Бұл туралы бүгін Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Арыстанбек Төлеуов мемлекеттік рәміздерге қатысты мұғалжарлықтармен өткен семинарда айтты.
Бас маманның айтуынша, мекемелерде мемлекеттік рәміздердің талапқа сәйкес орналастырылуы, күтіп ұсталуы, уақытында ауыстырылып отырылуында әлі де болса салғырттық байқалады. Тіпті кейбір мемлекеттік мекемелерде елтаңбаның жаңа үлгісі ілінбеген. Көне елтаңба мен мемлекеттік туды сарымайдай сақтап отырғандар да бар көрінеді. Ал Мемлекеттік Рәміздер туралы заңының талабына сәйкес, жаңасымен ауыстырылғаннан кейін міндетті түрде рәміздердің ескісі мекеме ұжымынан құрылған комиссиямен акт жасалып, жойылу керек. Осындай кемшіліктер мемлекеттік мекемелер арасында әлі де болса көп.
«Жуық арада Президент әкімшілігінен арнайы өкілдер тексеру жұмыстарын жүргізеді. Талапқа келмегендерін тіркеп алып, сол мекеменің басшысына айыппұл салады. Мәселен, көне елтаңбаны жаңа үлгісіне ауыстырып, көнені комиссия құрып жою жұмыстарын жүргізбеген мекеме басшысына 100 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл салынады. Сондықтан, рәміздерге ұқыптылықпен қарап, талапқа сәйкестендіру жұмыстарын тез арада жүргізу қажет», деді ол.
«МҰҒАЛЖАР—АҚПАРАТ»