ЖЕР-СУ МЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕР, КӨШЕЛЕРДІҢ АТАУЛАРЫНЫҢ МӘНМАҒЫНАСЫНА ҮҢІЛСЕК, ТҰНЫП ТҰРҒАН ТАРИХТАН ХАБАР АЛАМЫЗ. ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ ТАРИХЫН ТЕРЕҢ БІЛГЕН ЕЛДІҢ ҒАНА БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН БОЛАТЫНЫ АНЫҚ. ОСЫ ОРАЙДА АУДАНДЫҚ ОНОМАСТИКА МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ БҮГІНГІ ТАҢДАҒЫ ЖАЙКҮЙІ ҚАЛАЙ?» ДЕГЕН САУАЛ ТУЫНДАЙДЫ. ОСЫ САУАЛДЫ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ МАМАНДАРЫНА ҚОЙЫП, ТАРИХТАН ТАМЫР ТАРТАТЫН АТАУЛАРҒА ҮҢІЛДІК. СОНЫМЕН…
Кеңес үкіметінің саяси идеологиясының бір көрінісі – еліміздегі елді мекендер мен көше аттарын орыстандыруы еді. Еліміз тәуелсіздік алғалы бұл келеңсіздік түбегейлі болмаса да, кезең-кезеңімен өз шешімін тауып, аудан аумағындағы көшелер мен елді мекендер атауы қазақшаланып келеді. Оған соңғы жылдары Қандыағаш қаласындағы Газовиктер көшесіне Т.Айбергенов, Водопроводный көшесіне Е.Қодаров, Қарағанды көшесіне Н.Орынбасаров, Ю.Гагарин көшесіне Арыс, Западный городок көшесіне Теректі, РТС көшесіне Айрық, Степная көшесіне Алтынды, Пионерная көшесіне Жасұлан, Полевая көшесіне Көбелей, Почтовая көшесіне Көктөбе, Базарная көшесіне Жаңаталап деген жаңа аталуардың берілуі дәлел. Бүгінде Қандыағаш қаласында Алматы, Астана атауларына ие болған көшелер де бар.
Ал Ембі қаласындағы бұрын ескірген атаумен аталған көшелер де Ы.Алтынсарин, Ә.Молдағұлова, Н.Бекенбаев, З.Бралов, Қазбек би, Т.Жездібаев секілді қазақтың біртуар ұлдары мен қыздарының есімдерін алды. Сондайақ ауылдық округтердегі бірқатар көшелер Бәйтерек, Бірлік, Жастар, Болашақ, Кеншілер, Әулие, Ынтымақ, Орталық, Наурыз деген жап-жаңа атаумен аталды. Сондай-ақ аудандық және облыстық ономастикалық комиссияның табанды іс-қимылы нәтижесінде соңғы екі жыл ішінде ауданда 300-ден астам көшенің 250-ге жуығы ұлтымыздың ұлыларын дәріптейтін, тарихи-мәдени мәнге ие болып, қайта жаңғырған.
—Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асыру жөніндегі бекітілген ісшаралар жоспарына сәйкес, жүйелі түрде мониторингтік және дамыту жұмыстарын жүргізіп келеді. Жалпы тіл мен ономастика – егіз ұғым. Бір-бірінен ажыратуға болмайды. Тіл болмаса қазақ тарихы, ономастика болмаса ел тарихы жоқ. Ономастика саласында жүргізіліп отырған тілдік саясат мемлекетті нығайтуға зор үлесін қосатын басымдылықтардың бірі. Осыған орай, ауданымызда әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктерін жер-су атауларын қалпына келтіру, тарихи-географиялық атауымен қайта атау мәселесі бойынша бүгінде біршама жұмыстар атқарылды. Қазіргі таңда Мұғалжар ауданы бойынша барлығы 308 құрамдас бөлік бар. Оның ішінде көшелер саны – 272, мөлтек аудан – 5, даңғылдар саны – 2, тұйық көшелер саны – 12 және 22 саябақ бар. Жалпы ономастика жұмысының критерийлеріне сәйкес, соңғы 3 жылда идеологиялық тұрғыдан ескірген 17 көшеге, атауы жоқ 12 көшеге, қайталанған 3 көшеге және 5 саябаққа атау берілді. Оның ішінде 2024 жылы Қандыағаш қаласының бірқатар атауы жоқ құрамдас бөліктеріне атаулар беру жұмыстары жүргізілді, — деді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің жетекші маманы Мейрамгүл Жұманбетова.
Оның сөзінше, соңғы екі жылда «Болашақ» мөлтек ауданында орналасқан ұзындығы 650 метр атауы жоқ көшеге Балуан Шолақ есімі, «Самал» мөлтек ауданында орналасқан жаңадан салынған асфальтталған ұзындығы 2565 метр атауы жоқ көшеге Сайым Балмұқанов есімі, «Достық» мөлтек ауданындағы «Алтын орман» мейрамханасынан бастап (Ақтөбе-Ембі тас жолына дейінгі) асфальталған ұзындығы 1012 метр атауы жоқ көшеге Әлихан Бөкейхан есімі берілген. Сонымен бірге Қандыағаш қаласында салынған саябақтарға да жаңа атаумен аталған.
—Соңғы бес жылда аудан орталығы Қандыағаш қаласында бірнеше саябақ салынды. Саябақтар «Тәуелсіздік» даңғылы бойында орналасқан Мұғалжар ауданы әкімдігінің алдындағы Ы.Алтынсариннің, А.Құнан-баевтың, «Үш би» ескерткіштері орналасқан аумағы 25 938 шаршы метр атауы жоқ саябаққа «Мәңгілік Ел» саябағы деген атау, Ж.Жабаев көшесінің бойындағы аудандық мәдениет үйінің алдындағы «Анаға тағзым» монументі орналасқан аумағы 16 400 шаршы метр атауы жоқ саябаққа «Анаға тағзым» саябағы деген атау, Ж.Жабаев пен Ө.Қалыбаевтың қиылысындағы (аудандық полиция бөлімінің жанынан) жаңадан салынған балалар ойын алаңындағы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші орналасқан аумағы 2776 шаршы метр атауы жоқ саябаққа «Бақытты бала» саябағы деп атау берілді. Сонымен бірге «Тәуелсіздік» даңғылы мен Н.Байғанин көшесінің қиылысындағы орналасқан аумағы 511 шаршы метр атауы жоқ саябақ «Жауынгерлер саябағы» деп аталса, «Тәуелсіздік» даңғылы бойындағы «Қарлығаш» бөбекжай бала-бақшасының жанындағы «Алпамыс батыр» ескерткіші орналасқан аумағы 16 400 шаршы метр атауы жоқ саябаққа «Батырлар саябағы» деген атау берілді. Адам өз елінің патриоты болуы үшін – елге белгілі тұлғаларын, тарихын тануы керек, сонда ғана ел мен жердің қадірін білетін боламыз. Сондықтан көше атауының адам өміріне әсері өте зор. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра беруіміз керек, — деді бөлім маманы.
Ол жуырда ғана «Қандыағаш қаласы әкімі аппараты» ММ-нің жанындағы жергілікті қоғамдастық жиыны өткізілгенін жеткізді. Осы жиын кезінде Қандыағаш қаласы бойынша атаусыз қалған 3 көшеге жаңа, қазақша атау берілген. Айталық, «Жаңақоныс» шағын ауданындағы бірінші көшеге мұғалжарлық соғыс ардагері Өтеш Жалмағамбетовтің, «Жаңақоныс» шағын ауданындағы ортаңғы көшеге соғыс ардагері, ұзақ жыл аудандық газетте редакторлық қызмет атқарған Нұрғали Тастанбаевтың, «Достық» мөлтек ауданының ортаңғы көшесіне Арыстан Мұқанбетқазиннің аты берілген.
Мейрамгүл Қонысбайқызы аудан тұрғындарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі 100 пайыз құрайтынын тілге тиек етті. Ал мемлекеттік органдардағы құжат айналымы, оның ішінде хат-хабарлар құжаттарының көрсеткіштерінің 2024 жылы жүргізілген мониторингке сәйкес мемлекеттік тілдегі үлесі 99,5 пайыз, «Еөтініш» ақпараттық жүйесіне жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштердің мемлекеттік тілдегі кіріс құжаттар үлесі – 91,9 пайыз, ал шығыс құжаттар үлесі 100 пайызды құраған.
-2025 жылдың 1-тоқсаны бойынша кіріс құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 97,6 пайыз болса, шығыс құжат айналымы 100 пайызды құрады. Ал жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштердің мемлекеттік тілдегі құжаттар саны — 92.8 пайыз. Сонымен бірге тіл саясатын іске асыру жөніндегі аудандық кеңесші тобы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қала көшелерінде ілінген көрнекілік құралдардың қазақ тілінде қатесіз жазылуына мән артып, бақылау жұмыстарын жүргізеді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бірнеше дүкендер мен сауда үйлерінің қасбетіндегі маңдайша жазулары жаңартылды. Сондай-ақ кеңес тобы тамақтану орындарын аралап, тұтынушыларға ұсынылатын ас мәзірінің қай тілде жазылғанын тексеріп, түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. Мұндағы мақсат – мемлекеттік тіл — қазақ тілінің қолданысын кеңейту. Бүгінде жүргізілген жұмыстар нәтижесін беріп, бірнеше тамақтану орындарында ас мәзірлері қазақшалануда, — дед ол.
Бөлім маманы Ақтөбе облысы бойынша 2025-2028 жылдар аралығында өзгертуді қажет ететін, қоғамда қайшы пікір тудырмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктер, олардың құрамдас бөліктер тізіміне сәйкес, өңір бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген, топонимикалық жүктемесі жоқ және жаңадан салынған атауы жоқ 35 көшені қайта атау мәселелері бойынша жұмыстарды оңтайландыру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
—Ең әуелі қала ішіндегі нысандар атауын бір жүйеге келтіруіміз керек. Қазір жүмыстар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік нысандарды атау ресми жолмен, талдаулар мен құптаулардың түрлі сатыларынан өтіп барып беріледі. Жергілікті тұрғындардың ұсынысынан бастап, облыстық ономастикалық комиссияның қарауына дейінгі аралықта жан-жақты қаралуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды кезең кезеңімен атқарып жатырмыз. Бірақ жекеменшік нысандарға келген кезде мәселе күрделенеді. Оған бізде ресми бақылау жоқ, сондықтан қалаішілік нысандарға атау берудің бақылауға бағынатын да, бағынбайтын да тұстары бар. Бүгінде ономастикаға байланысты стандарт дайындалуда. Алдағы уақытта арнайы стандартқа сәйкес, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады, — деді Мейрамгүл Қонысбайқызы.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ