«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«АЛТЫН БЕЛГІ»:ТАБАНДЫ ЕҢБЕК ПЕН АСҚАҚ АРМАН

Биылғы оқу жылы да аяқталды. Ал түлектер болса қолдарына мектеп бітіргені туралы аттестаттарын алып, үлкен өмірге асқақ арманмен аяқ басты. Олардың ішінде білім көрсеткіштері жағынан жоғары нәтиже көрсетіп, атаанасының үмітін ақтап, «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегері атанғандардың қатары көп. Б Осы оқу жылының қорытындысы бойынша аудан мектептерін 672 түлек бітірді. Аудандық білім бөлімінің мамандары 2024- 2025 оқу жылында мектеп бітіруші түлектердің арасында 31 түлек «Алтын белгіге» және 38 түлек «Үздік аттестатқа» ие болғанын мәлімдеді. — Аудан мектептерінде жалпы 12 741 оқушы биылғы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 1156 оқушы 9-сыныпты бітіріп, куәлік алды, ал 1270 оқушы бастауыш сыныппен қоштасты. 5-8 және 10-сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында қазақ тілінен емтихан тапсырды. Мектеп бітірген 672 түлектің 668-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіріп, тест тапсыруда. Осы уақытқа дейін өткен сынақта жоғары нәтижелер көрсеткен оқушыларымыз бар. Соңғы тест 7 шілдеде өтеді, оның қорытындысын бірге көретін боламыз, — дейді аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жандос Байтақов.

Данира КӨЗДІБАЙ, Сағашилі ЖББОМ-нің түлегі: ТАБАНДЫЛЫҚ ӘРДАЙЫМ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ


Бұл жетістікке жетуімнің басты сыры – табандылық, уақытты дұрыс пайдалану және үнемі алға ұмтылу. Сабаққа деген жауапкершілігім мен ата-анам мен ұстаздарымның қолдауы зор әсер етті. Мен педагогика саласында жұмыс істеп, елдің дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға өз үлесімді қосқым келеді, яғни мұғалім болсам деймін. Бұл сала менің жүрегіме жақын, әрі қоғамға пайдалы бола алатынына сенемін. Алдағы жоспарым – Абай атындағы ҚазҰПУ-ға түсіп, таңдаған мамандығым бойынша терең білім алу. Жоғары білім алып, білікті маман атану – басты мақсатым. Сонымен қатар өз кәсібімді ашып, жаңашыл идеялар арқылы елімнің өркендеуіне атсалысқым келеді.

Есет СУЮНТАЕВ, А.Жұбанов атындағы ЖББОМ-нің түлегі: БІЛІКТІ ДӘРІГЕР БОЛСАМ ДЕЙМІН


«Алтын белгі» иегері атануымның сыры — қажырлы еңбек пен табандылықтың арқасы. Сондай-ақ айналамдағы жаныма жақын адамдардың қолдауы себеп болды. Мен болашақта адам өмірін сақтап қала алатындай, халықтың алдында беделді ақ халатты абзал жан – дәрігер болғым келеді. Мен ең алдымен ата-анама, отбасыма алғыс білдіремін. Жанымдағы жанашыр адамдар — достарыма, ұстаздарыма алғысым шексіз. Алдағы уақытта Астана медициналық университетінен білім алуды көздеп отырмын. Медицина саласын дамытып, емі жоқ аурулардың емін тапқым келеді. Негізгі мақсатым – үлкен дәрежедегі дәрігер болып, жанымдағылар көмек сұраса, қол ұшын соза алатындай, елге пайдам тиетіндей маман иесі болу.

Анель БОДАНҒАРА, №2 Ембі қалалық орта мектебінің түлегі: ЖАҚСЫ МАМАН БОЛУ — БАСТЫ МАҚСАТЫМ


Бүгінгі жетістігім — 11 жыл бойы әрқашан жанымнан табылған отбасымның арқасы. Маған оқуға деген мотивациямды ашқан ортама, әлі кездеспесек те жақынымдай болып кеткен алыс-қашықта тұратын достарыма алғысым шексіз. Кішкентай кезімнен бастап анамның оқытқаны да әсер еткен болар. Таңдап отырған мамандығым – халықаралық қатынастар және дипломатия. Бұйырған университетке түсемін, бірақ арманымдағы оқу орны – СДУ. Осы оқу орны өзім таңдаған мамандығыма жол ашады деп ойлаймын. Бірақ қызығушылық танытсам, мәдени мұраны дүниежүзіне танытуға, қазақ спортын барынша дамытуға да үлес қосқым келеді. Болашақта оқуымды жақсы аяқтап, жақсы маман иесі болу, ақша тауып, шетелдерді көру – мақсатым. Бұл асудан да өттік. Енді алда тағы бір биік күтіп тұр. Ол – білікті маман болу.

Ағлен ЕРКЕБАЙ, Саға ЖББОМ-нің түлегі: МАҚСАТЫМА ЖЕТУ ЖОЛЫНДА ЕҢБЕКТЕНДІМ


Менің «Алтын белгі» иегері атануым – бірнеше жылдық табанды еңбектің, тынымсыз ізденістің және өзіме деген сенімнің нәтижесі деп ойлаймын. Әрдайым мақсат қойып, соған жету жолында талмай еңбектендім. Сабақ оқумен қатар өзімді дамытуға да уақыт бөлдім. Ең бастысы – ешқашан берілмедім. Болашақта қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғым келеді. Қазақтың тілі мен әдебиетін шын жүрегіммен жақсы көремін, сол себепті өз білімімді келешек ұрпаққа жеткізгім келеді. Ең алдымен атаанама үлкен алғысымды айтқым келеді. Олар әрдайым менің жанымнан табылып, демеу болды. Сонымен қатар ұстаздарыма ерекше алғыс айтамын. Олар маған білім беріп қана қоймай, адам ретінде де қалыптасуыма үлкен үлес қосты. Алдағы уақытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне түсіп, сол жерде білім алуды жоспарлап отырмын. Бұл менің арманымдағы оқу орны, әрі таңдаған мамандығым үшін ең дұрыс шешім деп есептеймін. Мен білім саласында жұмыс істеп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосуды армандаймын. Себебі ұстаз – елдің болашағын тәрбиелейтін тұлға. Сол себепті қазақ тілі мен әдебиетін оқыта отырып, елін сүйетін, рухы мықты жастарды тәрбиелеуге атсалысқым келеді. Болашақтағы ең үлкен мақсатым — білікті мұғалім болу. Балалардың жүрегіне жол таба алатын, білім мен тәрбие бере алатын ұстаз болғым келеді. Сонымен қатар өзімді үнемі дамытып, елімнің өркендеуіне үлес қоссам деймін.

Аяжан САДУАҚАС, Талдысай ЖББОМ-нің түлегі: АРМАНЫМ САЯСАТКЕР БОЛУ


Менің мақсатым — тынымсыз еңбек, талмас қайрат, білуге, тануға деген құштарлық. Сонымен бірге өзім бөлшегі саналатын қоғамға пайдамды тигізу. Менің таңдап отырған мамандығым – саясаттану. Адамның арманы көп қой, ал менің арманым Астана қаласындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсу. Қоғамдағы келелі мәселелерді оңтайлы шешуге үлес қосқым келеді. Сол үшін де мамандығымды осы салаға жақын таңдадым. Алдағы уақытта грант иегері атанып, 4 жылдық оқуымды үздікке аяқтауды көздеп отырмын. Білімімді жетілдіру үшін өзімді біршама салада сынағым келеді.

Ақбота ҚОЙШЫБАЙ, Қайыңды ЖББОМ-нің түлегі: «АЛТЫН БЕЛГІ» — ЕҢБЕКТІҢ НӘТИЖЕСІ


Мен үшін «Алтын белгі» — ерекше дарынымның емес, табанды еңбектің жемісі. Әр күнгі сабақты жібермей, тапсырмаларды уақытында орындауға тырыстым. Қиын сәттер болды, кейде шаршап, сенімсіздікке де бой алдырдым. Бірақ сол сәттерде де қолымнан келгенін жасаудан бас тартпадым. Бұл жолда менің жанымда әрдайым қолдау көрсетіп, сенім артқан ата-анам мен ұстаздарымның рөлі зор. Сол себепті бұл жетістікті тек өз еңбегім емес, мені қолдаған жандармен ортақ табыс деп есептеймін. Өзім қалаған полиция қызметкері болу арқылы қоғамға нақты пайда әкелемін деп сенемін. Себебі елдегі қауіпсіздік пен қоғамдық тыныштық — әрбір азаматтың сенімді өмір сүруінің негізі. Өзімді осы салаға арнау арқылы елім мен халқымның алдындағы борышымды өтеуді мақсат тұтамын. Бұл мамандық менің жеке қасиеттеріме де сай келеді деп ойлаймын: сабырлылық, әділдікке ұмтылу, жауапкершілік жәнежүктелген істі соңына дейін жеткізу.
Осы күнге жетуіме себеп болған ең үлкен тірегім — ата-анам. Олар әрдайым маған сеніп, руханиқолдау көрсетті. Кейсәттерде “қолыңнан келеді” деген қарапайым сөздің өзі мен үшін үлкен жігер болды. Олар тек материалдық емес, ең алдымен моральдық жағынан демеу бола білді.
Ұстаздарыма деген алғысым шексіз. Олар тек білім беріп қана қоймай, өмірлік ұстанымдар қалыптастыруымаықпал етті. Әр кеңесі мен ескертуі — мен үшін маңызды сабақ болды. Алдағы уақытта М.Бөкенбаев атындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ақтөбе заң институтында білім алуды жоспарлап отырмын. Бұл оқу орны – құқық қорғау саласына қажетті сапалы білім беретін, тәртіп пен жауапкершілікке баулитын мекеме. Мұнда тек теориямен шектелмей, тәжірибелік білімге де үлкен көңіл бөлінеді. Бұл менің мақсат-мұратыммен толық үйлеседі.

Хадиша КӨНЕБАЕВА, Сағашилі ЖББОМ-нің түлегі: СЕНІМ МЕН ТАБАНДЫЛЫҚ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ


Үнемі өз-өзіме сеніп, ешқашан енжарлыққа салынбай, алға ұмтылғанымның арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздім деп ойлаймын. Болашақта медицина қызметкері немесе биология пәнінің мұғалімі болып, адам өміріне тікелей әсер ететін салаларда еңбек еткім келеді. Алдымен маған үнемі қолдау білдіріп, демеу көрсеткен ата-анама алғыс айтқым келеді. Қазір нақты университет таңдаған жоқпын, бірақ Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының біріне оқуға түсу жоспарда бар. Басты арманым – сапалы білім алып, өз ісінің білікті маманы болып, елге пайдамды тигізу.

Әсем ӨТЕМІСОВА, Ембі қалалық №1 ЖББОМ-нің түлегі АЛТЫН БЕЛЕСКЕ ЖОЛ АШҚАН АРМАН МЕН ЕҢБЕК


Мектепте қашанда әрбір пәнге үлкен жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденісте болдым.Менің ең үлкен тірегім, әрі шабыт берген жандарым — ата-анам. Олар менің әрбір жетістігімнің артында тұрған шынайы батырлар. Қиын сәттерде қолдап, сенімін жоғалтпай, үнемі жігер беріп отырды. Сонымен қатар менің білімімді тереңдетіп, жанашырлық пен бағыт берген «Қазақстан тарихы» пәнінің мұғалімі — Гүлмайрам апайыма және әрқашан қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесімен дем берген сынып жетекшім Әсел Алтынбайқызына да зор ризашылығымды білдіремін.
Болашақ мамандығымды халықаралық қатынастар саласымен байланыстырдым. Бұл бағыт маған ел мен ел арасындағы байланысты нығайтуға, Қазақстанның мүддесін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді деп сенемін. Осы арманыма жету жолында Астанадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түсу — басты жоспарым. Себебі бұл оқу орны халықаралық қатынастар саласындағы беделді білім ордаларының бірі саналады. Алдағы уақытта әлем елдерін аралап, әртүрлі мәдениеттер мен тәжірибелерден үйреніп, шетелде білімімді жетіл — діргім келеді. Кейін осы жинақтаған білімімді туған елім — Қазақстанның дамуына арнағым келеді.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Жыл қорытындысы: Күре жолдан бастап энергия көздерімен жабдықтауға дейін – Қазақстан инфрақұрылымы қалай жақсаруда

admin_mugalzhar

ЖЕҢІСПЕН КЕЛДІ БАЛАЛАР

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРДЫҢ ҚАЛА КҮНІНЕ ТАРТУЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.