Қандыағаш қаласында көлік прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасы инвесторлармен ашық диалог алаңын ұйымдастырды. Жиында өңір үшін маңызды цемент зауыты жобасы таныстырылып, оны жүзеге асырудың құқықтық және әкімшілік мәселелері талқыланды.
Кездесуге «KazCement» ЖШС-нің атқарушы директоры Нұрсұлтан Ниетов және аудандық кәсіпкерлер кеңесінің белсенді мүшесі Ләззат Алмашева, Қандыағаш көлік прокуратурасының аға прокурорлары Мейрамбек Қойлыбаев пен Ахмет Байтұрсынов, сондай-ақ «Атамекен» палатасының Мұғалжар аудандық филиалының директоры Көмекбай Бектұрғанов қатысты.
Инвестор цемент зауыты жобасы бойынша жан-жақты ақпарат берді. Өндіріс орны Қандыағаш көлік прокуратурасы қызмет көрсететін аумақтағы Кенжалы станциясынан 6 шақырым жерде бой көтермек.
Жоба толық жобалық-сметалық құжаттармен қамтылған, қажетті рұқсаттар алынған. Зауытты іске қосу 2026 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған. Инвестиция көлемі — 200 млн АҚШ доллары. Құрылыс кезеңінде 500 адам еңбекпен қамтылса, зауыт толық қуатына шыққанда 250 жергілікті тұрғынға тұрақты жұмыс орны ашылады. Өндірістік қуаты — жылына 1,2 млн тонна цемент өндіру.
Кездесу барысында кәсіпкер жоба аясында туындап отырған бірқатар мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде көлік прокуратурасының өкілдері инвестордың заңды құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.
—Кәсіпкерлер мен инвесторларды қолдау – прокуратура органдарының басты бағыттарының бірі. Біз бизнеске әкімшілік қысымды болдырмау және ашық диалог орнату мақсатында тұрақты жұмыс жүргізіп келеміз, — деді Мейрамбек Қойлыбаев.
Ал Көмекбай Бектұрғанов өз сөзінде Палатаның ауданға инвестиция тарту мен кәсіпкерлік экожүйесін дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.
—Мұндай кездесулер – бизнестің мәселесін нақты шешуге жол ашады. Құзырлы органдармен бірге жұмыс істей отырып, біз инвестициялық климатты жақсартуға нақты үлес қоса аламыз, -деді ол.
Кездесу көлік прокуратурасы мен Кәсіпкерлер палатасы арасындағы серіктестіктің нақты көрінісі болды. Ол кәсіпкерлік құқықтарын қорғауға және өңірде бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірлескен іс-қимылдардың нәтижелі жалғасы болмақ.