Кеше Мұғалжар ауданына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев келді. Өңір басшысы аудан әкімі Ербол Данағұловпен Қайыңды ауылдық округіне қарасты Алтынды ауылында жүзеге асып жатқан тау-кен металлургия комбинатының құрылысы бойынша ірі инвестициялық жобамен танысты.
Қазіргі таңда Алтынды ауылында қуаттылығы жылына 5 млн. тонна алтын рудасы өндірілетін ірі фабрика құрылысының дайындық жұмыстары жүргізілуде. Тіпті кен шығарылатын орынды жуық арада іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы аталмыш жобаның құны 148 млрд. теңгені құрайды. Бұл комбинат көлемі жағынан Қазақстан бойынша екінші орында болады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асырушы «АltynEx Company» «Юбилейное» алтын рудасының кен орнын 2015 жылдың қазан айынан бастап игеріп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорын жерасты тәсілімен 300 мың тонна руда өндіреді.
«МҰҒАЛЖАР—АҚПАРАТ»