Биыл 500 мың гектардан астам жер өңделуі тиіс. Қазіргі кезде жоспар 93% орындалды.
Ақтөбе облысы бойынша 513 мың гектар жер шегірткеге қарсы өңделуі тиіс. Бұл жұмыс шілде айының 10-15 күндері аралығында толық аяқталады.
— Егінге, шабындыққа, жайылымға қауіп жоқ. Шаруалардан да шағым түспеді. Қазір мен Ойыл ауданында жүрмін. Шөптің шығымы өте жақсы, шегірткеден қауіп көрінбейді. Әйтеке би, Хромтау және Ойылда улау жұмыстары жалғасып жатыр. Шегіртке шыққан кезде уланады, жаппай шығын жоқ. Тағы бір айта кетейін, 513 мың гектардың бәрін өңдеу мақсат емес. Шегіртке болмаса ол жерге у себілмейді,
— деді АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Асылхан Әбтиев.
Айта кетейік, улау жұмысы Ақтөбеде мамыр айында басталды. Ал былтыр Ақтөбе облысында 820 мың гектардан астам жер өңделді. Әсіресе Ресеймен шекаралас аудан ауылдарында дернәсілдер табылып, уланды.
Дереккөз: inform.kz