Осы жылы Қостанай және Абай облыстарында расталған құтыру ауруымен екі жағдай тіркеліп, соңы өліммен аяқталған. Бұл туралы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов айтты.
Аталған екі жағдайда да тістеу белгілі үй жануарлары тарапынан орын алған. Алайда жәбірленушілер тістегеннен кейін медициналық көмекке жүгінбей, тек құтырудың клиникалық белгілері пайда болғаннанк ейін ғана жүгінген. Құтыруға қарсы алдын алу екпелері жүргізілмеген.
—Құтыру ауруы — аса қауіпті жұқпалы аурудың бірі. Ол адамның орталық жүйке жүйесін зақымдайды. Өкінішке орай құтыру ауруының емі табылмаған. Құтыру ауруымен адам және жануарлар ауырады. Негізгі инфекцияның көзі – ауру үй жануарлары, оның шінде 60-70% иттер, мысықтар болып табылады. Табиғатта құтыру ауруының қоздырғышының резервуары: қасқыр, қарсақ, түлкі, шакал, кеміргіштер және т.б. болады. Құтыру ауруының вирусы қайнатқанда, ультрафиолетті сәуле әсерінен, 2- 3% хлорамин ертіндісінен тез өледі, бірақ төмен, салқын температурада ұзақ сақталады. Құтыру вирусы ауру жануарлардың сілекейінде көп бөлінеді. Құтыру ауруына шалдыққан жануарлар тістегенде, жарақаттанған тері үстіне тигенде жұғу мүмкін. Вирус жарадан жұлын және миға еніп, солжерде көбейеді. Вирус ағзаға түскен уақыттан бастап аурудың белгілері пайда болғанға дейін тәулік және 1 жылдан астам уақыт өтуі мүмкін. Жасырын кезеңнің ұзақтығы тістеген орынға байланысты болады. Ең қысқажасырын кезеңжануарлардың бет, бас, саусақ мүшелерін тістегенде болады, — деді аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Мұратов.
Оның сөзінше, осы жылы ауданда құтырма ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты, тұрғындар арасында құтырма ауруы тіркелмеген. Дегенмен Мұғалжар ауданындағы емдеу — профилактикалық мекемелерге жануарлар тістеген және тырнаған 60 зардап шегушілер жүгінген. Олардың 42-сі иттерден, 14-і мысықтардан, 1-еуі жылқыдан, 1-еуі егеуқұйрықтан, 1-еуі тышқаннан, 1-еуі дала тышқанынан зардап шеккен. Жүгінген 60 адамның барлығына құтыруға қарсы екпе салынған. Сонымен бірге антирабиялық егуге 80 адам белгіленген, оның ішінде 22 адам толық курсын, 38 адамтолық емес курсын, 26 адам антирабиялық иммуноглобулин алған.
— Адамды кез келген жануар қауып, тістеп немесе тырнап алған жағдайда тез арада жергілікті жердегі дәрігерге көрінуі керек. Тіпті сырттай дені сау жануар тістеп немесе тырнап алған жағдайда да дәрігерге қаралу керек. Адамдарды тістеп алған ит, мысық және тағы басқа жануарларды емдейтін (ветеринарлық) мекемеге жеткізіп, 10 күн бойы бақылау керек. Адамды қапқан жануарды өлтіруге болмайды, өйткені бақылау қорытындысы бойынша алдын ала емдеу тактикасын таңдау қажет болады. Зардап шеккен адамды сақтандырудың бірден-бір шарасы — егу болып табылады, сондықтан ондай жағдайда дереу дәрігерге көріну керек. Егудің толық курсын алу қажет. Егілген адамға 6 ай ішінде ішімдік ішуге болмайды, сондай-ақ қатты суықтан және тым ыстықтан сақтанған жөн. Егулер ауырмайды, әрі жеңіл түрде өтеді, — деді ауданның бас санитариялық дәрігері.