«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТӘРТІП ЖОЛЫНДАҒЫ БІР КҮН

Бірде газеттің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тұрғындардан «Сіз учаскелік инспекторды білесіз бе?» деген сұраққа жауап іздедік. Сонда біз сұраған тұрғындардың басымы учаскелік инспектор – Мейіржан Байзақтың атын атады. Сол себепті кәсіби мерекелері қарсаңында Қандыағаш қаласында осы қызметте 12 жылдан бері еңбек етіп жүрген инспектор Мейіржанға хабарласып, бір күндік жұмысын көзбен көруге өтініш білдірдік.

Сонымен, көзге көріне бермейтін, десе де жұмысы жауапкершілікке толы учаскелік инспектордың бір күні туралы төменде баяндаймыз. 

Полиция капитаны Мейіржан Жанболатұлын таңғы 9-ға таман №1 учаскелік полиция пунктінде, яғни «Жастық» шағын ауданындағы №20 үйге қарсы орналасқан тірек пунктінен жолықтырдық. Еңбек демалысынан енді шыққан инспектор қолындағы планшетіне үңіліп, бейнебақылау камераларын тексеріп, аудандық полиция бөліміне баруға жиналуда екен.

Әдетте учаскелік инспектордың әр күні таңғы 8:00-де аудандық полиция бөлімінде басталады. Сол жерде тіркеліп, күндік қаруын алып, сағат 9:00-дегі жалпы жиналысқа қатысады. Жиналыста алдағы міндеттер пысықталып, істі ұйымдастыру әдістемелері, аудан бойынша ахуал туралы талқыланады. Бірақ бұл күні тұрғындардан түскен шұғыл шағымдарға дер кезінде көмек беру мақсатында инспектор жиналысқа қатыса алмады.

— Егер тұрғыннан шұғыл шағым түссе, біз жиналысты емес, алдымен сол мәселені шешуді таңдаймыз. Себебі әр арыздың артында нақты адам мен тағдыр тұрады, — дейді Мейіржан Байзақ.

Сонымен біз сұрақ қойып үлгергенше, ішке бір келіншек кіріп келді. Бұл күні пунктке алғаш келген көпбалалы ана Telegram арқылы қуырылған балыққа тапсырыс беріп, алданғанын жеткізді. Инспектор тез арада тапсырысты ал-ған адамды ақша аударылған телефон нөмірі арқылы анықтады. Ол – кәмелет жасқа толмаған жасөспірім болып шықты. Сол жерде жасөспірім мен ата-анасы шақырылып, анықтама жасалып, ата-анамен де, баламен де жұмыс жүргізіліп, арызданушының өз арызын қайтып алуына байланысты мәселе бейбіт жолмен шешілді.

— Бүгінде осылай телефон арқылы алданып қалып жатқандар өте көп. Кез келген адам сақтықты ұмытпауы қажет. Әсіресе, қазір түрлі жағдайды естіп, біліп жатыр. Осыған орай, кімге не аударып жатқанына мұқият болуы керек, — дейді учаскелік инспектор.

Біз тірек пунктінде отырған уақытта тағы бір азамат келіп, ішімдікке әуестенген ұлын еріксіз емдеу мекемесіне жатқызуды сұрады. Ал келесі бір тұрғын әскери борышын өтеп келген баласына жұмысқа орналасу үшін мінездеме алу мәселесімен келген. Оған қажетті құжаттар дайындалып, түсіндіру жұмысы жүргізілді. Учаскелік инспектор әрқайсысын жылы қабылдап, заң талаптары мен рәсімдерді түсіндірді.

Учаскелік полиция инспекторы мен оның көмекшісінің жұмыс уақытының ұзақтығы Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес белгіленеді, бірақ 8 сағаттан аспайды екен. Қажет болған жағдайда белгіленген уақыттан тыс, сондай-ақ түнгі уақытта, демалыс және мереке күндері қызметтік міндеттерін орындауға тартылуы мүмкін.

Учаскелік инспекторлардың азаматтарды қабылдауы негізінен жұмыс кестесіне сай учаскелік полиция пунктінде сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін жүзеге асырылады, сондай-ақ жұмыс күні ішінде азаматтарды онлайн-қабылдауды жүргізуге рұқсат етіледі, ол туралы жұмыс дәптеріне тиісті жазба жазылады.

Бүгін түске дейінгі қарбаластан соң инспектор Мейіржан сол баяғы қалыптасқан тәртіппен аудандық полиция бөліміне барып, түскен арыздарды іс жүргізу бөліміне тіркетіп, тиісті құжаттарды өткізіп, қызметтік қаруын алды.

Мейіржан Байзақтың күн сайын ат-қаратын қызметінің ауқымы өте кең. Оның негізгі міндеттерінің қатарында — әкімшілік аймақтағы қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және жедел әрекет ету, азаматтардан түскен арыз-шағымдарды қабылдау және шешу, тұмыстық зорлық-зомбылық, ұсақ бұзақылық, алаяқтық секілді тұрмыстық құқықбұзушылықтармен күресу, пробацияда тұрған немесе есепке алынған тұлғаларды бақылау, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қор-ғау, отбасылық дауларға араласу, тұр-ғындар арасында заңнама түсіндіру, профилактикалық әңгімелесу, қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылықтың алдын алу рейдтері, дүкендер мен көңіл кө-теру орындарын бақылау, азаматтық қа-ру иелерінің қаруын тексеру жұмыстары кіреді. Бір күнде осының бәріне үлгеру оңай емес. Бірақ учаскелік инспектор үшін бұл қалыпты тіршілік.

Сағат 14:00-де түске дейінгі арыз негізінде адамды мәжбүрлі емдеуге жіберу үшін Мұғалжар аудандық ауруханасына бет алған инспектормен бірге біз де бардық. Мұнда психолог-нарколог Ғалымжан Байсакаловпен бірге емделушінің жағдайын, ауру тарихын және емделу жолдарын талқылады. Бұл — құқық қорғау мен денсаулық сақтау арасындағы жұмыс көрінісі.

Кейін сағат 15:00-де Мұғалжар аудандық сотына бас сұқтық. Бұл жерде Мейіржан Байзақ өткен түнде орын алған отбасылық жанжал және ұсақ бұзақылық оқиғалары бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73 және 434-баптарына сәйкес құжаттарды ұсынды. Сот процесі барысында жәбірленушілерден қосымша ақпарат жинап, арыздарды ресми түрде тапсырды. Сонымен қатар сол аралықта бір азаматша арыз түсіріп, материалын Мартөк аудандық полиция бөліміне жіберді.

Кешкі 17:00 шамасында «Жастық» мөлтек ауданындағы №21 үйге шұғыл шақырту түсті. Аталмыш үйде кәмелетке толмаған балаларды «Аяла» қолдау орталығына орналастыру туралы сот ше-шімін орындау кезінде ата-аналары қар-сы болған. Полиция, білім бөлімі мен медицина қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, соның нәтижесінде жағдай бейбіт жолмен шешілді.

— Біз балалардың тағдырына бей-жай қарамаймыз. Егер отбасында қауіп болса, бала қауіпсіз ортаға орналасуы керек. Бұл заң талабы ғана емес, адамгершілік қағидасы, — дейді инспектор.

Кеш бата бастағанда инспектор Мейіржан әкімшілік аумақтарды аралауды бастады. Оның ішінде, дүкендердегі алкоголь мен темекі сатылымына байланысты заң талаптары түсіндіріліп, кәмелетке толмағандарға сату заңбұзушылық екені ескертілді. Профилактикалық рейдтер де жүргізілді. Атап айтсақ, ішімдік ішілетін, көпшілік жиналатын пәтерлер таңдап алынып, тұрғындарға әдеп және құқық нормалары түсіндірілді. Аралау барысында «Тұмар» мейрамханасының артында, белгіленбеген орында от жағып отырған азаматтар анықталып, олармен әңгіме жүргізілді. От сөндірілді және орын тазаланды. Кеш соңында учаскеге тір-келген азаматтық аңшы қаруының иесі тексерілді. Қарудың сақталу ережелері қатаң тексеріліп, ереже бұзушылық ан-ықталған жоқ.

Мейіржан Байзақ қызметін уақытпен емес, сеніммен өлшейді. Оның әрбір әрекеті халықтың тыныштығы үшін жасалған. Оның кәсіби міндеттерінің ауқымы кең. Оның айтуынша, учаскелік инспектордың басты активі тұрғындар мен қоғамдық сенім. Егер халық саған сене алса, сен үшін ең үлкен жетістік сол болмақ.

Учаскелік инспектормен өткізген бір күннің барысында инспекторлардың қоғамның ең қажетті, бірақ көрінбейтін тірегі екеніне көзіміз жетті. Бір күннің ішінде учаскелік инспектор — заң орындаушы, кеңесші, психолог, тәрбиеші және қоғамдық тәртіптің күзетшісі де болады екен. Жұмысы сағат пен демалысқа емес, адамға деген қамқорлық пен жауапкершілікке негізделген, көпшілікке көріне бермейтін, екінің бірі біле бермейтін жұмысты көріп, көңілге көп нәрсе түйіп қайттық. 

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР ЖАРЫЛЫСТЫҢ АЛДЫН АЛДЫ

admin_mugalzhar

БАҚША БАПТАП, БЕРЕКЕ ТАПҚАН КӘСІПКЕР

admin_mugalzhar

КЕН ОРЫНДАРЫНДА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.