауға да мүмкіндігіміз болады. Сондай-ақ ауыл тұрғындары кең пейілді, адамды танымаса да болсыншы деп тұрады. Табиғаты да керемет, алыстан көздіңжауын алады. Маған ауылда тұрған ұнайды.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

СЫНЫҚШЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ҚАСИЕТІ

admin_mugalzhar

ГҮЛАЙЫМ МЕН АДЕЛЬ — ЕЛ ЧЕМПИОНЫ

admin_mugalzhar

ӨНЕР ҚҰДІРЕТІ – МӘҢГІЛІК

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.