ЕҢБЕК МАЙДАНЫНДА ТЕР ТӨГІП ЖҮРГЕН ЖҰМЫСШЫ ЖАНДАР КӨПТІҢ КӨЗ АЛДЫНДА ЖҮРМЕУІ МҮМКІН. ДЕСЕ ДЕ ЕЛДІҢ ДАМУЫ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕКТЕ СОЛ ЖАНДАРДЫҢ ҮЛЕСІ ЗОР. БІЗДІҢ БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІМІЗ, МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНДАҒЫ АУЫСЫМ БАСШЫСЫ, ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАН АСЛАН ДӘРМЕНОВ ТЕ СОЛ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ БІРІ.
Зауыт қақпасынан кірген сәттен-ақ мұнайдың өзіне тән иісі мұрынға келді. Алып қондырғылар гүрілдеп, құбырлар арқылы үздіксіз қозғалыстағы қара алтынның тынымсыз тіршілігін сездіреді. Бір шетте жұмысшылар дәнекерлеу жұмыстарымен айналысып жатса, енді бір жерде операторлар пульт алдынан көз алмай, көрсеткіштерді қадағалап отыр. Мұнай өңдеу зауытының әр бұрышында қызу жұмыс жүруде. Осы қарбалас ортаның қақ төрінде ауысым басшысы Аслан Дәрменов жүр.
Оның әр жұмыс күні ұжымның қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын ұйымдастырудан басталады. Ол Қандыағаш қаласында орналасқан «Meeras» ЖШС-де еңбек етеді.
Сонау 2006 жылы осы зауытқа оператор болып жұмысқа орналасқаннан бері 19 жыл бойы бір салада үздіксіз еңбек етіп келеді. Кіргеннен кейін бірнеше жыл ішінде өз ісінің шебері ретінде таныла білді. Алғашқы үш жылда оператор болып еңбек етіп, кейін аға оператор қызметіне көтерілді. Осы қызметте 2009- 2013 жылдар аралығында еңбек етіп, өндірістің барлық қыр-сырын меңгерді. Ал 2013 жылдан бері ауысым басшысы қызметінде жүр. Оның кәсіби тәжірибесі мен жауапкершілігі ұжымда үлкен құрметке ие.
—Күнделікті жұмысымды ұжымның қауіпсіз және үздіксіз жұмыспен қамтамасыз етілуін қадағалаудан бастаймын. Операциялық процестің дұрыс жүруін, жұмысшылардың тапсырмаларды уақытылы орындауын және жабдықтардың қалыпты жұмысын қадағалаймын, — дейді Аслан Дәрменов.
Ауысым басшысы алдымен алдыңғы ауысымнан тапсырма қабылдап алады. Одан кейін техникалық параметрлерді тексеріп, жабдықтарда ақау бар-жоғын қарайды. Өндірістік цехтармен, зертхана, жөндеу қызметтері, энергия цехы және қауіпсіздік бөліммен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жұмысшыларға тапсырма беріп, кесте бойынша бақылау жүргізеді. Егер ақаулар анықталса, оларды дер кезінде шешу жолдарын қарастырады. Қауіпсіздік техникасы — ауысым басшысының басты назарында. Жұмыс алдында қызметкерлерге қауіпсіздік нұсқауларын еске салып, қорғаныс құралдарын қолдануын қадағалайды.
—Төтенше жағдай туындаса, жұмысшыларды алдымен қауіпсіз аймаққа көшіремін. Содан кейін жағдайды басшылыққа және төтенше жағдайлар қызметіне хабарлап, апатты тоқтату немесе оның салдарын азайту бойынша әрекет жасаймын, — дейді ол.
Мұнайды бастапқы айдау және ректификация кезеңі барлық өндірістік процестің негізгі бөлігі болып табылады. Ауысым басшысы күн сайын жабдықтарды визуалды тексеріп, манометр, датчик, автоматика жүйелерінің көрсеткіштерін бақылап отырады. Кез келген ауытқуға дер кезінде әрекет етеді. Сонымен қатар диспетчерлік есептер арқылы тәуліктің өндіріс көлемін, қысым, температура мен сапа көрсеткіштерін қадағалап отырады. Бұл – өндірістің тұрақты және сапалы жүруін қамтамасыз ететін маңызды міндеттердің бірі. Кейіпкеріміз басқаратын ауысым құрамында 14-16 адам еңбек етеді. Олар — операторлар, аппаратшылар, электриктер, слесарьлар, тепловоз машинистері, пойыз құрастырушылар, зертхана сынақшылары.
Әр мамандықтың өзіндік орны бар. Ауысым басшысы олардың жұмысын үйлестіріп, әрқайсысының өз міндетін дұрыс атқаруын қадағалайды. Сондай-ақ жұмысқа жаңа қосылған жұмысшыларды алғашында тәжірибелі мамандарға бекітіп, алғашқы аптада қатаң бақылауда ұстайды. Қажетті нұсқаулықтармен таныстырып, технологияны практикада үйретеді.
— Ұжымдағы қарым-қатынас ашықтық пен адалдыққа негізделуі керек. Әр жұмысшыны тыңдай білу және кез келген жағдайға сай әрекет ету — маңызды, — дейді мұнайшы.
Аслан Дәрменовтың айтуынша, ауысым басшысы болу — үлкен жауапкершілікті талап ететін іс.
— Кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдау, апатты болдырмау немесе оның зардабын азайту — біздің басты міндетіміз. Бұл кейде жауапкершілікті талап ететін жұмыс болуы мүмкін, бірақ мұнай өңдеу саласының маманы үшін бұл қалыпты жағдай, — дейді ол.
Осылайша, мұнай өңдеу зауытында еңбек етіп жүрген ауысым басшысы Аслан Дәрменовтың жұмысы жұмысшы мамандықтарының қоғам үшін қаншалықты маңызды екенінің айқын дәлелі. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында осындай еңбек адамдарының үлгісін дәріптеу — жас ұрпақты кәсіби шыңдалуға, өз мамандығына адал болуға тәрбиелейді.
Қазіргі таңда өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірі саналатын «Meeras» ЖШС-нің тарихы тереңде жатыр. Бұрын кәсіпорын «Вернал Ойл Казахстан» деген атаумен белгілі болған. Кейін компания жаңа даму кезеңіне қадам басып, қазіргі «Meeras» атауын иеленді. Бұл зауыт өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отырған маңызды кәсіпорындардың бірі. Мұнай өңдеудегі жаңа технологияларды қолдана отырып, зауыт еліміз үшін маңызды өнімдер өндіреді.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ