«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАТЫР ӘЛИЯНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

ӨТКЕН АПТАДА АҚТӨБЕДЕ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ, ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҚЫЗЫ ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВАНЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТОЙЛАНЫП ӨТТІ. АУҚЫМДЫ ШАРАҒА ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ, ҒАЛЫМДАР, САЯСАТКЕРЛЕР МЕН БАТЫРДЫҢ ТУЫСТАРЫ ҚАТЫСТЫ. ШАРА БАРЫСЫНДА ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯЛАР МЕН ФОРУМДАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП, БАТЫРДЫҢ ЕҢСЕЛІ ЕСКЕРТКІШТЕРІНЕ ТАҒЗЫМ ЕТІП, ТУҒАН ЖЕРІ ҚОБДА АУДАНЫНДА ДҮБІРЛІ ТОЙ ӨТТІ.

«МЕН – ӘЛИЯМЫН!» ФОРУМЫ ӨТТІ

Мерейтойдың бастауы «Мен – Әлиямын!» атты ауқымды форуммен басталды. Бұл жиынға батыр қызбен аттас 300-ге жуық нәзік жан жиналды. Форумның мақсаты — батыр қыздың рухына тағзым етіп, есімінің мәңгілік екенін паш ету, жас ұрпаққа өнеге көрсету. Форумға келгендердің ең үлкені – 88 жастағы қария болса, ең кішісі – 2 айлық сәби. Жиналған 300 қатысушының дені – дәрігер, мұғалім, өнер және спорт саласының үздіктері. Әрқайсысы өз саласында жетістікке жетіп, елге қызмет етіп жүрген жандар. Ерекше атап өтерлігі, қатысушылардың қатарында батырдың туған күнінде дүниеге келген 4 Әлия және «Ілия» есімімен тіркелген, бірақ бейресми түрде Әлия деп аталатын жандар да болды. Жиын барысында әр салада үздік нәтижелерге қол жеткізген Әлияларға құрмет көрсетілді. Батырдың туған күнінде дүниеге келген Әлияларға гүл шоқтары ұсынылды. Форумға дейін шара қатысушылары Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ерлікке тағзым етті.

Аталған рухани маңызы зор шараға Мұғалжар ауданынан да төрт Әлия есімді азаматша қатысып, аудан абыройын асқақтатты. Олар – Ақтөбе облысы Мүгедектер Қоғамы Қоғамдық Бірлестігінің Мұғалжар аудандық филиалының төрайымы, аудан әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі Әлия Омарова, заңгер, кәсіби медиатор Әлия Казиева, Мұғалжар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Әлия Салқымбаева және Егіндібұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әлия Жолмағамбетова. Аты аталғандардың барлығы да ауданның дамуы жолында елеулі еңбек етіп жүрген жандар. Айта кететін бір жайт, Әлияның есімі ел бойынша 70 мыңнан астам азаматшаға берілген. Оның ішінде 4 мыңға жуығы – Ақтөбе облысының тұрғындары.

«ҒАСЫРҒА ЖАЛҒАСҚАН ЕРЛІК»

Осындай тақырыппен мерейтой аясында облыс орталығында республикалық форум өтті. Бұл жиынға Ресейден және Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен делегациялар келді. Шараға мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мәдениет және ғылым саласының өкілдері, сондай-ақ батырдың туыстары қатысты. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы атынан форумға қатысушылар мен ақтөбеліктерді осы маңызды тарихи оқиғамен құттықтады.

Шараға қатысушыларды Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров та құттықтап, батыр есімін ұлықтау бағытында өңірде жүзеге асып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Өңір басшысы өз сөзінде педагог әрі қоғам қайраткері, Әлияның ерлігін зерттеуге және жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруге өмірін арнаған Ғалымжан Байдербестің еңбегін ерекше атап өтті. Аталған форум ұрпақтар сабақтастығының, тәжірибе алмасудың және Әлия Молдағұлованың ерлігін ұлттық тарих пен мақтаныштың ажырамас бөлігі ретінде дәріптеудің маңызды алаңына айналды.

БАТЫРҒА — МЫҢ ТАҒЗЫМ

Халық қаһарманы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған мерейтойы кезінде Ақтө бе қаласының орталығында орналасқан мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қою рәсімі де өтті. Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат мүшелері, Астана, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Қарағанды облыстарынан келген делегациялар, сондай-ақ Әлия Молдағұлованың туыстары мен басқа да азаматтар қатысты. Жиналғандар аты аңызға айналған мерген қыздың жарқын бейнесін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының атынан шараға қатысушыларды осы айтулы күнмен құттықтап, хас жауынгер қыздың ерлігі халықтың батырлығы, отансүйгіштігі мен жанқиярлығының мәңгілік символы болып қалатынын атап өтті. Құттықтау сөзден соң, монументескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Гүл қою рәсімі өткен мемориалдық кешен 2005 жылы Әлияның 80 жылдық мерейтойына орай бой көтерген еді. Биіктігі 3,8 метрді құрайтын қола мүсіннің авторы — ақтөбелік мүсінші Бақытжан Әбішев.

Мерейтой аясында Батырдың туған жері — Қобда ауданы Бұлақ ауылындағы ескерткішке де гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асхат Шахаров, сондай-ақ ҚР Парламент депутаттары, мерген қыздың туыстары мен жергілікті тұрғындар қатысып, ерліктің символына айналған «Әлия» әнінің сүйемелдеуімен батыр рухына тағзым етті.

ҚОБДА ЖЕРІНДЕГІ ҒАСЫРЛЫҚ ТОЙ

Қазақтың мерген қызының мерейтойы Қобда ауылында өткен дүбірлі тоймен жалғасты. Атшаптырым аумаққа 80 киіз үй құрылып, этноауыл бой көтерді. Ғасырлық тойға жиналған қонақтар қазақтың ұлттық ойындарын тамашалап, алтыбақанда ойнап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Мерейтойға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асхат Шахаров, батырдың туыстары мен өзге де мәртебелі меймандар қатысты. Аймақ басшысы көпшілікті ұлт мақтанышының мерейтойымен құттықтады.

Қобда өңірі — талай батыр мен тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Солардың ішінде Әлияның орны ерекше. Әлия апамыздың ерлігі — бүгінгі ұрпақ үшін биік рухтың, жігердің, патриотизмнің нағыз үлгісі. Оның есімі тарих беттерінде алтын әріппен жазылып, халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Бүгінгі іс-шара өткенге тағзым, ерлікке көрсетілген құрмет. Бұл — жас ұрпаққа үлгі боларлықтай, олардың бойына отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру жолындағы маңызды шара, — деді облыс әкімі.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысушыларды Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың атынан айтулы күнмен құттықтап, Әлия Молдағұлованың ерлігін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға атсалысып жүрген жандарға алғысын білдірді.

Тойға жиналған қонақтар Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі өрнектелген театрландырылған көріністі тамашалады. Бұлақта туып-өскен қаршадай қазақ қызының ғұмыры сахналық қойылымда ерекше бейнеленген. Спектакль тарихты ғана емес, батыр қыздың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті, ерлік пен елдікті, рух пен күшті айырықша көрсетті. Мерекелік көңіл-күй концерттік бағдарламамен жалғасты. Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония әртістері мен қобдалық өнерпаздардың жарқын нөмірлері көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен бірге батыстан шыққан батыр қыздар Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәмедованың, Хиуаз Доспанованың жәдігерлерінен құрылған музей көрмесі ұйымдастырылды. Бірінші киіз үйге Атырау облысынан арнайы әкелінген Халық Қаһарманы, ұшқыш Хиуаз Доспанованың өзі тұтынған жеке заттары мен құжаттары, ұшу кезінде қолданылатын түрлі жабдықтары қойылған. Ал Әлия музейінде 100 жылдық аясында қолөнер шеберлері арасында ұйымдастырылған шарада үздік деп танылған «Қызғалдақтар», «Жеңіс қанаттары», «Жеңіс», «Әлия Мұлдағұлова» атты металл композициялары қойылған. Үшінші киіз үйде орналасқан Мәншүк Мәмедованың музейіне батыр қыздың бала күнінде тұтынған заттары, мектеп құралдары мен партасы, соғыс даласынан әкелінген қару-жарақтардың бөлшектері қойылған.

ДҮБІРЛІ ТОЙҒА ЖЕРЛЕСТЕРДІҢ ТАРТУЫ…

Қобда жерінде өткен «Әлия — қаһармандық дастаны» атты кең көлемді іс-шараға Мұғалжар ауданының атынан бір топ делегация барып, алты киіз үй тігіп, іштерін тақырыпқа сай безендіріп, батыр қыздың тойының жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты. Қазқатар тізілген ақшаңқай үйлердің ішінен мұғалжарлықтардың таза киізден тіккен киіз үйі ерекшеленіп тұрды. Түндігі ашылып, үзікпен жабылған, туырлықпен қапталған ескі киіз үйдің ішіндегі сырмақтар мен басқұрлар, түрлі түстен жіптен жасалған желбаулар мен шиден тоқылған іргеліктер көпшілікті тамсандырып, тарихына үңілтті. Киіз үй маңында шағын сахна құрылып, мұғалжарлық өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты. Ақ жаулықты аналар мен ақсақалды аталардан құрылған «Асыл дария» ансамблі халық әндерін орындап, ұршық иіріп, жүн түтіп, салтанатты шараның сәнін кіргізді. Ал ақсақалдар болса, өнегелі өсиет айтып, жастарға ақ батасын берді.

Дүбірлі тойға республика аумағынан бөлек, шетелдіктер де қонаққа келіп, тамашалады. Соның бірі – шетелдік Мұхамад Осман. Кипр елінен Ақтөбеге арнайы келген ол мұғалжарлықтар тіккен киіз үйге бас сұғып, жайылған дастарханнан дәм татып, Батырдың құрметіне ұйымдастырылған дүбірлі той туралы өз пікірін білдірді.

Мен шет мемлекеттерді аралап, ел мен жерді танығанды қатты жақсы көремін.. Осы жолғы сапарым Ақтөбе қаласына түскен болатын. Бірақ бұндай дүбірлі тойдың болатынын білмедім. Дегенмен Ақтөбені аралауға келген сапарымның жоспарында Әлия ауылында орналасқан «Әлия» музейіне барып, танысу болған. Осындай кең көлемде өтіп жатқан тойдың үстіне түсіп, қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық ойындарына куә болып, ұлттық тағамдарынан ауыз тиіп жатқаныма өте қуаныштымын, — деді ол.

ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН ЖАРЫС ӨТТІ

Дүбірлі тойда батыр Әлияның ерлігін ел жадында мәңгі сақтап, ұлттық спортты насихаттау және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында делебені қоздыратын ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Дүлдүлдердің тұяғын дүбірлеткен бәйге жарыстары үш санат бойынша — аламан, топ, құнан бәйге бойынша ұйымдастырылып, әр санатқа 90-ға жуық бәйге аты, 50-ден астам шабандоз қатысып, көрерменге қызықты тартыстар сыйлады. Бәйге қорытындысы бойынша топ бәйгеде 6 айналымды құрайтын 15 шақырымда жарыс алаңына шыққан мұғалжарлық шабандоз Сержан Бақтыбай Бас бәйгені жеңіп алып, бәске тігілген автокөлікті ұтып алды. Қазақ күресінен де жарыс ұйымдастырылып, еліміздің түкпіртүкпірінен келген 70-ке жуық палуандар боз кілемде бақ сынап, жүлделі орындарға ие болып, шеберліктерін көрсетті.

МЕРЕЙТОЙ ЖАЛҒАСЫ ГАЛА-КОНЦЕРТКЕ ҰЛАСТЫ

Батырдың 100 жылдығына арналған тойдың мәресі облыс орталығындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стела алаңында өткен «Әлия ғұмыр» гала-концертімен аяқталды.

Кешті кино және актер Асылхан Төлепов пен республикаға белгілі тележүргізуші Гүлназ Әлімгерей жүргізіп, жерлес өнер жұлдыздары Аллаберген Жақсыбаев, Рита және Дулат Айтжановтар, Қанат пен Светлана Айтбаевтар, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Марат Әйтімов, Әлихан Зейнолла және қазақ өнерінің аңызға айналған тұлғасы Роза Рымбаева мен көпке танымал әнші Садраддин ақтөбеліктердің көңілін көтерді.

Кеш соңы синхронды түрде көтерілген 550 дана дронның ғажайып шоуында Әлия Молдағұлованың, Димаш Құдайбергеннің бейнесін және Ақтөбе өңірінің көрікті жерлерін және өзге де визуалды композицияларды тамашалады. Ел байрағы көрсетілгенде, 40 мыңнан аса көрермен Мемлекеттік Гимнді бір мезетте орындады. Жарық шоу лазермен және әсем әуендермен сүйемелденді.

АҚТӨБЕЛІК САЗГЕРЛЕР ӘЛИЯ МОЛДАҒҰЛОВАҒА ӘН АРНАДЫ

Ақтөбелік ақындар Әлияға арнап жаңа әнді жарыққа шығарды. Әннің авторлары Орал-Қосай Бәйсеңгір мен сазгер Дулат Айтжанов. Рухты әнді AQTOBE телеарнасынан бейнебаян ретінде көрерменге жол тартты. Бұл жаңалықты облыс әкімі Асхат Шахаров өзінің әлеуметтік парақшасында жариялап, «Рухты әнді AQTOBE телеарнасы бейнебаян ретінде көрермен назарына ұсынып отыр. Батырдың 100 жылдық мерейтойына керемет тарту болған туындының да өміршең боларына сенемін. Қайсар қыз есімі жүрегімізде жатталып, рухы еліміздің ертеңіне шырақ болып жанып тұруы тиіс», — деп жазба қалдырды.

Бұған дейін Батыр Әлияға арналып 50 жыл бұрын Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған, Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әні жарық көрген. Жүрек тербетер бұл әуенді Халық әртісі Роза Рымбаева 1977 жылы Болгарияда өткен «Золотой Орфей» фестивалінде орындап, Бас жүлдені жеңіп алып, өзінің төлқұжатына айналдырған еді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

МЕНІҢ РЕСПУБЛИКАМА – 25 ТҮП ЖАСЫЛ СЫЙ

admin_mugalzhar

Қазақстан мектептерінде 16 наурыз — 5 сәуір аралығында каникул болады

admin_mugalzhar

ЖЕҢІСПЕН КЕЛДІ БАЛАЛАР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.