«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қазақстанда балаларға қатысты ауыр қылмыс саны азайды – Динара Зәкиева

Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 18%-ға азайды, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ғана көзделген педофилия фактілері 24%-ға төмендеді.

Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған болатын. Осыған байланысты Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Президент тапсырмасының қалай жүзеге асып жатқаны жөнінде баяндады,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Зәкиева осы уақыт аралығында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тұтас жүйені қалыптастыру үшін қажетті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданғанын атап өтті.

Қазір әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар құрылып, қорғаншылық органдарының қызметкерлері саны артып келеді.
Мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR 111 жүйесі арқылы балалармен тікелей байланыс орнату тәсілі енгізілді.

Бүгінгі басты міндет – қабылданған барлық шараларды сапалы жүзеге асыру. Осы бағытта Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлескен ауқымды жұмыс жүргізілуде. Аймақтарда осы шараларды іске асыру барысында біз шешімді қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, қысқа уақыт аралығында орын алған оң өзгерістерді де көріп отырмыз, – деді Зәкиева.

Омбудсмен ұсынған соңғы 9 айдағы дерекке сәйкес, Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 18%-ға азайды, ал өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ғана көзделген педофилия фактілері 24%-ға төмендеді. Сәйкесінше, «Адам өлтіру» 22 пайыз, ал «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелген» баптар бойынша қылмыстар саны 50% азайған.

– Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы қабылданған шаралардың тиімділігінің айғағы. Алайда әр статистикалық көрсеткіштің артында бір баланың тағдыры тұр. Біздің мақсатымыз – әр баланың өмірі үшін күресу, мұндай қылмыстардың мүлде болмауы үшін барлық күш-жігерімізді салу, – деді Динара Зәкиева.

Балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Барлық өңірде Психологиялық қолдау орталықтарының ашылуы және біртұтас профилактикалық бағдарламаның енгізілуі жағдайды тұрақтандыра бастады.

Кейінгі 10 жылда алғаш рет Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының айтарлықтай азаюы тіркелді.

– Балалар суицидтерінің 60%-ы отбасындағы қиын қарым-қатынастармен байланысты. Сондықтан бізге келіп түсетін немесе балалар өз өмірлерін қию алдында қалдырып кететін мыңдаған хаттар мен хабарламаларға сүйене отырып, өз отбасынан түсіністік пен жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, мен ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу жасағым келеді. Балаға ең керегі –  сіздердің махаббаттарыңыз, қамқорлықтарыңыз және түсіністік танытуларыңыз. Бала әрқашан сіздердің оның қасында екенін, оның жалғыз еместігін, қандай жағдай болмасын отбасының қолдауы мен қорғауын сезінуі керек, –  деп мәлімдеді Динара Зәкиева.

Ұқсас ақпараттар

Құдайберген Жұбанов ХАКІМ АБАЙ ЖАЙЫНДА

admin_mugalzhar

Елімізде 1,9 миллион адамның табысы артады

admin_mugalzhar

Оқу-ағарту министрлігі 1450 нөмірі бойынша білім беру мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығын іске қосты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.