АҚЫН АБАЙДЫҢ СӨЗІМЕН АЙТСАҚ, «ҚЫРАН БҮРКІТ НЕ АЛМАЙДЫ, САЛСА БАПТАП» ДЕП ЖҮРГЕН БҮГІНГІ ҚҰСБЕГІНІҢ БІРІ — ЖАҒАБҰЛАҚТЫҚ НЫСАНБЕК ҚАРТБАЙ. АТА КӘСІПТІ ЖАҢҒЫРТЫП, КӨНЕ ӨНЕРДІ ҚОЛҒА АЛҒАН БҮРКІТШІ ЖІГІТ ОРДА БҰЗАР ОТЫЗҒА ТОЛМАЙ-АҚ ОСЫ ҚҰСБЕГІЛІКТІ СЕРІК ЕТІП, СЕГІЗ ЖЫЛ БОЙЫ ҚЫРАН БАПТАУДЫҢ ҚЫР-СЫРЫН ҮЙРЕНІП, САЯТШЫЛЫҚТЫҢ САЛТЫН ҰСТАНЫП ЖҮР.
Қазақта жүйрік ат, алғыр тазы, қыран бүркіт, айлалы сұңқар, болат қақпан — бәрі де ер жігіттің қонған бақберекесі саналған. Әсіресе, қыстың қақаған күнінде аңға шығып, олжамен оралған аңшы елге қорекпен ғана емес, рухани серпіліспен оралатын болған. Саятшылықтың қадірі де сонда. Бұл тіршіліктің аласапыран сәтінде ер азаматтың бойын сергітетін, ойын шыңдайтын, ерік пен ептілікке баулитын шынайы өнер, — деп бастады өз сөзін саятшы жігіт.
-Жалпы қолға бүркіт алып, баптау — бала күнімнен арманым болды. Қазақ «аңшылық — ердің ермегі» дейді ғой. Осы салаға келуіме маңғыстаулық танымал бүркітші Мереке Өтеғали ағамыз себепші болды. Ол кісіні әрі ұстазым, әрі ақылшым десем де болады. Құсбегілік — біздің отбасымыз үшін таңсық кәсіп. Ал аңшылықпен нағашы жұртым мен өз жұртым да айналысқан. Мен бұл істі таза нөлден бастадым. Балапан баптау, түз бүркітін қолға үйрету — бәрін кітаптан оқып, тәжірибемен ұштастырдым, — дейді Нысанбек Атабергенұлы.
Құсбегілік жолы шыдам мен білімді, шеберлік пен мейірімді қатар қажет ететін үрдіс. Мұны Нысанбек те жақсы біледі.
—Бүркітті екі жолмен қолға алады. Бірі — ұядан алынған балапан күйінде, екіншісі — түзде тор арқылы ұсталған бүркіт. Балапан бүркітті ұядан алған соң, қанаттары жетіліп, өсіп, ет жинағанша күзге дейін күтіп-баптаймыз. Қыр-күйектен бастап баулу жұмысы басталады. Басына томаға кигізіп, аяғына балақ бау тағып, тұғырға отырғызуға, қолға келуге, жем жеуге үйретеміз. Бұл — өте нәзік кезең. Ұрып-соғу, зекіру — мүлде болмайды. Себебі бүркіт өте кекшіл құс. Бір ренжітіп алсаң, қайта баптауға көнбей қалуы мүмкін, — дейді Нысанбек.
Ал түз бүркітін қолға түсірген соң, оны бірден жуасытып ала алмайсың. Ол еркіндікті сүйетін, асау табиғаттың өзі. Оны алғашқы күндері ырғаққа отырғызады. Яғни әткеншек секілді тербелетін құрылғыға отырғызып, бірнеше күн бойы ұйықтатпай, әлсіретіп, шаршатады. Кейін бүркітші киімінің тері сіңген орамына орап, бірер сағат тынықтыртады. Осылай сенімге ие болу арқылы ғана адаммен байланыс орнайды.
—Бір қозғалысың оғаш болса, шошып кетіп, үркіп қалуы мүмкін. Ал үріккен бүркітті қайта жуасыту өте қиын. Кейде тіпті ешқашан қолыңа үйренбей кетеді. Сондықтан құсбегілік тек батылдық емес, ең әуелі шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді, — дейді құсбегі.
Нысанбектің айтуынша, бүркітті бірден аңға салмайды. Алдымен «шырға тарту» әдісін қолданады. Шырға дегеніміз — аң терісімен қапталған қуыршақ секілді жасанды аң. Оған ет байлап, құсты соған шабуға үйретеді.
—Бұл тәсіл бүркіттің шабуыл қабілетін дамытуға, шапқан аңмен етті байланыстыру рефлексін қалыптастыруға арналған. Қауіпсіз де тиімді. Құс тірі аңмен арпалыспай-ақ, үйрену машығын қалыптастырады. Бұл құсбегілік өнеріндегі негізгі жаттығулардың бір. Жалпы бүркітті ат үстінде шақыру, қырдан төмен ұшырып, қайта қолға қондыру, алыстан аңға салу бәрі біртіндеп баулу арқылы жүзеге асады, оның аспандағы әр қадамы есеп пен ептіліктің көрінісі, — дейді бүркітші.
Саятшылық жыл он екі ай жалғасатын кәсіп емес. Көктем мен жаз — демалыс маусымы. Бұл кезеңде құс түлеп, жаңа қауырсын шығарады. Бұл уақытты «түлекке қою» дейді. Бүркітші жігіттің айтуынша, құсбегілік те бір ғылым.
— Наурыздан бастап қыркүйекке дейін бүркітке балақ бау салмай, еркіндікке жібереміз. Жақсылап семіртіп, тағамын уақытында береміз. Қатты семіріп кетсе, не қатты арықтап қалса, қауырсын тастамай қояды. Сондықтан ерекше бақылау қажет, — дейді ол.
Қыркүйекте құсты қайта қолға алып, 30-45 күн жаттықтырып, аңшылық маусымына дайындайды. Ал қазан айынан ақпан-ға дейін аңға шығады.
— Қанжығамызға қоян, қарсақ, түлкі байлаған күндер болды. Десе де қасқыр-ға әлі салып көрген жоқпын. Әрине, оны салар бүркіт — өте күшті, тәжірибелі болуы керек, — дейді саятшы.
Әңгіме барысында құсбегі жігіт «Қарагер» атты бүркітінің бірде қоян ұстап, жемтігін қызғанып, өзіне шабуыл жасағанын да еске алды.
—Қолымда биялайым болмаса, бәлкім, аман қалмас па едім. Құсым өз жемтігін ешкімге бергісі келмей, шабуылдады. Сол кезде бүркіттің аяғының күші қандай екенін шындап сезіндім. Көп адам бүркіт шоқып алады деп ойлайды. Жоқ, бүркіт аяғымен бүреді. Сондықтан ең қауіпті жері тырнағы, — дейді ол.
Құсбегі ел бойынша өтіп жатқан жарыстарға әлі қатыспапты. Қатысқысыақ келеді, бірақ барлығы қаржыға келіп тірелетін болғасын әзірге ол мүмкін болмай тұр.
— Әрине облыста, одан әрі елде болып жатқан түрлі жарыстарға баруды армандаймын. Бірақ сол жарыстарға қатысу үшін демеуші керек-ақ. Жалпы құсбегілікті дамыту қажет деп санаймын. Әр ауданда осындай өнер иелері болса, бұл ұлт болашағы үшін үлкен үлес болар еді. Тіпті мектептерде де арнайы үйірмелер болса, артықтық етпес еді. Кейде бәзбіреулер құс өсіремін деп, дұрыс баптай алмай, өлтіріп алып жатады. Бұл – тіршілік иесіне жасалған қиянат. Себебі құсбегілікке хобби ретінде қарауға болмайды. Кез келген істі қолға алғанда алдымен жауапкершілік жүгін сезіну қажет. Сол кезде ғана жұмыс жүреді, — дейді ол.
Бүркіт — сұңқар тәрізділер отрядына, қаршыға тұқымдасына жататын үлкен құс. Көбінесе тоғайлы және таулы жерде тіршілік етеді. Биік ағаштар мен зәулім жар тасқа ұя салып, 1-2 жұмыртқа табады. Орта Азияда, Қазақстанда бүркітті қолға үйретіп түлкі, елік, қарақұйрық сияқты аңдарға салады, шабыты түскен кырағы бүркіттер қасқырды да алады, ашынғанда адамға да түседі. Оның денесінің ұзындығы — 93 см болады. Ал ол қанатын құлаш жайғанда қанатының ұзындығы 2,4 метрге жетеді. Олар үшкір ілмек тұмсықты, ұзын қанатты және тырнағы күшті мықты аяқты келеді Ересек құстардың қауырсыны қоңыр-қара болады. Сондай-ақ, мойнында және басында алтын түсті қауырсындары болады. Бірақ балапандар мен жас құстар аздап өзгеше түсті келеді. Олардың құйрығы ашық түсті болады және қанаттарында ақ дақтар бар.
P.S. Қазақ барда саятшылық өлмек емес. Қыран баптап, жүйрік ат мініп, алғыр тазы жүгірткен ел ұлылығынан айырылмайды. Құсбегілік — дала философиясы, ұлттық сана, рухани тамыр, атадан жеткен дәстүр. Бүгінгі Нысанбек сынды азаматтар осы дәстүрдің жалғасы. Ал осындай азаматтарға қолдау көрсету — ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ